Қазақстанда асыл тұқымды малды субсидиялау 2020 жылға қарай 40 миллиард теңгеге жетеді - Б. Сағынтаев

None
None
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат -Қазақстанда асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау 2020 жылға қарай 40 миллиард теңгеге жететін болады.

Бүгін Парламентте «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев осылай мәлім етті.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, елімізде 2012 жылғы есеп бойынша мүйізді ірі қара малдың жалпы санының 70 пайызы жеке және қосалқы шаруашылықтардың үлесіне тиеді. Дегенмен, Б. Сағынтаевтың айтуына қарағанда, олардың өнімділігі тым төмен болып отыр.

«Мәселен, Қазақстанда бір сауын сиырдан орташа сауылатын сүт 2 336 келіні құрайды. Бұл Кедендік одақ мемлекеттерінің орташа көрсеткішінен 2 есеге төмен. Сойысқа өткізілген малдың беретін орташа салмағы шамамен 300 келіні құрайды. Бұл көрсеткіш те көңіл көншітпейді, өйткені Австралия мен АҚШ-та орташа салмақ 500 келіге жетеді. Осы мәселені шешу үшін негізгі екпін малдың генетикалық әлеуетіне түсетін болады», -дейді Б.Сағынтаев.

Бұл ретте министр ағымдағы жылы асыл тұқымды мал басын субсидиялау 2008 жылмен салыстырғанда 6,5 есеге артып, 14 миллиард теңгені құрағанын жеткізді.

«Ал «Агробизнес-2020» бағдарламасында осы бағыттағы субсидия мөлшерін 2020 жылы 40 миллиард теңгеге жеткізу қарастырылады», - дейді Б. Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар