Қазақстанда аурухана құрылысында Түркияның тәжірибесі ескерілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) негізінде аурухана құрылысын жүргізуде Түркияның тәжірибесімен ескерілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылғы сәуірде менің төрағалығыммен ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдерімен бірлесіп, Түркияда сәтті іске асырылып жатқан мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделін зерделедік. Түркияның 2010-2023 жылдарға арналған МЖӘ-сі госпитальдық бағдарламасы жалпы қуаты 44 мыңнан астам төсектік 32 ірі көпбейінді аурухана салуды қамтиды. Бағдарлама халықаралық қаржы институттарының қаржылық және консультативтік қолдауымен іске асырылады», - деді министр.

Бұл бағдарлама жетістігінің факторларына тоқталсақ, нысандарды салу жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Өз кезегінде нысан пайдалануға берілгеннен кейін, салынған қаражатты мемлекет 25 жыл ішінде қолжетімділік үшін ақы төлеу арқылы қайтарады және жекеше әріптес көрсететін медициналық емес қызметтерге ақы төлейді. Инвесторға валюталық тәуекелден және инфляция тәуекелінен қорғауға кепілдік жасалған, сондай-ақ жобалық қуаттың 70 пайыз деңгейінде қызметтердің ең аз көлеміне кепілдік берілген.

Түрік тарапы ұсынған талдау мемлекеттік құрылыспен салыстырғанда нысандар мерзімінде құрылатынын, нысандардың сапасы мен жарақтандырылуы заманауи талаптарға сәйкес келетінін, аурухананың барлық процестеріне үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз ететінін көрсетті. Келісімшарт бойынша ақы төлеу жекеше әріптестің 600 сапалы индикаторын орындау ескеріле отырып, жүзеге асырылады.

«Тараптардың тәуекелдерін бөлуге мүмкіндік беретіндіктен, бұл схема әлемдегі барынша кеңінен тараған. Осыған байланысты, бірінші кезеңде қанатқақты жобалар ретінде Қарағанды, Алматы, Петропавл және Нұр-Сұлтан қалаларында 5 ірі көпбейінді медициналық кластерді іске асыру ұсынылады. Бұл нысандар әлеуметтік маңызды және басым бағыт болып саналады», - деді Е. Біртанов.

Осыған байланысты министр Түркия тәжірибесі аясында инфрақұрылымдық модель бойынша МЖӘ жобаларын іске асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар