Қазақстанда балабақша тәрбиешілерінің жалақысы қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде еліміздегі балабақшаларда 67,5 мыңға жуық тәрбиеші жұмыс істейді. Бұл ретте, кәсіби мамандар тапшылығы бар. Кадр жетіспеушілігі 36,5 мың адамды құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Қазақстан балабақша тәрбиешілерінің жалақысы бойынша ЕАЭО елдерінде 4-ші орында. Елімізде тәрбиешілердің қызметтік жалақысының орташа көлемі 63 мың теңгені құрайды. Бұл ретте, қаладағы тәрбиеші 53 мың теңге алса, ауылдық жерлерде еңбекақы - 66 мың теңге.

Атап өтілгендей, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі ең жоғары жалақы Арменияда. Мұндағы тәрбиешілер 84 мың теңге немесе 200-ден астам доллар алады. Екінші орында Қырғызстан тұр. Олар мектепке дейінгі білім беру қызметкерлеріне 196 доллар немесе қазақстандық валютамен есептегенде 73 мыңнан астам теңге төлейді. Беларусь тәрбиешілері 400 беларусь рублі (70 мыңға жуық теңге) алады. Ең төменгі айлық Ресейдегі балабақша тәрбиешілерінде.

Сондай-ақ мәлім болғандай, ЕАЭО-ның барлық бірдей елінде тәрбиешінің көмекшілері олардан аз ақша алады. Қалада қазақстандық бала күтушілердің жалақысы 33 мың теңге болса, ауылдық жерлерде - 42,5 мың теңге. Жаңа жылдан бастап олардың айлығы шамамен 35 пайызға өседі. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы ұлттық біліктілік тестінің қорытындылары бойынша 30-дан 50 пайызға дейін өсірілмек.

Елбасы «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеуінде берген тапсырмасына сәйкес, айлығы 25 АЕК-тен, яғни 63 мың теңгеден аспайтын қызметкерлердің табыс сомасының 90 пайызына салық салынбайды. Аталған норма келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар