Қазақстанда әскери қызметшілерге ажырасқан тиімсіз болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин әскерилерді баспанамен қамтамасыз етуде ұсынылып отырған жаңашылдықтарға қатысты әзіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Заң жобасының басты мақсаты - баспанаға мұқтаж барлық әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге негізделген. Өмірде түрлі жағдайлар орын алады. Ажырасқан жағдайда әскери қызметшінің зайыбына тұрғын үй төлемдері тоқтатылады, себебі ол отбасы мүшесі құрамынан шығарылады. Ал неке бұзылғанға дейін жасалған төлемдердің барлығы ортақ жиналған мүлік болғандықтан, ортақ негізде бөлінеді. Сондықтан әскери қызметшілерге ажырасқан тиімсіз болады, өйткені төлемдердің сомасы айтарлықтай азайып қалады», - деді ҚР Қорғаныс министрінің Талғат Мұхтаров.

Сонымен қатар Т. Мұхтаровқа «егер ерлі-зайыптылар әскери қызметшілер болған жағдайда, олардың қайсысына төлем жасалады» деген сауал қойылды. Осы орайда ол отбасында тұрғын үй төлемдері ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана рәсімделетінін атап өтті.

Талқылаулар кезінде өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әзілін айта келе: «Талғат Сәбитұлы осы мінберде тұрып «әскерилерге тұрмысқа шығыңдар, олар бұйрықпен барлығын істейді» деген үндеу жасады», - деді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, заң жобасының мақсаты мен маңызы баспанаға мұқтаж болған барлық әскери қызметшілердің санаттарын төл тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Қарастырылып отырған тетіктерге тоқталсақ, әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есеп-шотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі баспананың 1 шаршы метр құнын әскери қызметші отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі.

Бұдан бөлек, 2018 жылы баспанасыз әскери зейнеткерлерге біржолғы ақшалай өтемақы беру ескерілген. Қаза тапқан әскерилердің отбасылары да жаңа баспана алады. Жалпы, Қарулы Күштердің және барлық күш құрылымдары органдарындағы баспанасыз жүрген 60 мыңнан астам әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешу қарастырылып отыр. 

Соңғы жаңалықтар