Қазақстанда азаматтық авиация саласында білікті кадрлар жетіспейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда азаматтық авиация саласында білікті кадрлар жетіспейді. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Логистика және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры Қанат Алпысбаевтың айтуынша, бұл мәселеге үкіметтік деңгейде мән берген абзал, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қ.Алпысбаев білікті кадрларды даярлау жұмысындағы мәселелерді атап өтті.

«Министр (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов – ред.) өз баяндамасында бірқатар бағытты атап өткен болатын. Алайда, «Airbus» әуе компаниясының мәліметіне сүйенсек, 2038 жылға қарай бүкіл әлем бойынша жаңа пилоттарға деген сұраныс қосымша 550 мың адамға дейін өседі. Ал инженерлік-техникалық құрамға деген сұраныс 640 мың адамға ұлғаяды. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазынаға» енетін отандық әуе компаниялар («Air Astana», «Qazaq air» және «FlуArystan») кадрдың жетіспеушілігін айқын сезіп отыр. «Air Astana» мен «Qazaq air» өз ресурсын пайдалану арқылы жұмысты жалғастырып жатқанымен, біздің ойымызша, бұл қадам мәселені түпкілікті шешпейді», - деді ол бүгін Үкімет отырысында.

Қанат Алпысбаевтың айтуына қарағанда, Үкімет деңгейінде пилоттарды оқыту, даярлау мәселесіне мән берген абзал.

Еске сала кетсек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгінгі Үкімет отырысында Қазақстанда Азаматтық авиация оқу орталығы құрылатынын мәлім еткен еді.

«Біздің елімізде жалғыз оқу орны – Азаматтық авиация академиясы бар. Оның қабырғасында жыл сайын 400-ден астам маман даярланып шығады. Олар ұшу практикасын шетелден өтеді. Министрлік жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында Азаматтық авиация академиясын дамыту жоспарын әзірлеуде. 2020 жылы біз сала бойынша барлық қолданыстағы оқу орындарын шоғырландырып, еуропалық стандарттарға сай келетін Азаматтық авиация оқу орталығын құруды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар