Қазақстанда баспана бағасы арзандай ма - сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таяу уақытта тұрғын үй нарығында қандай жайт орын алуы мүмкін? Баспана бағасы түсуі мүмкін бе? Дәл осы мәселелерге қатысты Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин жағдайында жылжымайтын мүлікке сұраныс кейінге қалып жатыр. Өкінішке қарай, сатушылардың басым бөлігі оқшаулану кезеңінде және қалада жүріп-тұруға енгізілген шектеуге байланысты сату жарнамаларын алып тастады. Бұл бір жағынан нысандарды көрсету мүмкіндігінің жоқтығына және қауіпке де байланысты», - дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы жылжымайтын мүлікке бағаның төмендеу мүмкіндігіне де қатысты пікірімен бөлісті.

«Экономикадағы қазіргі ахуал барлық бизнестің табысына қатты әсер ететіні түсінікті болып тұр. Демек, жекелей алғанда әрбір отбасының кірісіне және экономикалық жағдайына әсер етеді деген сөз. Тауарлар мен қызметтердің бағасы сұраныс төлем қабілетінің ықпалымен және нарықтағы ұсыныстармен қалыптасады. Ал төлем қабілеті қатты зардап шекті және таяу арада оңала қоймайды. Таяу уақытта экономиканың белсенділігі жанданып, кәсіпорындар, шағын және орта бизнес жұмысын бастағанға дейін 2-3 ай өтеді. Содан кейін барып нысандарға арналған мәміленің бағасы біршама айқындалып қалады. Қазіргі кезеңде тараптардың әрқайсысы өз қажеттілігіне қарай ойлайды. Сатушылар доллардың бағасы көтерілгеніне арқа сүйеп, бағаны тым жоғары көтеріп жіберсе, сатып алушылардың басым бөлігі доллар бағамының көтерілгенін келтіріп, бағаны негізсіз төмендетеді. Менің болжамымша, жылдың соңына дейін баға төмендеуі 7-10 пайызға жетіп қалады», - дейді Нина Лукьяненко.

Сарапшы нарықта тұрғын үй шамадан тыс көп деген пікірге қатысты ойын білдірді.

«Мен олай ойламаймын. Пәтерге сұраныс болды, болады және бола бермек. Адамдар дүниеге келеді, өмірден озады, қоныс аударады, көшіп кетеді, бас қосады және ажырасады. Тұрғын үй айналымы барлық уақытта болады. Бұған қоса, жылжымайтын мүлік нысандары өз активіңді сақтаудың және көбейтудің басты тәсілдерінің бір болып қала беретінін де естен шығармау керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар