Қазақстанда азық-түлік импортының жаңа рекорды тіркелді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда азық-түлік импортының жаңа рекорды тіркелді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылы импорт бойынша антирекорд тіркелді. Статистиканың қорытынды есебі мамырға қарай дайын болады. Дегенмен, қазірдің өзінде 4,9 млрд доллардың азық-түлігінің жеткізілгенін көріп отырмыз. Әрине, сыртқы факторларға осылай тәуелді болған кезде «болашақта өзімізді азық-түлікпен қалай қамтамасыз етеміз, немен қоректенеміз?» деген сауал өткір бола түседі», - деді ол.

Оның атап өтуінше, өткен жылы елімізге әкелінген азық-түлік өнімдердің жартысынан көбі Ресейге тиесілі.

Тек қана 300 млн долларға конфет пен печенье, 200 млн долларға қант импорттап отырмыз.

Ал «Қазақстан май-тоңмай одағы» қауымдастығының президенті Константин Невзоровтың дерегінше, бүгінде елімізде тамақ секторында 2,5 мың кәсіпорын жұмыс істейді.

2021 жылы олар 2,2 трлн теңгеден астам сомаға азық-түлік өнімдерін шығарған.

Осы орайда «Атамекен» ҰКП отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілерге қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға жартады.

Оның ішінде ішкі нарықты қорғау үшін ерекше жағдай жасау, экспортты дамыту, ірі сауда желілерін отандық азық-түлік өнімдерін қолдауға жұмылдыру және ел азаматтарына қазақстандық өнімдерді таңдауды насихаттау керек.


Соңғы жаңалықтар