Қазақстанда әскери қызметкерлердің зейнетақысы қашан қайта есептеуден өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін әскер қатарына келгендердің және 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін қызметінен босатылған әскерилердің зейнетақымен қамтамасыз етілуін қайта қарау бойынша жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенатта аталған ведомствоның басшысы Тамара Дүйсенова 2016 жылдан бастап әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету толықтай мемлекеттік деңгейге өткенін айтты. Олардың орташа еңбек өтілі шамамен 20 жылды құрайды.

«Олар 20 жылда өздеріне зейнетақы жинақтарын тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Бұл мерзімде зейнет жасына дейін жеткілікті қор жиналмайтыны анық. Осы орайда 2016 жылдан бері олар толықтай мемлекеттік қамтамасыз ету жүйесіне өтті. Жақында бұл мәселе әскерилермен бірге қаралған болатын. Сонымен қатар Парламент депутаттары осы тақырыпты талқылаған еді. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Үш айдың ішінде Қорғаныс министрлігінің және басқа да күш құрылымдардың өкілдерімен, сондай-ақ Үкіметтің қаржылық-экономикалық блогымен бірге тиісті ұсынысты даярлаймыз», - деді Т. Дүйсенова сенаторлар сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр шахтерлердің зейнетке шығу жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді.


Соңғы жаңалықтар