Қазақстанда балаларды қаржы пирамидасына қарсы тұруға үйретеді
«Цифрлық сауатты арттыру және балалар мен студент жастардың қаржылық білім алуына ерекше көңіл бөлінеді. 2020-2021 жылдары OYLA жастар ғылыми-көпшілік журналында мемлекеттік және орыс тілдерінде алаяқтық пен қаржы пирамидасына қарсы іс-қимыл тақырыбы бойынша 20 арнайы қосымша жарияланды. Агенттік 2021 жылдан бастап қазақстандық мектептерде балаларға арналған қаржылық сауат бойынша, оның ішінде «Қауіпсіз интернет және балалар киберқауіпсіздігі» тақырыбында 10-нан астам тегін сабақ өткізді», - деді Нұрлан Әбдірахманов депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның мәліметінше, биыл 29 сәуірден бастап мектептерде интернет-алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл тақырыбында дәріс өткізу жоспарланған.
«Агенттіктің Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығымен ынтымақтастығы аясында «Тұран» университетінің базасында, жоғары оқу орнының сайтында және әлеуметтік желілерде алаяқтық және қаржы пирамидасына қарсы іс-қимыл тақырыбында ақпараттық-түсіндірме материалдар жарияланады. Сонымен қоса Fingramota.kz сайтының баннері және «FinIQ» бағдарламасының 38 бейнеролигі мен 14 шығарылымы көрсетіледі», - дейді ол.
Айта кетейік, аталған жоба аясында FinGramota.kz 20 сәуірден бастап қазақстандық мектептер мен ЖОО-ларда қаржы сауаты бойынша апталық өтті.
Одан бөлек, ведомство ҚҚҚ, АФМ, Бас прокуратура, сондай-ақ қаржылық және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, оқушылар мен студенттер үшін дәрістер, дөңгелек үстелдер және олимпиадалар өткізбек.
Қазірдің өзінде Алматы қаласында 15-тен астам оқу орны қамтылды.