Қазақстанда банк активтерінің сапасына кешенді тәуелсіз бағалау жүргізіледі
Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Тексеруге банк жүйесіндегі барлық активтің 87% құрайтын 14 банк енгізілген. Биылғы шілде айының соңына дейін халықаралық консультант - Oliver Wyman компаниясымен бірлесіп, Еуропа орталық банкінің әдістемесін бейімдеу жұмысын аяқтаймыз», - деді Ерболат Досаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14 банкке қатысты жұмыстың қалай жүргізілетінін сұрады.
«Бұл – шетелдік қатысушылары бар қазақстандық банктер. Еуропа орталық банкінің әдістемесін бейімдеу жұмысы 29 шілдеге қарай аяқталады. 1 тамыздан бастап банк активтерін бағалауға көшеміз. Бұл жұмыс биыл қарашаның соңында немесе желтоқсан айының басында аяқталады. Әрі қарай Үкіметпен бірлесіп, банк активтерін бағалау қорытындысы бойынша шаралар мен ұсынымдарды ескеріп, алдағы 2-3 жылда өткізетін шаралардың арнайы жоспарын құрамыз. Банк активтерін бағалау инвестор тартуға және Қазақстанның банк жүйесінің беделі мен сенімін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», - деді ол.
Айта кетейік, елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктердің басшылары қатысуда.