Қазақстанда балалар арасында аутизмді ерте диагностикалаудың жаңа тәсілдері енгізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аутистік спектр ауытқуы бар балаларды анықтау деңгейі айтарлық өсті. Бұл туралы Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне арналған брифингіде ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 160 баланың бірі немесе балалардың 0,6 пайызы аутистік спектр ауытқуынан зардап шегеді (бұл Солтүстік Америка және Еуропа өңірлері елдері бойынша орташа мәнді білдіреді). Республикада соңғы 13 жылда аутистік спектр бұзылған (АСБ) балаларды анықтау деңгейі айтарлық өсті. 2008 жылдағы 37-ден 2020 жылда 756-ға дейін (100 мың адамға шаққанда 12,7) өскен. Әсіресе, бұл жағдай соңғы жылдары байқалып отыр. Өйткені қазір балалар ерте скринингтен өтеді, яғни ерте диагноз қойылады және мамандар арнайы оқытылып жатыр, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді», - деді Николай Негай Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол қазіргі кездегі проблема тоқталды. Бұл тұрғыда баланың жағдайын дұрыс бағаламау, кеш жасалатын диагностика теріс әсер етеді. Сондықтан осы бағыттағы қадамдарды жетілдіру мен жаңа технологияларды енгізу қажеттігі сезіліп отыр.

Мамандар аутизм балада 3 жасқа дейін байқалатынын айтты. Дамуда ауытқушылық болады, салдарынан бала әлеуметтік ортамен қарым-қатынас орната алмайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен баланың денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Олжас Ысқақов балалар психиатриясы мамандығы бойынша грант сан ы көбейгенін айтты.

Айта кетейік, сәуірдің 2-сі Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні ретінде белгіленген. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы желтоқсанның 18-індегі арнайы қарарымен бекітілген. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардың аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, сондай-ақ диагнозды неғұрлым ерте қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар