Қазақстанда бала асырап алу мәдениеті қалыптасса, сәбилер шетел аспайтын еді - Жанар Байсемізова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚР Президенті телерадиокешенінің» құрамындағы «Jibek Joly» арнасында жаңа жобалар жарық көріп жатыр. Соның бірі – эфирге қайта шығатын «Шетелдегі қазақ балалары». Бағдарламаның авторы, белгілі журналист Жанар Байсемізова бастаған топ жуықта ғана Еуропаның бірнеше елінде түсірілім жасап келді. Жобаның жетекшісі ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында біраз маңызды деректермен бөлісіп, тұщымды ойлар айтқан еді. Соны ықшамдап ұсындық.

- Жанар ханым, араға 9 жыл салып жобаны қайта қолға алуға не түрткі болды?

- «Бағдарламаның мақсаты не? Сонда «баланы шетелдіктерге беріп жіберу дұрыс, сол жақта олар бақыттырақ өмір сүре алады» дегенді насихаттап жүрсіз бе?» - деп сұрайтындар бар. Бұл менің жекеменшік дүнием емес. Бәрімізге ортақ тақырып, бәрімізге қатысы бар проблема. Бұл – әр қазақтың ары мен намысы, мемлекеттің қауіпсіздігі. Қоғамның жарасын тырнаудан қашқақтамай, телеарна, газет-журнал, сайт, блогерлердің бәрі бұл проблеманы әр қырынан көтеріп, резонанс туғызса, шешілу жолы табылуы да мүмкін. Қазір оған бүкіл мүмкіндік бар ғой. Ал, 2009 жылы бұл жобаны қолға алған кезде әлеуметтік желілер жоқ еді. Президент телерадиокешенінің қолдауымен, Раушан Жаңабергенқызының бастамасымен жобаны қайта қолға алғандағы мақсатымыз – шетелдегі қазақ балаларын көрсету арқылы қоғамға ой салу. Егер Қазақстанда балалар үйі болмаса, жетім және ата-ана қамқорлығынан шеттетілген балалар болмаса, біздің балалар шетелге жіберілмес еді. Еліміз Африкадағы ең кедей деп саналатын мемлекеттермен бірге баласын шетелдіктердің асырауына беретін елдердің қатарында тұрмас еді.


Мысалы, Қазақстанда да бір перзентке зар боп жүргендер бар. Бала асырап алу мәдениеті жолға қойылған болса, жалпы жүйеде ашықтық болса, қазақстандық балалар шетелге кетпей-ақ, өз елінде отбасын табуы керек еді. Ондай ашықтық осы мәселеге бүкіл қоғам болып назар аударғанда, бақылау орнатқанда ғана қалыптасады.

Ал жетімдер үйі болмауы үшін ең бірінші кезекте ер азаматтардың жауапкершілігі жоғары болуы керек. Отбасындағы тәрбие мәселесі, әке мен ұлдың, шеше мен қыздың арасында өзара сенім болғаны қажет.

Айта кетсем, осы жолы Ерлан (Германияға кеткен – ред.) мен Саританы (Бельгияға кеткен - ред.) үшінші рет түсірдім. Жобаның арқасында бізден бала асырап алған шетелдіктер, халықаралық агенттіктер қамқорлығындағы балаларға мемлекеттік органдар тарапынан ғана емес, Қазақстан қоғамының тарапынан да алаңдаушылық бар екенін, ол балалардың жоқтаушысы бар екенін ұқты деп ойлаймын. Ерлан осы жолы барғанда неміс әкесіне әңгіме арасында «Көрдің бе, әке, біз қазақтар осындай халықпыз» деп мақтанып жатыр. Осындай сәттерде жылдар бойғы тыраштанған еңбектің босқа кетпегеніне сене түсемін.

- Жалпы, шетелге «сатылған», басқа жолдармен асырап әкетілген қазақстандық балалардың нақты статистикасы бар ма? Әлемнің неше елінде өмір сүріп жатыр?

- Ол статистика алғашында құпия сақталып келген. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы шыққаннан кейін сол кездегі Білім және ғылым министрлігі осы мәліметті ұсынған болатын. Сол ресми мәлімет бойынша қазақ балаларын әлемнің 30 елінен асырап алған. Ең көп асырап алған ел – АҚШ. Екінші орында Испания, үшінші орында Бельгия деп, әрі қарай кете береді. Тіпті, Оңтүстік Африкада да біздің балалар бар.

- Қазақстаннан бала асырап алғысы келетіндерге неше компания қызмет көрсетеді?

- Ол туралы айтпас бұрын мынаны түсініп алуымыз керек. Қазақстан Гаага конвенциясына қол қойған. Министрлік берген ресми статистиканы қарасаңыз, 1999 жылдан 2012 жылға дейінгі деректер көрсетілген. Ал, Гаага конвенциясын Қазақстан тек 2010 жылы ратификациялады. 2013 жылға дейін ұлттық заңнаманы сол конвенцияның талаптарымен сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. Мысалы, 2011 жылы «Неке және отбасы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енізілді. Ол заң бойынша ағайынды балалаларды бөлуге тыйым салынды. Оған дейін ағайынды балаларды асырап алушылар бөліп әкетуге құқылы болған. 2012 жылы біздің елмен жұмыс істейтін халықаралық агенттіктер қайтадан аккредиттеуден өтті. Осылайша, процесс 2013 жылдан бастап қайта жанданды. Қазір шетелдік ата-аналарға қызмет көрсететін 10 халықаралық агенттік жұмыс істейді. Олар Испания, Бельгия, Италия, Канада АҚШ елдерінде орналасқан. Бұл агенттіктердің халықаралық мәртебесі болғандықтан, өзге елдердің ата-аналары да қызметтеріне жүгіне алады.


- Қазақстандықтар өз елімізде бала сырап алғысы келсе, қайда жүгінеді?

- Қазақстанда «Ұлттық бала асырау агенттігі» деген мекеме бар. Олар да заңды түрде аккредиттелген. «Аналар үйінің» жобасы ретінде жұмыс істейді. Халықаралық бала асырау ісіне қатыспайды. Тек елдің ішінде жетім балаларды орналастырумен айналысады.

- Мына кестедегі 1999 жыл мен 2012 жылдың арасында Гаага конвенциясы ратификацияланбаған болса, процесс қалай реттелді?

- 2010 жылдан бастап конвенцияны ратификациялау жұмыстары қолға алынды да, бала асырап алу процесі тоқтап қалған делінеді. Бірақ, кестеге қарасаңыз, ол кезде де тоқтамаған. Гаага конвенциясы балалардың құқығын қорғауға бағытталған ғой. Мемлекеттерді балалардың отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасауға міндеттейді. Оның балалар үшін жақсы жағы көп. Гаага конвенциясы бойынша ата-анасыз баланы елдің ішіндегі азаматтардың асырап алуына басымдық берілуі керек. Елдің ішінде бала асырап алуға ниеттілер болмаған жағдайда ғана халықаралық асырап алуға беріледі. Конвенция Қазақстанға ратификацияланғанға дейін бұл процесте көптеген заңсыздықтар болған. Бірақ менің қолымда расталған нақты мәліметтер жоқ. Негізі заңсыздықтар болған. Қаншама бала есепсіз кетті?! Оның бір де біреуі әшкереленіп, ресми тіркелмегендіктен, нақты айту қиын.

- Конвенция ратификацияланғаннан кейін неше бала асырауға берілген?

- 2013 жылдан бастап COVID-19 пандемиясына дейін 158 бала асырап алынғаны туралы статистика бар менде. Биыл 1 бала шетелге кеткен. Ал, тізімде тұрған шетелдік ата-аналардың саны көп.

- Көп дегенде, нақты қанша өтініш түскен?

- Балалардың құқығын қорғау комитетіндегілер жыл басынан бері 10 асырап алушының құжатын қарастырып жатқанын айтты. Ал, жалпы ресми мәлімет бойынша, 8 806 қазақстандық жетім бала шетелге асырауға берілген. Бейресми мәлімет бойынша, шетелге асырауға берілген баланың саны 10 мыңнан асып кеткен. Сізге екі статистиканы да айтып отырғанымның себебі бар. Балалардың құқығын қорғау комитеті берген мәлімет пен Қазақстан елшіліктерінің консулдық бөлімдері берген мәліметтегі сандар бір-бірімен сәйкеспейтін жайттар өте көп.

Ресми статистикаға қарасаңыз, қазақстандық балалар 1999 жылдан бастап кете бастаған сияқты. Ал, осы жолғы іссапар кезінде тоқсаныншы жылдардың басында-ақ шетелге бала берілгеніне көзім жетті. Ол кезде жетім балаларды жазғы демалысын шетелдік отбасыларда өткізуге жіберген екен. Осылайша, алғаш демалысқа барған балаларды асырап алып отырған. Сонда тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында бала асырап алу басталып кеткен. Ол мәлімет ресми статистикада жоқ. Сонда қанша баланың шетелге кетіп қалғанын біз нақты білмейміз деген сөз. Есепке алынбағандары өте көп. Қазір олардың басым бөлігі кәмелеттік жастан асып кетті. Шетелдіктер асырап алған балаларға барған елдің азаматтығы берілетіні түсінікті. Сонымен қатар, еліміздің заңнамасы бойынша оларда Қазақстан азаматтығы да сақталады. Демек, жасы 18-ге толғанша Қазақстанның қорғауында болады. Асырап алушы ата-ана Қазақстан елшілігіне баланың бойы мен салмағынан бастап әуестіктеріне дейін мәлімет ұсынып, есеп беріп тұруы тиіс. Бала тек 18-ге келгеннен кейін ғана қай елдің азаматтығын алатынын өзі таңдайды. Дегенмен, шетелге асырауға берілген баланың Қазақстанның азаматтығын таңдауы екіталай. Өскен ортасында, ата-анасының жанында қалғысы келетіні заңдылық. Кәмелетке толып кеткеннен кейін олар Қазақстанның есебінен шығарылады. Сондықтан, нақты статистиканы анықтау өте қиын.

- Ресми мәліметтегі 8 мыңнан астам баланың неше пайызы ұл немесе қыз, неше пайызы қазақ?

- Мен бұл сұрақты өте көп қойдым, бірақ ондай мәлімет жоқ. Шетелге кеткен балалардың басым бөлігі қазақ екені анық.

- Оның себебі шетелдіктердің таңдауында ма, әлде баласынан бас тартушылардың, денсаулығында ақаумен туған балалардың басым бөлігі қазақ болуында ма?

- Балалар үйінде қазақ балалары көп болғаннан кейін шетелге кеткендердің ішінде де қазақ балалардың көп болуы заңдылық қой. «Қазақтың қаны таза екенін біліп, шетелдіктер бізден бала асырап алып жатыр» деген пікір – иллюзия. Біздің қанымыз таза болғандықтан емес, жетім балалар көп болғаннан кейін бізден асырап алып жатыр. Дамыған елдерде баланы шетелдің асыруына жібермек түгіл, балалар үйі жоқ. Егер өз ішімізде бала асырап алу мәдениетін қалыптастырып, балалар үйін босатып тастаған болсақ, халықаралық агенттіктер бізге келмес еді. Халықаралық қауымдастыққа сіздерге беретін бала жоқ деп айта алар едік. Ал біз кезінде Гаага конвенциясын ратификациялап, тиісті міндеттеме алып қойғандықтан, қазір заңмен тыйым салып, мәселені бүркемелей алмаймыз. Одан Қазақстандағы жетім балалар проблемасы жойылып кетпейді, керісінше жетімдер үйінің саны арта түседі. Кез келген бала отбасында тәрибеленуге құқылы. Олардың бұл құқығын шектегеніміз адамдыққа жатпайды.

- Сонда елімізде осы құқығын пайдалана алмай отырған неше бала бар?

- Біздегі бабалар үйлерінде жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 5 мыңға жуық бала бар. Оның бәрі бірдей шетелдіктердің асыруына берілмейді. Мысалы, ата-ананың біреуі маскүнем болуы үмкін. Ондай адамдар сот шешімімен ата-ана құқығынан шеттетілгенше, бала шетелдіктің асырап алуына берілмейді. Не болмаса, қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан болуы мүмкін. Ондай адамның баласы да шетелдіктің асырап алуына берілмейді. Демек, ата-анасының бірі тірі болған жағдайда, ол адам ата-ана құқығынан шеттетілсе ғана бала асырап алуға беріледі.

- Жасы 18-ге толған соң Қазақстанның азаматтығын таңдауға құқығы бар дедіңіз ғой. Елге қайтып оралғандар бар ма?

- Менің қолымда ондай мәлімет жоқ. Ондай дерек кездестірген жоқпын. Бірақ, біздің бағдарламамыздан кейін Қазақстанға келіп, саяхаттап қайтқандар өте көп.

- Ата-анасы бас тартқаны – бір, мемлекет шетелдікке табыстап қоя бергені – екі, ол балаға барып: «Мен сені жат жұртқа жіберген елден келіп тұрмын» деп айту оңай емес шығар? Туған елі бере алмаған мүмкіндікті ұсынған ортаға енді сіңген тұста «тарихи Отаныңнан келдік» деп, өмірлеріне араласуыңызға не түрткі болып жүр?

- Бұл сұрақты мен де өзіме қойғанмын. «Олардың өміріне араласуға қандай моральдік құқығым бар?» деп ойланып көрдім. «Болары болды, бояуы сіңді» деп, олармен байланысты үзбеуіміз керек деген ойға тоқтадым. Қай елдің азаматы асырап алса да, олардың қазақ екенін ешкім өзгерте алмайды. Тілі, діні басқа болса да, қаны қазақ болып қалады. Оның үстіне, бәрі өздерінің Қазақстаннан барғанын біледі. Қазақстанның қай қаласынан шыққандарын да біледі. Балада идентификация деген болуы керек. Бала құқығы үстемдік құрған елдерде бұл талап сақталады. Шетелдік отбасылар оларға шыққан тегін ес білгеннен айта бастайды. Ол мәліметтің бәрі баланың психологиясын зақымдамауы үшін психологтермен жұмыс істеп, түрлі түсіндіру формаларымен жеткізіледі. Ал, оның бәрін жастайынан біліп өскен балада жүрек жарақаты, өкпе деген болмайды.

Ең бірінші кейіпкеріммен қалай танысқанымды айтайын. 2009 жылы АҚШ-қа бардым. Ол кезде «Хабар» агенттігінде осы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын алғаш қолға алған едім. Бүкіл рұқсаттарды алып, Вашингтонға келдік. Консул бізді қарсы алды. Ұшаққа отырғаннан кейіпкерді өз көзіммен көргенше «қазақ баласы шетелдіктің асырауында өмір сүріп жатыр» дегенге сенгім келмеді. Барған кезде ол бала қазақ емес болып шығатындай сезім болды. Қазіргідей әлеуметтік желі жоқ. Шетелдіктер әкетіп жатыр деген байбалам болғанымен, ешкім нақты білмейтін. Сонымен, Арайлым Шапира деген қазақтың қызын алғаш көрдім. Жасы 2 мен 3-тің арасында шығар. Сәби ғой, алдымнан жүгіріп шықты. Мен оны көргенде сәл кідіріп, не істерімді білмей, абдырап қалдым. Ішімде «шынымен-ақ шетелге бала беріп жатыр екенбіз ғой» деген айлай-дүлей арпалыс болып жатты. Кейін ондай баланың бірнешеуін көріп, ет үйреніп кетті. Ата-аналарының көбі «не үшін іздеп келдіңіздер» деп, таңқалатын.

Біздің сапарымыздың әсерінен қаншама бала Қазақстан туралы мағлұмат алды?! Кейбіреуінің Қазақстанды көргісі келеді, қызығушылығы оянады. Әке-шешесімен бірге келіп көреді. Қазақстанға қайта оралып, еңбек сіңірмесе де, шыққан тегін біліп жүргені әділетті деп олаймын.

- Кейіпкерлеріңіздің ата-аналары олар туралы фильм түсіретіндеріңізді қалай қабылдайды? Бағдарламаға қатысудан бас тартушылар көп пе? «Жоқ» деген жауап көбінесе ата-ана тарапынан айтыла ма, баланың тарапынан айтыла ма?

- Осы жолы Еуропаның бірнеше еліндегі балаларды түсіріп қайттық. Көбі өтпелі жасқа келіп қалған. Балалардың өздері бас тартқан жайттар көп болды. Жасөспірім кезеңінде психологиялық, физиологиялық өзгерістер болады ғой. Оның да әсері бар шығар. Осыдан 9 жыл бұрын олар үшін ата-аналары жауап беретін. Сондықтан, бас тарту кездеспейтін. Ал, есейіп келе жатқан балалардың еркіне салады. Қарсы болған ата-аналар да бар.

-Ата-аналар ондай шешімдерін немен байланыстырады?

- Баланың жеке шекарасын бұзғысы келмейтіндерін алға тартып жатады. Олардың ойында түрлі алаңдаушылықтар болуы мүмкін. «Бұрынғы-ата-анасы көріп қалса не болады?» деп уайымдауы ықтимал дегендей.

Кейін «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы тоқтап қалған кезде әріптестерім көп хабарласты. Бәрі біз түсірген балалардың байланыс деректерін, мекенжайын сұрайтын. Менде бар болғанымен, оны беруге хақым жоқ. Өйткені, оларға тікелей хабарласуға болмайды. Бір баланы түсіру үшін Сыртқы істер министрлігіндегі консулдық қызмет департаменті, елшіліктер арқылы қалың құжат рәсімдейміз.

- Мемлекеттік органдар Қазақстаннан шетелге «сатылған» балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қадағалайтынын айтып сендіруге тырысады. Сіз мұндай балалармен жиі араласасыз, осы істі реттейтін меморгандармен де тығыз байланыстасыз. Жалпы, салада ескерілмей жатқан қандай олқылықтар бар, не байқадыңыз?

- Менің журналист ретінде көзім жеткен дүние – шетелдегі қазақ балаларын толық қадағалап отыру мүмкін емес. Мүмкін емес болғанда осы мәселемен айналысатын арнайы адамдар жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің құрамындағы Балалар құқығын қорғау комитеті жергілікті қорғаншылық-қамқоршылық бөлімдері арқылы асырап алу процестерін рәсімдейтіні белгілі. Әрі қарай Сыртқы істер министрлігі сол елдегі елшілік консулдықтары арқылы қадағалайды. Есеп соларға беріледі. Кейде халықаралық агенттіктер есебін тікелей Оқу-ағарту министрлігіне жіберуі мүмкін. Ресми статистика бойынша 8 806 бала шетелде десек, оның бәрін үйіне барып бақылау қазір физикалық тұрғыда мүмкін емес. Ал негізі шетелдіктерге бала асырауға беріп бастаған екенбіз, бәрін талапқа сай ұйымдастырып, әр баланы жеке-жеке қадағалайтындай жағдай жасауымыз керек еді. Ресми мәлімет бойынша, АҚШ-тың өзінде 6 609 бала бар. Шын мәнінде одан көп, 8 мыңнан асады. Осы 8 мың үйдің бәрін кім аралап жүреді? Ондай мамандар қарастырылмаған. Ал консулдардың балалардан да басқа шаруасы жетіп артылады. Сондықтан, мерзімдік есептер мен елшілік аясындағы шараларға шақыру арқылы бақылау жүргізіледі.

- Есіңізде болса, бір жылдары америкалық отбасы асырап алған қазақстандық ағайынды балаларға зорлық көрсетілгені мәлім болған еді. Сол сияқты жайттарға тап болдыңыздар ма? Ондай фактілер көп пе жалпы?

- Дәл сол кезде біз Еуропадағы балаларды түсіріп болып, АҚШ-қа келген кез еді. Негізі ол оқиға сәл ертерек болған. Қазақстанға кейін жеткен. АҚШ-та жүргенімде осы балалардың тағдырына араша түсіп, алғаш мақала жазған журналистен сұхбат алдым. Дамыған елдердің, соның ішінде АҚШ-та әлеуметтік қызметкерлер өте жақсы жұмыс істейді. Біздің балалардың зорлық көргенін сол қызметкерлер анықтап, дабыл көтерген болатын.

- Бұдан басқа, осыған ұқсас, Қазақстан халқы білмей қалған фактілер бар ма?

- Әзірге жаңағы АҚШ-тың Массачусетс штатындағы сіз айтып отырған оқиғадан басқа факт тіркелген жоқ. Бірақ, біз білмейтін нәрселер де болуы мүмкін. Өзім куә болған бір оқиға бар. Америкада церебралды сал ауруға шалдыққан бір баланы түсірдік. Жалғызбасты ана асырап алған екен. Үйіндегі антисанитариялық жағдайды көріп, жағамызды ұстағанбыз. Ластығы сондай, қоқыстан аяқ басып тұратын орын болмады. Бізбен бірге Қадыр Қаюпов деген консул жүрген. Дереу халықаралық агенттікке хабарлап, үйді ретке келтірткізді. Кейін бірнеше рет хабарын сұрағанымда үй адам тұратындай жағдайға келтірілгені айтылды. Ендігі түсірілім АҚШ-та болады. Сол кезде әлгі баланы тауып, жағдайын көрсем деп жоспарлап отырмын. Қазір аман жүрсе, есейіп кеткен шығар.

- Сұхбатқа уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет! Жобаның өз мақсатына жетуіне тілектестпіз.

P.S. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының алғашқы санын осы жексенбі, яғни 2 қазан күні сағат 14:30-да Jibek Joly арнасынан көріңіздер!


Соңғы жаңалықтар