Қазақстанда Ауғанстан жастарына бөлінетін білім гранты қысқарады - Дариға Назарбаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ауғанстан жастарына бөлінетін білім гранттарын қысқартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева Астанада өтіп жатқан «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» өңірлік конференциясында мәлімдеді.

«Ауғанстан жастарына арналған 5 жылдық білім беру бағдарламасы аясында мыңнан астам ауған жастары Қазақстанда оқыды. Жыл сайын 100 адам еліміздегі жоғары оқу орындарына түсіп отырды. Қазір бұл бағдарлама өз мәресіне жетті және бағдарламаны 30 ауғанстандықты оқытуға дейін қысқартамыз», - деді Дариға Назарбаева журналистерге берген сұхбатында.

Сенатордың айтуынша, бұл білім алғысы келетін ауған жастарының санына еш әсер етпеуі тиіс, себебі олар Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Жапония, Еуропада білім ала алады.

«Бүгінгі конференцияда өзбекстандық әріптестеріміз өз елдерінде ауған жастарын оқытып жатқанын айтты. Жапония да білім беру жобаларында Ауғанстанға үлкен көмек беріп отыр. Еуропалық одақ білім беру грантының алғашқы кезеңіне 2 млн еуро бөлуге дайын. Яғни бұл жұмыс жалғаса береді», - деді Дариға Назарбаева.

Сонымен бірге, Д. Назарбаева Ауғанстан жастарына бөлінетін білім гранттарының 50 процентін қыздарға бөлуді ұсынды.
«Бүгінгі шараны әйелдерге арнап отырғанымыз тегін емес. Әйел өмірге бала әкеледі және оған ең алғашқы тәрбие беріп, мінезі мен менталитетін қалыптастырады. Сондықтан, әйел білімді болуы керек. Білімді әйел баласына өз махаббатын, жылуы мен мейірімін берумен бірге, дұрыс дүниетанымын қалыптастырады. Ерлердің әйелдерге деген қарым-қатынасы дұрыс қалыптасады. Яғни, барлығы отбасынан басталады», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар