Қазақстанда әрбір оныншы адам дәрігерге өміріне қауіп төнген кезде ғана келеді - ӘМСҚ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауруханаға жатып емделетіндердің 70 пайызға жуығы немесе 1,9 миллионы дерт меңдеп, ауруы асқынғанда ауруханаға шұғыл жеткізілгендер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық күні 7 сәуірде бүкіл әлем халқының назарын халықаралық қоғамдастық алдында тұрған негізгі денсаулық сақтау мәселелеріне аудару үшін аталып өтеді.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда негізгі деген аурулардан 19,3 мың адам көз жұмған. Оның 7,5 мыңға жуығы - еңбекке қабілетті жастағылар. Халқының саны 18 миллионнан аспайтын еліміз жыл сайын «тепсе темір үзетін» 7,5 мың тұрғынынан айырылып отырады.

Мамандардың пікірінше, бұған өлім-жітімнің басты себепкері делінетін негізгі 5 аурудың ықпалы мол. Өткен жылы қан айналымы жүйесі аурулары бірінші орынды иеленді, ол аурудан Қазақстанда 9,7 мың адам қайтыс болды. Ас қорыту органдарының ауруларынан 2,8 мың қазақстандық көз жұмды. Үшінші орында - апаттар, жарақат және улану тұр. Одан кейін - обыр және тыныс алу органдарының аурулары.

Статистика мәліметі бойынша, жыл сайын 2,9 миллионға жуық адам ауруханаға жатып емделеді. Оның 70 пайызға жуығы немесе 1,9 миллионы - дерт меңдеп, ауруханаға шұғыл түрде жеткізілгендер. Былайша айтқанда, Қазақстанда әрбір оныншы адам дәрігерлер алдына жаны қысылып, өміріне қауіп төнген кезде ғана келеді. Мұндай жағдайда науқастың тегін негізгі көмектен бөлек, бағасы қымбат процедуралардың ақысын қалтасынан төлеуге мәжбүр болатыны жасырын емес.

«Бүгінгі күні мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмектің бөлігі ретінде науқастар тек мемлекеттік медициналық ұйымдарда ғана емес, сонымен қатар жекеменшік ұйымдарда да тегін ем алады. Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа 51 медициналық ұйым қызмет етеді, оның 22-і жекеменшік ұйым болып табылады. Сонымен қатар, жақын арада СҚО-да халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін медициналық сақтандыру қорының қызмет берушілерінің тізімі жаңа жекеменшік ұйымдармен толықтырылады», - дейді «ӘМСҚ» СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметі мамандары.

Жалпы, 2019 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 972,7 млрд теңге бөлінді. Оның 395,4 млрд-қа жуығы емханалық-амбулаторлық көмекке жұмсалып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілмек. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 5% артқан.

Соңғы жаңалықтар