Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2022 жылғы 2 қазан, 12:21
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

26 қыркүйекте Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына Марат Сандыбаев тағайындалды.

Марат Нұрланбекұлы Семей мемлекеттік медицина институтын, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, «Алматы Менеджмент Университеті» ОҒҚ бітірген.

Семей қаласындағы облыстық клиникалық ауруханасының анестезиолог дәрігері болып жұмыс істей бастады.

1996-1998 жылдары - Семей қаласындағы облыстық онкодиспансері ОМР бойынша директордың орынбасары;

1998-2013 жылдары - Семей қаласындағы өңірлік онкодиспансерінің директоры;

2018-2022 жылдары - Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығының директоры болды.

Марат Нұрланбекұлы медицина ғылымдарының докторы, Медицина мамандығының доценті. Екі монографияның, 183 ғылыми мақаланың авторы, 10 авторлық куәлік және бір инновациялық патенттің иегері.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

Осы күні Қарағанды облысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып Сержан Аймақов тағайындалды.

Сержан Аймақовтың кандидатурасы конкурстық комиссияның шешімімен ұсынылды.

Мемлекеттік қызметте Сержан Аймақов 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Түрлі лауазымдарды атқарды.

Қарқаралы қаласы әкімінің орынбасары, Қарқаралы ауданы Салық комитетінің төрағасы, Қарқаралы ауданы әкімінің бірінші орынбасары болды.

2007 жылдан 2010 жылға дейін Қарағанды облысының құрылыс басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

Кейін Қарқаралы, Осакаров аудандарының, Шахтинск қаласының әкімі болды.

2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың қыркүйегіне дейін Бұқар жырау ауданын басқарды.

Дүйсенбіде Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Қоңыров Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери әуе күштерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды. Тиісті жарлық Ақорданың ресми сайтында жарияланған.

1970 жылы 27 наурызда Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Федеровка ауылында өмірге келген.

1-сыныпты ұшқыш, әскери-көліктік авиация ұшқышы, Як-18, Ан-26, Ан-72 және С-295 ұшақ түрлерін меңгерген. Жалпы ұшуы - 3500 сағат.

«Бейбіт аспан», «Өзара іс-қимыл», «Жауынгерлік достастық», «Дала қыраны» халықаралық оқу-жаттығуларына, «KADEX» және т.б. қатысқан, Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне, Жоғарғы бас қолбасшының қатысуымен Гвардейскіде Отан қорғаушы күнін мерекелеуге орай өткен әскери парадта әскери қызметшілерді десанттап, түсірді.

Тактикалық және халықаралық оқу-жаттығуында тапсырмаларды үздік және сапалы орындағаны үшін ҚР Президенті, ҚР Қорғаныс министрінің және ҚР ҚК ӘҚК бас қолбасшысының алғысына ие болды.

2016 жылы С-295 әскери-көліктік ұшақ экипажы құрамында Қазақстан Республикасының азаматтарын РФ Санкт-Петербург қаласынан Астанаға тасымалдау бойынша гуманитарлық көмек жасады.

26 қыркүйек күні ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихаттың шешімімен және Алматы облысы әкімінің өкімімен Берік Дүйсенбев Райымбек ауданының әкімі болды.

Облыс әкімі Райымбек халқына арнаған сөзінде өңірде жүзеге асуға тиіс бірқатар міндеттерді атап өтті.

Апта басында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың өкімімен Берік Әлжанов Тайынша ауданының әкімі болып тағайындалды.

Берік Әлжанов 1976 жылғы СҚО Есіл ауданы Чириковка ауылында туған. Екi жоғары бiлiмi бар: 1993-1998 жылдар аралығында С. Сейфуллин атындағы аграрлық университетте мал дәрiгерi, 2011-2013 жылдар аралығында «Көкше» академиясында экономика, қаржы мамандықтары бойынша бiлiм алған.

Еңбек жолын туған ауылында физика пәнiнiң мұғалiмi болып бастады. 2001-2007 жылдар аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігінде Есiл аудандық аумақтық басқармасы құрылымдық бөлiмшесiнiң жетекшi маманынан басшысына дейiнгi лауазымдарды атқарды.

2007-2010 жылдар аралығында Есiл ауданы ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы болды.

2010-2015 жылдары СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлiмiнiң басшысы;

2015-2019 жылдары СҚО әкiмдiгiнiң ветеринария басқармасы басшысының орынбасары қызметтерінде еңбек етті.

Соңғы тағайындауға дейін облыстық ветеринария басқармасының басшысы лауазымында болды.

Сол күні Атырау облысы әкімінің өкімімен облыстық құрылыс басқармасының басшысы лауазымына Нұрберген Құсайынов тағайындалды.

Нұрберген Мәлікұлы мемлекеттік Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжін газ жабдықтау жүйесі мен жабдықтауды монтаждау және пайдалану мамандығымен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы Орал қаласындағы «Батысгазстрой» ЖШС-де өндірістік техника бөлімінің маманы болып бастаған.

2010-2011 жылдары аралығында «Батысгазстрой» ЖШС-де өндірістік-техника бөлімінің маманы, 2011-2012 жылдары Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде көмекші болған.

2012-2012 жылдары Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы, 2012-2017 жылдары Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маманы, 2017-2018 жылдары Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде сектор меңгерушісі болып жұмыс істеген.

2018-2018 жылдар аралығында Жылыой ауданы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы, 2018-2018 жылдары Жылыой ауданы құрылыс бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы, 2018-2019 жылдары Жылыой ауданы құрылыс бөлімінің бас маманы болған.

2019-2021 жылдары Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің басшысы, 2021 жылдан бастап бүгінге дейін Атырау облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.

26 қыркүйекте Атырау облысының ішкі саясат басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымды облыс әкімінің өкімімен Гүлнұр Сүйеуова атқарады.

Гүлнұр Жалғасқызы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің химия және биология пәнінің мұғалімі, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін қаржы мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Индер ауданының Есбол ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. 1998-1999 жылдары Ақтау қаласында №17 орта мектепте мұғалім, 2000-2001 жылдары Индер ауданында М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болған.

2001-2003 жылдар аралығында Индер ауданының Индербор кентінде М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2003-2004 жылдары Индер аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде уақытша бас маман, 2004-2005 жылдары Индер аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде бас маманы, 2005-2008 жылдары Индер аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман болып жұмыс істеген.

2008-2009 жылдары Индер аудандық ішкі саясат бөлімінде, 2009-2010 жылдар аралығында Индер аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бөлім басшысы, 2010-2011 жылдары Индер аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бөлім бастығының орынбасары, 2011-2012 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадрмен жұмыс және мемлекеттік құқық бөлімінде бөлім меңгерушісі, 2012-2013 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінде бөлім меңгерушісі лауазымын атқарған.

2013-2017 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының кадр қызметі және персоналды басқару бөлімінде бөлім басшысы, 2017-2021 жылдары аралығында Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2021 жылдан осы тағайындауға дейін Индер ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Сол күні Жетісу облысы әкімінің өкімімен Ғалымжан Маманбаев Сарқан ауданының әкімі болып тағайындалды.

Ғалымжан Қанатұлы 1968 жылы туған, білімі жоғары.

Талдықорған сыртқы заң институтын «құқықтану», Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «менеджмент» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Сарқан ауданында Тополевка шекара ветеринариялық учаскесінде бастаған. Біршама жыл Сарқан ауданында жастар мен еріктілер қоғамында белсенділік көрсетті.

Әр жылдары аудандық әкімдікте ұйымдастыру бөлімінің аға референті, Сарқан қалалық округі әкімінің орынбасары, Алматы облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының Сарқан ауданы бойынша бас маманының міндетін атқарушы, аудандық пошта байланыс торабы бастығының орынбасары, аудандық ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарған.

2006 жылдың қаңтар айынан Сарқан ауданы әкімінің орынбасары болды.

Өтіп бара жатқан апта басында журналист, тележүргізуші Еркін Мұхамеджанов «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Еркін Мұхамеджанов отандық телевизияда, оның ішінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясында 22 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Еңбек жолын аймақтық телеарнадан тілші болып бастап, телевизияның барлық сатысынан өтті. 2018 жылдан бері «Qazaqstan» телеарнасының директоры қызметін атқарды.

Дүйсенбі күні ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы аумақтық департаменттеріне жаңа басшылар тағайындалды.

Ұлттық статистика бюросынан мәлім еткендей, ведомство басшысы Жандос Шаймарданов екі облыстың басшысын жеке барып таныстырды.

Абай облысында басшылыққа Берік Терлікбаев тағайындалса, ШҚО-да Ерназ Нұрланов қызметке отырды.

Жетісу облысының аймақтық басшысын әріптестер алдында бюро басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев таныстырды. Аумақтық департаментті Марат Бөкенов басқаратын болды.

Берік Серікқанұлы 2021 жылғы шілдеден бастап, бүгінгі тағайындауға дейін ШҚО бойынша өңірлік департаментті басқарып келді.

Мемлекеттік қызметте 21 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, салық және аудит салаларында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Статистика саласында еңбек жолын 2003 жылы бастаған, Аягөз ауданының статистика секторының бастығы болып еңбек етті. 2012 жылдан бастап ШҚО бойынша өңірлік департамент басшысының орынбасары болды.

Ерназ Нұрланұлы ШҚО бойынша департамент басшысы болып тағайындалғанға дейін осы ведомствода басшы орынбасары қызметін атқарды.

10 жылдан астам жұмыс өтілі бар. Еңбек жолын ақпараттық және техникалық қамтамасыз ету секторының маманы ретінде бастаған.

Өскемен қаласы бойынша статистика басқармасында жұмыс істеді. Әр жылдары ШҚО-ның Бесқарағай, Тарбағатай аудандарының статистика басқармасын басқарды.

Марат Боранбекұлы 2013 жылдан бастап, бүгінгі тағайындауға дейін Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 28 жылдан астам. Еңбек жолын кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы болып бастады. Статистика саласында 1999 жылдан бастап жұмыс істейді. Еңбекшіқазақ аудандық статистика бөлімінің басшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

28 қыркүйекте отандық спортшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қатарына қосылды.

Василий Левит Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерді физикалық шынықтыру басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының дене шынықтыру деңгейін арттыру, сондай-ақ агенттікті құқық қорғау органдарында танымал ету міндеті қойылады.

Василий Левит - 1988 жылы туған, Қостанай облысының тумасы, білімі жоғары.

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, екі Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2017, 2019), Қазақстан тарихындағы алғашқы үш дүркін Азия чемпионы (2009, 2015, 2017), Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері (2019, 2021), бокстан халықаралық және ұлттық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Ел дамуына қосқан үлесі үшін 2 дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.

Сәрсенбі күні Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының әкімі болып Алмат Ақышов тағайындалды.

Алмат Талғатұлы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін туризм мамандығы бойынша, Алматы экономика және статистика академиясын экономика және бизнес мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын өңірлік даму магистрі біліктілігі бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын елордадағы «Қазақстан орталық концерт залы» әкімшілік-шаруашылық бөлімінің билет бақылаушысынан бастаған.

2012 жылдан Өскемен қалалық туризмді дамыту бөлімінің маманы, кейін Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ұйымдастыру бөлімінің басшысы болды.

2015-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде сарапшы және бас сарапшы лауазымдарында қызмет етті.

2018-2020 жылдары ШҚО Ұлан ауданы әкімі аппаратының басшысы болған.

2020-2021 жылдары ШҚО Аягөз ауданы әкімінің экономика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

2021 жылдың қаңтар айынан осы уақытқа дейін ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы лауазымын атқарған.

29 қыркүйекте «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы болып Нұрбек Матжани тағайындалды.

Нұрбек Матжани - Northwestern университетінің менеджмент магистрі, жеке консалтинг.

Білімі: 2007 - 2011 ж.ж. – Машина жасау бакалавры, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін (Алматы); 2018 - 2020 ж.ж. – Инженерлік менеджмент магистрі, Northwestern University, Эванстон, Иллинойс, АҚШ.

Еңбек өтілі: «WikiBilim» қоғамдық қорында үйлестіруші, президент; Қызылорда облысы әкімінің аппаратында маман; «Bilim Media Group» ЖШС-де басқарушы директор, «Atom Media» ЖШС-де атқарушы директор қызметін атқарған. 2020 жылдан бастап жеке консалтинг.

Сондай-ақ, сол күні бұған дейін осы қызметті атқарған Қазбек Майгелдинов «Қоғамдық келісім» РММ директоры болып тағайындалды.

Қазбек Майгелдинов 1983 жылдың 3 қарашасында дүниеге келген.

2005 жылы Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Тарих» мамандығы, 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің магистратурасын «Археология және этнология» мамандығы, 2018 жылы Қарағанды экономикалық Қазтұтынуодағы университетін «Құқықтану: экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандығы, 2021 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасын «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірді.

«Археология институты» РМҚК жалпы археология бөлімінің ғылыми қызметкері; ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері; ҚР Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде маман; Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми зерттеулер және талдау орталығының басшысы; «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ қоғамдық процестерді зерттеу орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған.

2022 жылы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың құрамына кірді.

«Блогосфера көшбасшысы-2020» номинациясы бойынша «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының иегері. 40-тан астам ғылыми мақала авторы.

30 қыркүйек күні «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне Дәулет Хамзин сайланды.

Дәулет Ғазизұлы 1973 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген. 1997 жылы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтының магистратурасын «Экономика және болжау» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы инженер-бағдарламашы ретінде бастады.

2006 жылдан бері азаматтық авиация саласында басқарушылық түрлі лауазымдарда қызмет атқарып келеді. Атап айтқанда, әр жылдары «Сарыарқа әуежайы» АҚ президенті, «Scat авиакомпаниясы» АҚ дамыту бойынша вице-президенті, «Әулиеата халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы болды.

2020 жылдан бастап елорда әуежайында Атқарушы директор, Коммерция департаментінің директоры ретінде еңбек етті. Биылғы қаңтар айынан бүгінге дейін «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Дәулет Хамзин Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл мерекелік медалімен, ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталған. «Құрметті авиатор» төсбелгісінің иегері.

1 қазанда Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында ҚР Бас прокурорының бұйрығымен жаңа прокурорлар тағайындалды.

Қарағанды облысының прокуратурасы хабарлағандай, кадрлық өзгерістер Саран қаласына, Бұқар жырау және Нұра аудандарына және Қарағанды облысының мекемелерінде қылмыстық жазаның орындалуының заңдылығын қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратурада болды.

Саран қаласының прокуроры болып әділет кеңесшісі Жанқозы Нақышев тағайындалды.

Ол еңбек жолын 2001 жылы Жезқазған қаласы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы қызметінен бастаған.

Жезқазған қаласы прокурорының аға көмекшісі, Балқаш қаласы прокурорының орынбасары, Теміртау қаласы прокурорының орынбасары, Сәтбаев қаласының прокуроры болып жұмыс істеді.

2017 жылдан бастап Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының прокуроры қызметін атқарды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 20 жылдан астам.

Бұқар жырау ауданының прокуратурасын аға әділет кеңесшісі Нариман Кервенов басқарды.

Ол еңбек жолын 1996 жылы Қарағанды облысы Қарағанды қаласының Октябрь ауданы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік тергеу комитеті бөлімінің тергеушісі лауазымынан бастаған.

Абай ауданы прокурорының көмекшісі, Қарағанды қаласы прокуратурасының тергеу, анықтау және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы, Қаражал қаласының прокуроры, облыс прокуратурасының басқарма бастығы – аппарат басшысы болып жұмыс істеді.

2018 жылдан бастап Қарағанды облысы мекемелерінде қылмыстық жазалардың орындалу заңдылығын қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокурор қызметін атқарды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 25 жылдан астам.

Нұра ауданының прокуратурасын аға әділет кеңесшісі Марғұлан Қалиақпаров басқарды.

Ол еңбек жолын 1999 жылы Қарағанды облысы ішкі істер басқармасының Бұқар жырау ауданының анықтау бөлімінің анықтаушысы міндетін атқарушы лауазымынан бастаған.

Бұқар жырау ауданы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы болып жұмыс істеген, 2006 жылдан бастап Қарағанды облысы прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметінде заңдылықты қадағалау басқармасының прокуроры, содан кейін Әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары және бастығы лауазымдарын атқарды.

2017 жылдан бастап Қарағанды облысы Саран қаласының прокуроры қызметін атқарды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 25 жылдан астам.

Қарағанды облысы мекемелерінде қылмыстық жазалардың орындалу заңдылығын қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратураны әділет кеңесшісі Дәулет Саттыбаев басқарды.

Дәулет Қайырұлы еңбек жолын 2007 жылы Павлодар облысы ішкі істер департаментінің қалалық бөлімінің тергеушісі лауазымынан бастаған.

Павлодар облысы прокуратурасының түзеу мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы, Павлодар қаласы прокурорының аға көмекшісі, Павлодар қаласы прокуратурасының Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметінің Жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры болып жұмыс істеді.

2017 жылдан бастап Қарағанды облысы Нұра ауданының прокуроры қызметін атқарды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 15 жылдан астам.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar