Қазақстанда балық өсіруде қандай ірі жобалар іске қосылады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл балық өсіру көлемі 129 мың тонна болатын 32 жобаны іске асыру басталды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Индустриялық балық өсіру инвестициялық жобаларымен қатар, табиғи су қоймаларын пайдалана отырып, жобаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Биыл жаңа 113 көлде балық өсіру және тор шаруашылықтары құрылды», - деді А.Пірімқұлов.

Оның айтуынша, олардың есебінен шамамен 5,8 млрд теңге жеке инвестициялар тартылып, бір мыңға дейін жұмыс орындарын құра отырып, жылына 10 мың тоннаға дейін балық өсіріледі деп жоспарланып отыр.

«Бұдан басқа, биыл балық өсіру көлемі 129 мың тонна болатын 32 жобаны іске асыру басталды. Олардың аяқталу мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейін. Шамамен 182 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр», - деді вице-министр.

Осы орайда ол ең ірі жобалар туралы баяндап берді.

«Аквафактория» ЖШС Ақмола облысында бекіре өсіру жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қарызды сақтандыру мәселесі шешілуде. Бұл құрылысты бастау үшін 2,7 млрдтеңге көлемінде қарыз қаражатын пайдалануға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аумағында қуаты тәулігіне 300 тоннаға дейін балық азығын өндіретін зауыт салу жобасы бойынша бүгінде жердегі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Әзербайжан, Германия және Израиль мамандарын тарта отырып, жобалау аяқталады. Инвестиция көлемі - 30 млрдтеңге.

«5 жоба бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Алматы облысында 2 жоба бойынша су айдындары бекітілген», - деді А.Пірімқұлов.


Соңғы жаңалықтар