Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Автор:  
Әлихан Асқар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан аптада елімізде бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйіс болды. Атап айтқанда, қайта тағайындалған Премьер-Министр, бірнеше комитеттің жаңа төрағалары мен судьялар өз қызметтеріне кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта ішінде Мәжіліс депутаттарының келісімі және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.

Әлихан Асханұлы 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.1996 жылы - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993-1999 жылдары – «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы, бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы, ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары, бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

1999-2003 жылдары - ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2003-2006 жылдары - ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

2006-2009 жылдары - ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті.

2009-2014 жылдары - ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2014-2015 жылдары - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.

2015-2018 жылдары - ҚР Президентінің көмекшісі.

2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін - Қаржы министрі.

2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.

2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалған.

Сонымен қатар, өтіп бара жатқан аптада ҚР Президентінің Жарлығымен Астана соттарының судьялары тағайындалды. Мемлекет басшысының сәйкес Жарлығымен жаңа қызметке кіріскендер:

Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып Сағидолдина Нұргүл Өмірбекқызы;

Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы болып Бекішева Камила Болатовна;

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып Сайдулдинова Ғалия Әмірғазиновна;

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып Тасымбетов Сейфулла Зәкәрияұлы.

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы болып Нұрбеков Диас Серікбайұлы.

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары болып Әбенова Айжан Шайморданқызы, Әлімбетов Айдос Сәрсенбекұлы, Есжанова Шынаргүл Енсепбайқызы, Исқалиева Асылғаным Сатыбалдықызы.

Ал, Үкімет қаулысымен Абзал Бейсенбекұлы ҚР Қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Абзал Бейсенбекұлы 1985 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Ноттингем университетін (Ұлыбритания), Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Еңбек жолын 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінде бастаған.

2021 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы қызметін атқарды.

Мұнымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Ербол Ердембекұлы Тілешов Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Ербол Тілешов 1965 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын С. Сейфуллин атындағы Ақмола университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы болып бастаған.

2022 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ бас директоры қызметін атқарған.

Сондай-ақ, өтіп бара жатқан аптада жаңа сайланған Мәжіліс депутаттары арасынан комитет төрағалары бекітілді.

Атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болып Асхат Аймағамбетов сайланды.

Асхат Аймағамбетов 1982 жылдың 14 маусымында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. 2003 жылы «тарихшы, тарих пәні мұғалімі» мамандығымен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (ҚарМУ) бітірді. 2006 жылы «Болашақ» Қарағанды актуальды білім беру институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдады.

2017 жылғы тамыз - 2019 жылғы 17 қаңтар - ҚР Білім және ғылым вице-министрі.

2019 жылғы 17 қаңтар - 13 маусым 2019 жыл - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.

2019 жылдың 13 маусым күні ҚР Білім және ғылыми министрі болып тағайындалды. 2022 жылдың 11 маусымынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрі.

2023 жылғы 4 қаңтар күні Президент Жарлығымен қызметінен босатылып, 19 наурыздағы сайлау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланды.

Ал, Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болып Серік Егізбаев сайланды.

Серік Егізбаев 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі - ғалым агроном, мемлекеттік қызмет менеджері, заңгер. Еңбек жолын Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысындағы «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында жұмысшы болып бастаған.

2019 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың ақпан айына дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Снежанна Имашева болса, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметіне сайланды.

Бұған қоса, ҚР Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып Мәди Тәкиев сайланды.

Сонымен қатар, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы лауазымына Нұртай Сабильянов сайланды.

Нұртай Салихұлы 1962 жылдың 1 маусымында сол кездегі Семей облысы Аягөз ауданы Шынқожа ауылында дүниеге келген.

1988 жылы Алматы халық шаруашылығы инстиутын «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті талдау» мамандығы бойынша бітірді. 1999 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша тамамдаған. Парламенттің бірқатар шақырылымдарында депутат, соның ішінде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болып келген еді.

Ал, ҚР Парламенті Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы лауазымына Еділ Жаңбыршин сайланды.

Еділ Терекбайұлы 1966 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Алматы энергетикалық институтын «Жылу электр станциялары» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматы энергетика институтында «Жылуэнергетикалық қондырғылар» кафедрасының ассистенті болып бастаған. 2021 жылдың қаңтарынан бастап жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі болды.

Айгүл Құспан болса, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.

Айгүл Құспан Алматы шет тілдері педагогикалық институтын (1983); М.Торез атындағы Мәскеу шет тілдері педагогикалық институтын тәмамдаған.

Ол осы уақытқа дейін Сыртқы істер министрлігінде бірқатар лауазымдарда қызмет атқарған. Дипломатиялық дәрежесі: Төтенше және Өкілетті Елші.

Бұған қоса, өңірлердегі маслихат төрағалары сайланды. Енді Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардағы маслихаттарға мына азаматтар жетекшілік етеді:

Астана қалалық мәслихатының төрағасы - Ерлан Каналимов;

Алматы қалалық мәслихатының төрағасы - Мейіржан Отыншиев;

Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы - Бахадыр Нарымбетов;

Абай облыстық мәслихатының төрағасы - Қуаныш Сүлейменов;

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы - Денис Рыпаков;

Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы - Александр Светаш;

Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы - Наурызбай Байқадамов;

Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы - Ибадулла Құттықожаев;

Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы - Нүркен Қобжанов;

Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы - Алтынтөре Бөкенов;

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы - Мұрат Мұқаев;

Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы - Абдалы Нұралиев;

Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы - Жаңбырбай Матаев;

Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы - Сарсенбаев Ғаппар;

Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы - Сембіғали Закенов;

Петропавл қалалық мәслихатының төрағасы - Арман Бердағұлов;

Қонаев қалалық мәслихатының төрағасы - Қайрат Ахметтаев;

Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы - Раушан Қапарова;

Сондай-ақ, бірқатар өңірдегі басқармаларға жаңа басышылар келді. Апта ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі және облыс әкімінің өкімімен Бибігүл Қонысбаева БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Бибігүл Тишанқызы 1975 жылы дүниеге келген. Ақмола қаржы-экономикалық техникумын, Орал қаласындағы еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген. Мамандығы – қаржы және несие.

Әр жылдары Шыңғырлау ауданының қаржы бөлімінде аға экономист, БҚО қаржы басқармасында I-II санаттағы экономист, аға, жетекші, бас маман, жергілікті бюджеттің орындалуын бақылау және талдау бөлімінің бастығы, БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бюджет саясаты және жоспарлау бөлімінің басшысы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Ал, Рүстем Рысқалиұлы Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Рүстем Рысқалиұлы 1988 жылы туған. Оның екі жоғары білімі бар – Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ және «Болашақ» Қарағанды университетін бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы ішкі істер органдарында бастаған. 2016 жылдан бастап Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бас маман – заңгер болып жұмыс істеді. 2018 жылдан 2021 жылға дейін – облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап осы тағайындауға дейін Шет ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Бұған қоса, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Олжас Искаковтағайындалды.

Олжас Ермекұлы 1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «Емдеу ісі», Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін «Экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандықтары бойынша бітірген. Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент магистрі. Бүгінгі күні Алматы менеджмент университетінде докторантура бойынша өз білімін жетілдіруде.

Еңбек жолын 2013 жылы № 3 қалалық емханада учаскелік дәрігер болып бастап, 2018 жылға дейін осы емханада бөлімше меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2018-2021 жылдар аралығында Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2021 жылдан осы кезге дейін Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары қызметтерін атқарып келді.

Аталған өңірдің Көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып Нариман Мақұлбеков тағайындалды.

Н. Мақұлбеков әр жылдары прокуратура саласында тергеуші-стажердан бастап, Қармақшы, Қазалы аудандарының прокуроры, облыс прокурорының орынбасары, ҚР Бас прокуратурасында басшылық қызметте болды.

Жаңа қызметіне дейін ол ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Мұнымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Жанат Әміржанов ветеринария басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Жанат Әміржанов 1969 жылы Шал ақын ауданы Ольгинка ауылында дүниеге келген. Солтүстік Зауралье мемлекеттік аграрлық университетін құқықтану, ветеринария мамандықтары бойынша тамамдаған. Сондай-ақ, Заманауи гуманитарлық академияның түлегі, заңгер.

Еңбек жолын 1988 жылы туған ауылындағы кеңшарда бас ветеринарлық дәрігер болып бастап, 1997 жылға дейін жұмыс істеді. СҚО әкімдігінің мәліметінше, Жанат Қабижанұлы 20 жылдан астам уақыт ветеринария саласында жұмыс істеп келеді. 1998-2012 жылдары СҚО Тимирязев ауданы Ишим ауылдық округінің, Шал ақын ауданы Ступин ауылдық округнінің әкімі болды, Сергеевка қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2012 жылы Шал ақын ауданының ветеринариялық станциясы құрылған сәттен бастап қатардағы ветеринарлық дәрігерден осы мекеменің директорына дейінгі жолды өтті.





Серіктестер жаңалықтары