Қазақстанда балаларға арналған паспорт құны арзандай ма

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда және ТМД елдерінде шетелдік төлқұжаттың құны қанша? Жалпы, төлқұжат бағасы қалай қалыптасады? Азық-түлік тауарларына бағаның өсуі аясында оның құнын қайта қарау жоспарланған ба? ҚР Ішкі істер министрлігі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берді.

Шетелге арналған төлқұжат бағасы қалай белгіленеді?

Құжаттың құнын есептеу жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындауға және беруге көрсетілетін қызметтерді өтеу қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы төлқұжатының өзіндік құны жеке басты куәландыратын құжаттардың бланкілерін дайындау үшін шикізат пен материалдарды сатып алудан, құжаттарды дайындаудан, жаңа жабдықтардан, жаңа технологияларды енгізуден, қорғаныс элементтерінен және басқа шығындардан құралады. Төлқұжат үшін мемлекеттік баж мөлшерлемесі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 615-бабында белгіленген.

Соңғы 5 жылда төлқұжат құны қаншалықты өзгерді?

Шетелдік төлқұжаттың құны 8 айлық есептік көрсеткішті (24 504 теңге) құрайды. 2 017 жылы төлқұжат құны 4 АЕК (1 АЕК 2 269 теңгені құрады) – 9 076 теңгені құраған болатын. 2018 жылдан бастап төлқұжаттың бағасы өзгеріссіз - 8 АЕК және айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты ғана қымбаттай түседі. Жеке куәлік үшін мемлекеттік баж мөлшерлемесі әлдеқайда төмен. Салық кодексінің 615-бабына сәйкес, оның сомасы АЕК-тің 0,2 пайызын немесе 612,60 теңгені құрайды.

ТМД елдерінде төлқұжат қанша тұрады?

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі төлқұжаттың құны келесідей:

Тәжікстан - 10 АҚШ доллары (4 733 теңге).

Ресей - 5 мың рубль (39 200 теңге);

Қазақстан - 24 504 теңге;

Армения - 25 мың драма (29 мың теңге);

Әзербайжан – 40 манат (11 183 теңге);

Өзбекстан - 245 000 сум (10 490 теңге)

Қырғызстанда құжат «Қырғызстан азаматының жалпы азаматтық төлқұжаты» деп аталады. 34 беттен тұратын төлқұжат 885 сом (5 212 теңге), ал 50 беттік құжат 945 сом (5 566 теңге) тұрады.

Жеңілдіктер

ҚР Ішкі істер министрлігі ҚР төлқұжаты мен жеке куәлігін беру кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуден мына санатқа кіретін азаматтар босатылады:

- Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;

- үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» ордендерімен наградталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған;

- «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар;

- Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;

- қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар, балалар үйлерінде және (немесе) интернаттарда тұратын, мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.

Ішкі істер министрлігі төлқұжаттың құнын қайта қарау орынды деп санай ма?

Ішкі істер министрлігі салық және бюджет саясатын қалыптастыру Салық кодексінің әзірлеушісі болып табылатын Ұлттық экономика министрлігінің қызметіне жататынын атап өтті.

Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігі «Бюджетке салық жне өзге де міндетті төлемдер» туралы ҚР кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» (Салық кодексі) заң жобасын және «Бюджетке салық және өзге де міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» ҚР кодексін іске қосу туралы» ҚР заңын әзірледі.

Онда 16 жасқа дейінгі балаларға арналған төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын 8 айлық есептік көрсеткіштен 4 АЕК-ке дейін төмендету бөлігінде түзету қарастырылған.

Осыған байланысты, заң жобасы аясында кодекстің 615-бабында 16 жасқа дейінгі балаларға төлқұжат берген кезде 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж салығын белгілеу бөлігінде түзетулер енгізуге бастама жасалып отыр. Егер заң жобасына түзетулер қабылданса, онда балаларға арналған төлқұжаттың құны 12 252 теңге болады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі аталған түзетулер бірінші кезекте балаларға Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын алу кезінде ата-аналардың шығындарын азайтуға бағытталғанын атап өтеді.

Жоғарыда аталған заң қазіргі уақытта жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Ұлттық экономика министрлігі заң жобасы жұмыс тобында талқыланып жатқанын атап өтеді. Енгізу мерзімі 2024 жылдан басталуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар