Қазақстанда «Бала дауысы» байқауы басталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 29 наурыз күні Қазақстанда жыл сайынғы дәстүрлі «Бала дауысы» байқауы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат байқау ұйымдастырушыларына сілтеме жасап.

Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бірегей жобасы - ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауының төртінші маусымы басталады. Еліміздегі ең ауқымды балалар ән байқауы осы жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауыменөтеді.

«Байқаудың негізгі мақсаты - музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету, олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға және болашақта олардың қабілеттерін дамытуға көмектесу. Байқаудың бірінші маусымынан бастап балабақша мен мектептерге сыйлаған 56 жаңа ән жазылды; іріктеу кезеңдеріне 20 156 бала қатысып, телевизиялық эфирлерде 12 концерттік шоу, 24 күнделік, 128 бейнеролик көрсетілді. «Бала дауысының» көптеген түлектері қазіргі таңда «Жандану әлемі» Қорының қолдауымен музыкалық мектептер мен колледждерінде тәлім алуда. Байқаудың іріктеу кезеңдерінің еліміздің барлық өңірлерінде өтуі - «Бала дауысының» бірегейлігі» делінген хабарламада.

Биыл «Бала дауысы» байқауы жаңа форматта өтеді. 29 наурыз бен 22 мамыр аралығында шығармашылық топ 8 және 12 жас аралығындағы нағыз таланттарды таңдайды. 17 ең үздік балалар дауысы ғана байқаудың Супер финалына жолдама алады. Еліміздің барлық облыс орталықтары мен Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бүлдіршіндерді әділ-қазы құрамына кіретін қазақ эстрадасының әйгілі жұлдыздары, танымал продюсерлер мен хореграфтар күтеді. Іріктеуге келген әрбір бала естелік сыйлықтар мен дипломдарға ие болып, байқаудың күнделіктері түсіріліміне қатысады. Балалардың ата-аналары мен тәлімгерлері де шетте қалмайды, олардың қалауымен балдырғандардың шығармашылығын дамыту бойынша мастер-кластар және бала психологиясы мәселелері бойынша консультация өткізіледі.

null

Күзде еліміздің үздік 17 дауысы «Жұлдызды арман үйінде», Алатау тауларының баурайында орналасқан «Бөбек» ұлттық орталығында бас қосады. Күнделікті, кәсіби музыканттар, хореографтар, стилистер балаларды Супер-финалдың телевизиялық түсірілімдеріне дайындайды.

24-26 қазан аралығында Алматы қаласының «Республика сарайында» өтетін байқаудың супер-финалында байқау аясында жазылған жаңа әндер шырқалып, «Балалық шақтың мейірімді ғаламшары» атты спектакль-мюзиклдің тұсаукесері өтеді. Көрермендер финалистердің қатысуымен өтетін қайталанбас шоудың куәгері бола алады. Байқаудың барлық ақтық кезеңдерін кәсіби қазылар алқасы және онлайн-дауыс беру арқылы телекөрермендер бағалайды.

Барлық финалистер арнайы сыйлықпен марапатталып, ал, ең үздік деп танылған Бала дауысы еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордасында оқуға грант және ертегі әлемі - Диснейлендке жолдама алады.

Айта кетейік, ең алғашқы іріктеу 29 наурыз күні Алматыдағы Оқушылар сарайында өтеді.

Соңғы жаңалықтар