Қазақстанда балық өсіру шаруашылығының жағдайы қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы орысында депутат Ерлан Саиров елімізде балық өсірудегі проблемаларды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқы жан басына шаққанда балықты аз тұтынатын ел болып есептеледі. Мәселен, егер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіден аз. Өз кезегінде көрші Ресей мен Қытайда бір адам тиісінше 20-40 келі балық алады. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Қазақстанда балық аулау көлемі жылына 100 мың тоннаға дейін жеткен. Бүгінде балық аулау 46 мың тонна көлемін әрең еңсереді», - деді Е. Саиров Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, табиғи су қоймаларындағы балық қорларын пайдаланудың өз шегі бар, ал көптеген су айдындарында балық ресурстарының төмендеуі байқалады. Балық өнеркәсібін ұлғайтудың перспективалы бағытының бірі - су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге қайта бағдарлау.
«Қазақстанның балық өнеркәсібі бүгінде көршілес Өзбекстаннан артта қалып тұр. Өзбекстанда 2016 жылғы статистика бойынша 75 мың тонна балық қолдан өсірілді. Қазақстан бүгінгі күні бар-жоғы 6,8 мың тонна балық өсіреді. 2020 жылы Өзбекстан 144 мың тонна балық өсіріп және аулаған, ал біздің елде бұл көрсеткіш 52,7 мың тонна. Қолда бар су ресурстарын ескере отырып, Қазақстанда балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін өсіру үшін зор әлеует бар, экспорт көлемін 10 есеге арттыруға болады. Бұл кемінде 50 мың қосымша жұмыс орындарын құруға, әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады», - деді депутат.
Осы орайда ол қабылдануы керек қадамдарды айтты:
1.Су биологиялық ресурстарды зерделеу, сақтау және молықтыру жөніндегі ғылыми- зерттеу жұмыстарын қолдау шараларын әзірлеу.
2.Тауарлы балық өсіруді қолдау, аквамәдениет пен балық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың қаржылық қолдау құралдарын ескеру.
3.Судың нақты шығыстарына ғана ақы төлеуді көздей отырып, балық шаруашылығы субъектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақысын қысқарту. Төлем ставкаларын төмендетуді қоса алғанда, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем механизмін жетілдіру.
4.Балық өсіруге кәсіптік оқытудың мемлекеттік жүйесін құру. Адамдарға балық өсірудің заманауи әдістерін үйрету керек.
5.Қайта өңдеуге тапсырылған балық пен уылдырықтың әрбір килограмы үшін (отандық өндірушіден) тауарлық субсидиялар көздеу;
6.Отандық балық өнімдерін экспорттаушыларға жүйелі қолдау құралдары мен преференциялар көздеу;
7.Балық өсіру жүйесіне қатысатын су объектілері мен экожүйелерді қорғау жөніндегі жұмысты күшейту.


Соңғы жаңалықтар