Қазақстанда асыл тұқымды ірі қараның Бірінші халықаралық ашық аукционы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жазда Қостанай облысында Қазақстандағы асыл тұқымды ірі қара малдың Бірінші халықаралық ашық аукционы өтетін болады. Аукционда 180 асыл тұқымды бұқа және 130 асыл тұқымды Абердин-ангус қашарлары шығарылатын болады. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.

«Қазіргі таңда қазақстандық фермерлер үшін Канада, Австралия, Голландия секілді басқа да елдерге барып, шетелден мал әкелудің мүлдем қажеттілігі жоқ. Қазақстанның аумағына әкелінген асыл тұқымды мал саны жеткілікті. Соған орай, «екінші төл» аталатын асыл тұқымды ірі қара малын Қазақстанда сатып алу, шетелден мал жеткізу мен оны тасымалдауда айтарлықтай үнем жасауға мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар жеткізу мерзімін қысқартып, анағұрлым бейімделген малды иеленуге кепілдік береді. Бүгінгі таңда «ҚазАгроҚаржы» Қазақстанда туған 8 000 бас асыл тұқымды малды лизингке берді», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, асыл тұқымды төлдерді сату, негізінен аукцион арқылы жүргізіледі. Қазіргі күнге дейін бес ірі аукцион өткізіліп, онда фермерлер асыл тұқымды бұқаларды өз қалауынша таңдауға қол жеткізген.

«Биылғы жазда, нақтырақ айтқанда шілденің 3-іне қарай Қостанай облысында Қазақстандағы асыл тұқымды ірі қараның Бірінші халықаралық ашық аукционы өтеді. Аукционда 180 асыл тұқымды бұқа және 130 асыл тұқымды Абердин-ангус қашарлары шығарылатын болады. Бұлардың бір бұқасының салмағы 800 келіден артық болатынын айта кету керек», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасын бірнеше кезең бойынша жүзеге асырып келеді. Бірінші кезеңде Қазақстанда мал басын асылдандырып будандастыру мен көбейту үшін шетелден өнімділігі жоғары элиталы етті мал әкелінген болатын. 2011-2014 жылдар ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ елімізге барлығы 40 380 бас ірі қара жеткізді.

Ал бағдарламаның екінші кезеңінде мал басын әрі қарай асылдандырып, елімізде жалпы асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында, шетелдік мал табынынан төл алып, оларды бүкіл Республика бойынша тарату көзделген. Осы кезең ішінде еліміздегі 85 асыл тұқымды репродуктор-шаруашылық қаржыландырылған. 12 мыңнан астам асыл тұқымды төлдердің «екінші ұрпағы» алынған.

Соңғы жаңалықтар