Қазақстанда ауыр жүк көліктеріне берілетін арнайы рұқсат алынып тасталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жолдарда белгіленген нормадан артық (яғни 10 тоннадан) жүк таситын ауыр жүк көліктеріне берілетін рұқсат алынып тасталады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Гилимов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев жолда біліктеріне нормадан артық салмақ түсіріп, жүре беретін ауыр жүк көліктерінің қызметіне қатысты мәселе көтерген болатын.

«Автокөлік жолдарының беріктігінің сақталуы, жобаланған мерзімде қызмет көрсетуі, автокөлік жолдарына түсетін жүктеме мәселесі бізді толғандыруы керек. Қарап отырсаңыздар, бірнеше білікті, қос білікті көліктер, білігіне көп жүктеме түсетін көлік түрлері жолымызда жүріп жатыр. Осындай ауыр жүк көліктерінің салдарынан жолдарымыздың қызмет көрсету уақыты азайып кетуі мүмкін», - деген еді Бағдат Телтаев.

Әріптесінің сөзіне қосылған Самат Гилимов ауыр жүк көліктерінің нормадан ауыр жүкті тасымалдауына қатысты заңның сақтала бермейтінін айтады.

«Себебі, бұл заң өте дұрыс болғанымен, оны бұзушылардың саны күннен күнге артып келеді. Біз шетелдік ауыр жүк көліктерін кіргізбеңіздер немесе пайдалануға болмайды деп ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Олар мәселен көмір кенішінің аумағында өзінің белгіленген жерінде ауыр жүк көлігін пайдалануы керек. Ал бірақ жалпы жұрт пайдаланатын жолда білік салмағы ауыр көліктерге жүруге болмайды. Мысалы, мен сіздерге айтайын: 25 тонналық жүк көлігінің жалпы жұрт пайдаланатын жолдардың үстімен тіпті 1 тонна да жүк тиеп жүруіне болмайды», - деді Самат Гилимов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Самат Гилимов сондай-ақ жақында ғана Қарағанды облысында асфальтқа батып қалған «КамАЗдардың» жайына қатысты пікірін білдірді.

«Бұл жергілікті жол болғанымен, 40-60 тонна жүк тиеген ауыр жүк көліктері жолдың ортасына сіңіп кетіп жатыр. Міне, сол себепті Сенатта қол қойылып жатқан заң бойынша, бөлінетін жүкке (мәселен, қиыршық тас) арнайы рұқсат беруден бас тартамыз. Заңға қол қойылса, ауыр жүк көліктерін бұл жолдармен жүргізбейміз деп есептейміз», - деді Көлік комитетінің төрағасы.

Соңғы жаңалықтар