Қазақстанда балалар төлқұжатына арналған баж салығы екі есе төмендейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Балалар төлқұжатына арналған баж салығын 2 есе төмендету ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында салық мәселесіне арналған заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тіркеу функциясын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына тапсыруды ескере отырып, азаматтық хал актілерін тіркеу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылады. Бұдан бөлек, төлқұжаттағы парақ санына қарай Қазақстан азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баждың сараланған мөлшерлемелері, сондай-ақ балалар үшін мемлекеттік бажды 2 есеге төмендету ұсынылады», - деді Ә. Қуантыров.

Сонымен қатар, чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотека несиесі бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салық тәуекелдері алынып тасталады.

Атап айтқанда, бүгін палата депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Құжат Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.


Соңғы жаңалықтар