Қазақстанда әскери полицияның өкілеттігі кеңейтілмек

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтың айтуынша, «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасы Қарулы Күштердегі құқық тәртібін нығайтуға бағытталған фунцияларды бекіту, әскери полиция органдары қызметінің міндеттері мен өкілеттіктерін кеңейтуге негізделген.

«Әскерилердің жарақат алуы мен өлімі жағдайларына жол бермеу және алдын алу мақсатында әскери қызмет пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру қажеттігі туындады. Осыған байланысты заң жобасында әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін ведомстволық қадағалау функциясын бекіту қарастырылып отыр», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қарулы Күштердің әскери полициясы орындайтын бірқатар функциялар мен міндеттер заңнамалық деңгейде регламенттелмеген.

Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік саласында міндеттерді тиімді орындау мақсатында әскери полиция органдары әскерилерінің құқықтарын кеңейту ұсынылып отыр. Осы орайда оларға әскери бөлімшелер мен мекемелерде әскерилер мен азаматтық персонал тұлғаларының жеке басын куәландыратын құжаттарға тексеру жүргізу, әскердің қатысуымен өтетін бұқаралық іс-шаралар орнына кіреберісте адамдардың заттарын, көліктерін және өткізетін жүктерін тексеру, қызметтік міндетін орындау кезінде бейнежазба техникалық құралдарын (видеотіркегіш пенвидеожетон) пайдалану құқы берілмек.

Мұнымен қоса, бейбітшілікті қолдау бойынша халықаралық миссияларда, оның ішінде БҰҰ миссияларына әскери полиция өкілдерінің қатысуын реттеу мақсатында заң жобасында тиісті түзету ескерілген.


Соңғы жаңалықтар