Қазақстанда апта ішінде орын алған кадрлық тағайындаулар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында орын алған кадрлық ауыс-түйіске шолу ұсынады.

Мадияр Қожахмет ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Мадияр Дүйсенбайұлы Қожахмет 1984 жылы дуниеге келген. 2007 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген, халықаралық құқық магистрі. 2008 жылы Чех мемлекеттік қоғамдық ғылымдар университетін аяқтаған, экономика және менеджмент магистрі. 2003- 2006 жылдары - «Қазақстанның жастар конгресі» ЗТБ әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар басқармасының бастығы, орындаушы директоры; 2006-2008 жылдары - «Қазақстанның жастар конгресі» ЗТБ Чехиядағы өкілі; 2008 жылы - ҚР Білім және ғылым министрлігі Тәрбие жұмысы және жастар саясат департаменті директорының орынбасары; 2008-2012 жылдары - ҚР Білім және ғылым министрлігі Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры; 2012-2014 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекетті қадағалау және ұйымдастырушылық-аумақтық жұмыстары бөлімінің инспекторы; 2014-2017 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің аппарат басшысы; 2017-2019 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2019-2020 жылдары - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.

Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы қызметіне Төреахмет Сайлаубайұлы Жолымбетов тағайындалды.

Ол 1976 жылы дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетін «экономист-шығыстанушы, түрік тілінің аудармашысы-референті», Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «инженер» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Алматы қаласындағы Қазақстанның Даму институтын экономикалық зерттеулер орталығының стажер-зерттеуші ретінде бастаған. 2003-2006 жылдары – Қызылорда облыстық минералдық ресурстардың энергетикалық инфрақұрылымы басқармасы-жетекші маманы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру бақылау бөлімінің бас маманы, бас инспекторы қызметтерін атқарған. Ал 2007-2014 жылдары Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы Қызылорда облыстық филиалының директорының орынбасары, «Құрылыс Базис Кызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департамент директорының әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары болды. 2014-2017 жылдары бақылау және әлеуметтік комитетінің Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің, Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметінде болған. 2017 жылдың наурыз айынан бастап осы кезге дейін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданына әкім болып Рахат Смағұлов тағайындалды.

Рахат Назымбекұлы Смағұлов - Ресейдің Омбы облысының тумасы. 1982 жылы Есілкөл ауданындағы Қасқат елді мекенінде дүниеге келген. Омбы мемлекеттік аграрлық университетін «агрономия» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы туған ауылында - Қасқат селолық әкімшілігінде маман болып бастады. 2005-2015 жылдар аралығында облыстың ауыл шаруашылығы саласында жергілікті атқарушы билік органдарында түрлі қызметтер атқарды. 2015-2019 жылдары - М. Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары. Осы тағайындалуға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының жетекшісі лауазымында болды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Уәлиханов ауданына Қайрат Пішенбаев әкім болып тағайындалды.

Қайрат Сәкенұлы Пішенбаев 1961 жылы Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі М.Жұмабаев ауданы Ворошилов ауылында дүниеге келді. 1986 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1979 жылы облыстағы Молодогвардейцев атындағы кеңшарда моторист болып бастады. 1995 жылға дейін квазимемлекеттік секторда жұмыс істеді. Одан әрі он жыл бойы «Азық-түлік корпорациясы» жабық акционерлік қоғамында қызмет етті. Әртүрлі уақытта Ақжар, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының әкімі болды. Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары болды. Осы уақытқа дейін мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың өкімімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жаңа басшы болып Ақылбек Аманбайұлы Рысқалиев тағайындалды.

Ақылбек Аманбайұлы 1971 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика институтын «мәдени ағарту жұмыстарының ұйымдастырушы методисі» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры» бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы Атырау облысы, Исатай аудандық мәдениет бөлімінің әдіскерлер орталығының әдіскері лауазымынан бастаған. 1994-2006 жылдары әдіскерлер орталығының меңгерушісінен Мәдениет үйінің директорына дейін түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2006 жылы Аққыстау ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. 2012 жылы Исатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымын атқарған. Соңғы жұмыс істеген орны – Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Жылыой ауданының әкімі болып Хәлел Жамалов тағайындалды.

Хәлел Жамалұлы 1962 жылы 15 тамызда Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1985 жылы Алматыдағы В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Мамандығы – инженер-механик. Еңбек жолын 1985 жылы Оңтүстік-Ембі мұнай барлау экпедициясында дизелист болып бастаған. 1985-1989 жылдары Оңтүстік-Ембі мұнай барлау экпедициясында машинист, механик болып жұмыс істеген. 1989-1991 жылдары «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің Теңіз технологиялық көлік басқармасында МТҚ бөлімінің жетекші инженері, бөлім басшысы, бас инженер лауазымдарын атқарған. 1991-1999 жылдары аралығында коммерциялық кәсіпорын басшысы, бөлім басшысы, маркетинг бөлімінің бас менеджері болған. 2000-2002 жылдары «Горизонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас менеджері, 2002-2004 жылдары «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары болып жұмыс істеген. 2005 жылдың қаңтарынан бері «Горизонт» ЖШС бас менеджері. Жылыой аудандық мәслихатының 4, 5, 6 шақырылымдарына депутат болып сайланған.

Данияр Есин «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Ол 2019 жылдың маусымынан 2020 жылдың 26 маусымына дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарды. 2002 жылы ҚР Қаржы полициясы академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған, 2013 жылы Қазақстан-Ресей университетінде «Экономика» мамандығы бойынша оқып шықты. 2016 жылы РФ Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Заң» мамандығын оқып бітірді. Қазіргі уақытта ҚМЭБИ университетінде жетекшілерге арналған ExecutiveMBA (еркін оқу жүйесі, демалыс күндері) игеруде. Еңбек жолын 1998 жылы Академияда бастады. 2007 жылдан бастап әртүрлі басшылық қызметтер атқарды. Әр жылдары Астана қаласының Инвестициялар және даму басқармасында қызмет еткен. 2015-2016 жылдар аралығында Астана қаласы Инвестициялар және даму басқармасы Басшысының орынбасары және басшысы болды. 2016-2018 жылдар аралығында Астана қаласының Дін істері басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2018-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасын басқарды. Құрмет орденімен, «Астана қаласына 20 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл ордендерімен дәне елордамыздың дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласындағы Балалар арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығына Шолпан Мақашева директор болып тағайындалды.

Ол бұрын Шығыс Қазақстан облысының бас педиатры қызметін атқарған. Шолпан Ермекқызы 1999 жылы Семей мемлекеттік медициналық академиясын «педиатрия» мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Экономика және бизнес магистрі дәрежесіне ие. 1999 жылы «Жалпы практика дәрігері» мамандығы бойынша интернатураны аяқтаған. 2001 жылдан 2007 жылға дейін Семей политехникалық колледжінде жасөспірімдер дәрігері болып жұмыс істеген. 2007 жылдан бастап 2017 жылға дейін Үржар ауданының ауданаралық ауруханасында педиатр, балалар бөлімінің меңгерушісі және неонатолог болды.


Соңғы жаңалықтар