Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары іске қосылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Digital Almaty халықаралық форумы аясында «Әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында цифрландыру» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі белсенді дамып келе жатқанын, алайда оның едәуір бөлігі ұсақ және шағын бизнес сегментінде шоғырланғанын атап өтті.

«Ұлттық комиссия шеңберінде Қазақстанның әр облысында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарын ашу жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Бұл бірегей жоба, сол себепті кәсіпкерлік кодексінде «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымы болмаса да, біз осы бағытта қозғаламыз. Бұл – кәсіпкер әйелдердің зор еңбегі. Бүгінге дейін осындай 20 орталық ашылды, көрсетілген қызмет саны 30 мыңнан асады», - деді ол.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып берді. Мұндай кешенді тәсілді алдымен, әйелдер бағалауы керек.
Вице-министр бала күтіп отырған әйелдердің жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді тәсілді бала туу мысалында түсіндіріп өтті.
«Бұл адамның мемлекетпен тікелей байланыспай-ақ көмек пен қолдауды сезінетін «көрінбейтін мемлекет» қағидаты», - деді Әсет Тұрысов.
Кешенді талдау барысында болашақ ана санатына кіру, декреттік демалысты рәсімдеу, қандай да бір артықшылықтарға ие болу сынды көптеген ақпарат берілді.
«Қазір барлық рәсімдер көп дегенде бір сағат уақытты алатындай және құрылым қызметкерлерімен тікелей байланыссыз қызмет көрсету кешені пысықталуда»,- деп атап өтті вице-министр.
Айта кетейік, Алматыда «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» халықаралық форумы өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар