Қазақстанда балалар құқығы жөніндегі уәкіл институты құрылды

2016 жылғы 11 ақпан, 17:32
Қазақстанда балалар құқығы жөніндегі уәкіл институты құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанда өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын Балалар құқықтары бойынша Уәкіл институты құрылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Уәкілдің негізгі мақсаттары - мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл арқылы балалардың құқықтары кепілдігі мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру.


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Қазақстан Республикасында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы

Қазақстан Республикасында бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатында, қатысушы мемлекеттің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясына бейілділігін растай отырып, әлемдік қоғамдастықтың балалар өмірі үшін қолайлы және мейірімді ортаны қалыптастырудағы күш-жігерін қолдай отырып ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасында өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты (бұдан әрі - Уәкіл) құрылсын.

2. Уәкілдің негізгі мақсаттары балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылда балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтiру болып табылады деп белгіленсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкiмшiлiгiне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 10 ақпан

№ 192

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar