Қазақстанда балалар үйін жаппай жабудың салдарын ойлану керек - Асқар Шәкіров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда билік өкілеттіліктерін қайта бөлу реформасы аясында қабылданған маңызды шешімнің бірі Омбудсмен мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту болып табылады. Сонымен қатар, конституциялық өзгерістерге сәйкес, Омбудсменді сайлау ҚР Президентінің ұсынуымен Парламент Сенаты арқылы жүзеге асатын болады. Бұл норманың өзі Қазақстандағы адам құқы мен бостандықтарының ұлттық жүйесін айтарлықтай нығайтуға және Парламент рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы және басқа да мәселелер туралы «ҚазАқпарат» тілшісі Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровпен сұхбаттасқан болатын.

- Жақында елімізде конституциялық реформалар қабылданды. Осыған байланысты Ата заңда Омбудсмен мәртебесі де нақтыланған болатын. Ендеше конституциялық реформа Омбудсмен қызметін одан әрі жалғастыруға қалай әсер етеді?

- Омбудсмен туралы ережені еліміздің Конституциясында бекіту - бұл тек оның мәртебесін көтеру ғана емес, ең алдымен, мемлекеттегі және қоғамдағы адам құқығы мәселелерінің басымдылығына назар аудару. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» бағдарламалық мақаласында қойылған бәсекеге қабілеттілігін арттыру, прагматизм, бір-біріне толерантты қарым-қатынас және адами капиталды дамыту арқылы мықты және жауапты адамдардан тұратын біртұтас ұлтты құру міндеттері осы басымдылыққа сәйкес келеді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жаңа мәртебесі оның қызметін реттейтін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ,   бұл Париж принциптеріне сәйкес ұлттық құқық қорғау институттары үшін қабылданған стандарттардың талаптарына жауап береді. Бұл мәселені мен өткен жылы күзде Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның басшысы болып табылатын Премьер-министрдің алдында қозғаған едім.

Жалпы Париж принциптеріне сәйкестік Омбудсменге елеулі артықшылықтарды береді. Атап айтқанда, Адам құқықтары жөніндегі кеңесті қоса алғанда, барлық құқық қорғау органдарында дауыс беру құқығы секілді құқық қорғау қызметінің халықаралық тетігіне қол жеткізу қамтылып отыр. Конституциялық реформа орындалғаннан кейін мен Еуропа кеңесінің Страсбургтегі штаб-пәтеріне барып, осы ұйымның Хатшылығының, Еуропалық Кеңестің Венециялық комиссиясының және Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотының басшыларымен кездесу барысында реформаның негізгі ережелері туралы хабарладым. Бұл ақпаратқа оң пікірлер айтылып, жоғары баға берілді.

Ерекше атап өтерлігі, Омбудсменді сайлау жөніндегі мәселе Қазақстан Президентінің адам құқықтарын қамтамасыз ету кепілі ретінде рөлін әлсіретпейді. Өйткені Сенат Омбудсменді ҚР Президентінің ұсынуы бойынша сайлайтын болады.

- Сіздің қызметіңізге қатысты мәселеге ойыссақ. Біздің азаматтарымыз көбінесе қандай проблемалармен арызданады? Жалпы азаматтардың арыздарында қандай үрдістер байқалады?

- Жыл сайын Омбудсменге азаматтардан 1500-ге жуық арыздар түседі, олар негізінен адам өмірінің бүкіл салаларын қамтиды. Арыздардың ең көп түсетін шоғырын үш топқа бөлуге болады. Бұлар: құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне (30 %), сот шешімдерімен келіспеушілікке (28 %) және жергілікті билік органдарының сапасыз мемлекеттік қызмет көрсетуіне (16 %) қатысты шағымдар. Жалпы осындай мәселелерді шешу үшін мемлекет ауқымды жүйелі шараларды қабылдап келеді. Оған біздің мекеме де белсенді қатысып жүр. Мәселен, Елбасы бастама жасаған бес институттық реформа мен оларды іске асыру бойынша 100 нақты қадам аясында «ашық үкімет» тетігін құру жұмыстары жүргізілуде, қылмыстық сот төрелігін айтарлықтай ырықтандыруға бағытталған 5 кодекс қабылданды. Осы кодекс аясында құқықтық реформалар өткізу, соның ішінде үш буынды сот жүйесіне көшу, азаптауға және қатыгездік көрсетудің басқа да түрлеріне қарсы Ұлттық алдын алу тетігін құру (ҰАТ) мәселелері қарастырылады.

- Адам құқықтары жөніндегі уәкілде азаматтардың құқығы бұзылғанда қолданылатын қандай да бір ықпал ету тетігі бар ма?

- Азаматтардың құқығын қорғау бағытында Омбудсмен негізінен құқық бұзушылық істерге қатысты мемлекеттік органдардың атына хаттар мен ұсыныстар жолдай алады. Ондай ұсынымдар мен хаттар Премьер-министрдің, Жоғарғы Сот Төрағасының, мемлекеттік органдар бірінші басшыларының аттарына жіберіледі. Жалпы, 2016 жылы пенитенциарлық, медициналық-әлеуметтік, балалар мекемесіне, сондай-ақ әскери және басқа да салаларды қамтитын 700-ден аса объектілерге барып, нәтижесінде осындай тетікті пайдаландық. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 200-ден астам нысанды араладық. Әрбір мекемеден кейін ондай сапарлар нәтижесінде белгілі бір ұсынымдар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

Сонымен қатар, келіп түскен арыздарды тек біздің тарапымыздан, біздің көзқарасымызбен ғана баяндасақ, бұл проблема нақты ашылмас еді. Сондықтан да, біз қаралатын объекті ретінде әдетте бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, қоғамда үлкен резонанс тудырған ақпараттарды аламыз. Мәселен, өткен жолы азаматтардың уақытша тіркелуі туралы мәселе қолданысқа енбей жатып-ақ көптеген наразылық болды, келеңсіз жағдайлар тудырды. Сол тұста Омбудсмен мекемесі халық арасында шиеленісті басу үшін бірінші болып айыппұлдың қолданылуын уақытша тоқтату туралы ұсынысты Үкіметке үндеу жолдаған болатын. Ал жалпы азаматтарды тіркеу туралы мәселеге келсек, ондай шараларға негіз жоқ емес. Себебі бұндай норма жасырын көші-қонды әшкерелеп, табысты жасыру фактілерін жоятын болады. Нәтижесінде, бұл мерзім екі айдан астам уақытқа, яғни 15 наурызға дейін созылды.

Тағы бір мысал келтірейін, оқу жылының ұзартылып, жазғы демалыстың қысқартылу мүмкіндігі туралы мәлімдемеге жұрт үре түрегелді. Бұндай шара  шындығында қоғамның келісімінсіз жасалмауы керек. Осы шулы мәлімдемеге орай Білім және ғылым министріне Омбудсменнің ашық хаты жолданды. Жалпы білім саласындағы ондай өзгерістер Мемлекет басшысының қойылған талаптарына сай болып, қоғамды қатыстыра отырып жан-жақты талдау жасалуы керек.  

Мұндай мысалдар аз емес. Соңғы уақытта Омбудсмен Жер кодексіне енгізілген түзетулерге байланысты рұқсат етілмеген митингілер, заң шешіміне сүйеніп көпбалалы отбасыларды үйден шығару, балаларды жағымсыз ақпараттық ортадан қорғау және тағы басқа да мәселелер бойынша өз ұстанымдарын бұқараға жария етті.

- Қазақстандағы Омбудсмен мекемесінің қызметіндегі қандай жетістіктерді атап өтуге болады?

- Ең алдымен, Омбудсмен мекемесі мемлекеттік құқықтық жүйеде өзіне тиесілі Ұлттық құқық қорғау институты ретінде нақтыланды. Менің ойымша, бұл институт мәртебесі мемлекет пен қоғам, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы медиатор қызметін табысты атқару үшін де маңызды фактор болып табылады. Бұған Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің үйлестіруші рөлімен бірлесе жұмыс істейтін жоғарыда аталған Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін ерекше атап өтуге болады. 3 жыл ішінде оның мүшелері  еліміздегі барлық жабық мекемелерге еш кедергісіз мониторинг жүргізді (1688).

Сондай-ақ, халықаралық құқық қорғау институттарымен ынтымақтастықты баянды етіп, олармен етене араласу, онда барынша тиімді жұмыс жасауды да маңызды деп санаймыз. Айта кетерлігі, Қазақстан Омбудсмені Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің (омбудсмендердің) Халықаралық үйлестіру комитетіне мүше болды және оның желісінің бірі - Азиялық-Тынық мұхиттық форум шеңберінде белсенді жұмыс істеп келеді.  Бұл ретте айтып кететін бір жайт, жақында Астанада Азиялық-Тынық мұхиттық форум басшылығымен Орталық Азия елдерінің, Ауғанстан және Монғолия омбудсмендерінің қатысуымен өзекті құқық қорғау мәселелері бойынша практимум өтеді.

Халықаралық әріптестермен бірге жасалып жатқан белсенді жұмыстың арқасында біздің ел жекелеген құқық қорғау мәселелерінде реципиент емес, донор болып келеді. Мәселен, отбасыда, мектепте және қалалық ортада балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жасалған жобаның нәтижелері басқа елдерге пайдалану үшін ұсынылған.

- Елімізден тыс жерде тұратын азаматтарымыздың құқықтарын қорғайсыздар ма?

- Әрине, елімізден тыс жерде жүрген қазақстандықтар да біздің тұрақты назарымызда әрі қорғауымызда болады. Бұған қатысты да айтар әңгіме аз емес. Соның бір-екеуіне тоқталсам. Біріншісі -  АҚШ азаматтары асырап алған қазақстандық баланың қазасына байланысты. Аталмыш қайғылы оқиғаға байланысты осы саладағы маңызды жүйелі проблемалар анықталған болатын. Соның негізінде біз мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, Сыртқы істер министрілігі мен Білім және ғылым министрлігіне үндеу жолдадық. АҚШ азаматтары асырап алған 6609 қазақстандық баланың ішінде 673 бала туралы заңмен белгіленген асырап алушылардың есептері берілмеген. Ал 237 бала бойынша тіпті мүлдем ақпарат жоқ болып шықты. Яғни олар консулдық есепке алынбағаны анықталды. Біздің мәліметіміз бойынша қазіргі таңда осы мәселеге тиісті есеп пен бақылау жүргізілуде.

Және бір оқиға біздің бұрынғы отандастарымыздың - қазіргі Ресей азаматтарының Мәскеуде заңсыз ұсталып, қанауға түсіп және қатыгездікке ұшырағанына байланысты арыздар түскен. Біздің мекемеміздің бастамасы бойынша өзара құқықтық көмек көрсету шеңберінде екі елдің құқық қорғау органдары аталған фактілерін зерттеуге кірісті. Сондай-ақ мен ресейлік әріптесіме - Ресей омбудсменіне үндеу жолдадым, ол қазіргі уақытта осы істі соңына дейін жеткізу мақсатымен тиісті амалдарын жүргізіп жатыр.

- Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіндегі басым бағыттар қандай?

- Біз кез-келген әлеуметтік, саяси, нәсілдік, ұлттық және өзге де белгілеріне байланысты басым бағыттарды айқындаймыз. Омбудсмен институты саяси мәселелермен айналыспайды, мұндай үрдіске қосылудың келешегі жоқ. Сонымен бірге, біз қоғамның осал топтарының, ең бірінші кезекте - балалардың, әйелдердің және мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге  басымдық береміз, оларға ерекше назар аударамыз. Айта кетерлігі, Қазақстанда балалар құқығы мәселесіне ерекше мән беріледі. Білім және ғылым министрілігінде дербес Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бар, ал жақында Елбасының шешімімен Бала омбудсмені лауазымы құрылды.

- Елімізде белең алып отырған балалар үйлерін жаппай жабу тенденциясына қатысты Омбудсмен ретінде және жеке азамат ретінде Сіздің пікіріңізді білсек?

- Расында да бұл айтарлықтай өткір әрі нәзік проблема. Өйткені қоғамда осы мәселеге қатысты белгілі бір алаңдатушылық туындаған. Шынымен, қазіргі таңда балалар үйлерін жабу және ондағы балаларды отбасыға орналастырудың, жетімдер үйінен бөлек баламалы нысандарға алмастырудың (патронат мен қамқоршылыққа алу) тұрақты тенденциясы байқалуда. Мәселен, 2015-2016 жылдары патронаттық тәрбиелеу мен қамқорлыққа 1841 бала берілді және 48 балалар үйі жабылды. Сонымен қатар, осы кезеңде әлгі қамқорлыққа алынған  баланың ішінен 399-ы қайта қайтарылған. Өстіп асырап алынған әрбір төртінші бала қайтарылып, олар екінші рет «жетімдікке» қайта тап болды. Біздің пайымымызша, бұған негізгі себеп - патронаттық ата-аналарда әлемнің дамыған елдеріндегідей қажетті дайындықтың болмауы. Көптеген елдерде патронат ата-аналар міндетті түрде арнайы дайындықтан өтеді. Өкінішке қарай, қалыптасқан жағдай бойынша біз патронаттық ата-ананың уәждерін шынайы бағалай алмай келеміз. Бұған Білім және ғылым вице-министрінің мынадай мәліметін қосыңыз: 40 %-ға жуық ата-ана баланы мектепке дейінгі тәрбиелеу дағдысын білмейді,  ал 50 %-ы балалардың физиологиялық даму мәселелерінен хабарсыз. Бұл да алаңдататын мәселе. Шынын айтайын, баланы патронаттық тәрбиелеуге алу тәртібі бізде тіптен қарапайым. Ұят болса да айтайын, біздің елде баланы патронаттық тәрбиеге асырап алу Халыққа қызмет көрсету орталығынан құжат алудан да жеңіл болып келеді. Бұл ретте патронаттық ата-ана ай сайын 35 мыңнан бастап одан да жоғары төлемақы, сондай-ақ 9-10 АЕК (22 мың теңге) мөлшерінде жәрдемақы алатынын да еске салғым келеді.

- Сонда  кейбір адамдар жетім балаларды патронаттық тәрбиелеуге жәрдемақы мен төлемақы үшін алады деуге келе ме?

- Әрине, мен дәл осылай деп нақ басып айтып жауапкершілікті өз мойныма алғым келмейді. Бірақ өткен жолы Мәскеуде патронаттық тәрбиелеушілер балаларға тиісті төлемақыларын ала алмағандықтан, балаларды жаппай қайтарып, ондай оқиға үлкен дау тудырған. Тіпті осы мәселе Бүкілресейлік балалар омбудсменінің съезінде талқыланды.

Осындай күрмеулі дүниелерді  ескере келе, мен Үкімет басшысының атына  ашық хат жолдадым, онда қажетті базаны құрмай тұрып және орын алып отырған шынайылықты есепке алмай жатып балалар үйлерін таратуды жеделдетпеу керектігін ескерттім. Шындығында, мұның салдары біз ойлағаннан да үлкен болуы ықтимал.

Өткен аптада мен Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы Балалар үйіне бардым. Бұл мекеме халықаралық өлшемдерге сай, нақ үлгілі нысан. Ендеше соның үлгісіне еліміздің қалған мекемелері бой түзеуі қажет. Қазіргі уақытта он жылдық қалыптасқан тәжірибесі, кадрлары, инфрақұрылымы бар мемлекеттік балалар бақылауы қалай болса да, қажетті талаптарға жауап бере алатын жоғарыда ескерілген баламалы нысандарға өтуге дейін жетім балалар үшін анағұрлым сенімді қорғанысы болып табылады. 

-         Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар