Қазақстанда автомобиль жасау көрсеткіштері 40% артты

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның 15 аймағында өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштері артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында баяндады.

«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,5% өсті. Көрсеткіштің өсуі 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Салалар бойынша машина жасау өндірісінің 28,8%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,1% және электр жабдықтарын жасаудың – 34,9% өсуі тіркелді», - деді Ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ, азық-түлік өндірісі – 5,3%, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%, құрылыс материалдары – 4,4%, сусындар өндірісі – 6,6%, пластмасса бұйымдары – 7,8%, жеңіл өнеркәсібі – 24% өсті.

Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,7% жоғарлады. Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6%, газ өндіру – 2,5%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 17,4%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 3,2% өсті. Металл кендерін өндіру – 0,2%, көмір өндіру – 8,1% төмендеді.

Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,3% ұлғайды. 19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Абай, Қызылорда және Жамбыл облыстарында байқалды.

«Биылғы қаңтар-маусымда 7,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ке жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.


Соңғы жаңалықтар