Қазақстанда азаматтық авиацияға қатысты жаңа Конвенция қабылданады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілермен күрес туралы» Халықаралық Конвенция ратификацияланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы Заң жобасын бүгін ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында таныстырды. 

«Жобаның мақсаты - азаматтық авиация саласында заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік тағайындау. Атап айтқанда, әуежайда және ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортындағы адамға қатысты зорлық-зомбылық актісін жасау; істен шығатын құрылғыны немесе затты әуе кемесінің бортына орналастыру; әуе кемесін пайдалана отырып, жарылғыш заттарды, химиялық, биологиялық, уландыратын радиоактивті материалдарды тасымалдау және тастау; ұшу кезінде әуе кемесін жою, әуежайдағы жабдықтарды бұзу және зақымдау; жалған мәліметтер хабарлап, әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіру; аэронавигациялық құралды зақымдап, әуе кемесін қару ретінде қолдану - осының барлығы заңсыз әрекеттер болып саналады. Қазақстанның Қылмыстық Кодексінде аталған актілер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген», - деп түсіндірді вице-министр. 

Оның айтуынша, бұл ережелерді қабылдау БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы күрес талаптарын қанағаттандыруға, азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге тиісті деңгейде жауап беруге көмектеседі. 

«Қазақстан Республикасы Әлемдік қоғамдастықтың әуе көлігіндегі терроризмнің барлық формасымен және көрінісімен күрес жөніндегі ұжымдық шараларын тұрақты түрде қолдайды. Конвенцияны ратификациялау ҚР тарапынан қосымша шығындар мен міндеттемелерді қажет етпейді. Конвенция ратификацияланған жағдайда қандай да бір негативтік-құқықтық және әлеуметтік салдар болмайды. Заң жобасын қолдауларыңызды сұраймыз», - деп сөзін түйіндеді Қ. Өскенбаев. 

Депутаттар дауыс беру арқылы Заң жобасын қолдап, Сенат отырысының қарауына шығару жөнінде шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар