Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
2022 жылғы 3 шілде 13:48

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан аптада еліміздің министрліктерінде және жаңадан құрылған өңірлерінде кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат агенттігі 27 маусым мен 3 шілде аралығындағы жаңа тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында Алмаз Ыдырысов ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Алмаз Ыдырысов 1983 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы жол жұмысшысы болып бастаған. 2005-2006 жылдары — «Қазақавтожол» ЖШС техникалық-өндірістік бөлімінің жетекші маманы. 2006-2014 жылдары — ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің құрылымында қызмет етті. 2014-2016 жылдары — «Қазавтожол» АҚ Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары. 2016-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарда болды. 2019-2022 жылдары — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары – ҚР бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасары. 2022 жылдың сәуірінен бастап ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы – ҚР бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппаратының басшысы болып Азамат Бейісбеков тағайындалды.

Азамат Бейісбеков 1985 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Еңбек жолын 2009 жылы ҚР Кедендік бақылау комитетінің кедендік рәсімдеу маманының міндетін атқарушы болып бастаған. 2009-2011 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Индустриялық-инновациялық дамуды салааралық үйлестіру департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы. 2011-2012 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы, бас консультанты. 2012-2015 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет етті. 2015-2020 жылдары — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің консультанты; инспекторы; сектор меңгерушісі. 2020 жылғы ақпаннан бастап ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

Ал Әділет министрінің бұйрығымен Бақыт Әбішев министрліктің аппарат басшысы лауазымына тағайындалды.

Бақыт Әбішев 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашыылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы ОҚО Сайрам аудандық сотының сот отырысының хатшысы болып бастаған.

1987-1991 жылдары — Алматы қаласы Алатау аудандық Ішкі істер бөлімі жанындағы ведомстводан тыс күзеттің объектілік күзет бастығы. 1991-1993 жылдары — Алматы облысы Іле ауданының прокуратурасында қызмет атқарды. 1993-1996 жылдары — ОҚО прокуратурасының аға тергеушісі; бөлім прокуроры. 1996-1997 жылдары — ОҚО Алғабас ауданы прокурорының аға көмекшісі. 1997 жылы — ОҚО Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасының қасақана кісі өлтіруді тергеу бөлімінің бастығы. 1997-1999 жылдары — ОҚО Сайрам ауданы прокурорының бірінші орынбасары болды. 1999-2000 жылдары — Жамбыл облысы прокуратурасының жедел тергеу қызметі заңдылығын қадағалау, тергеу және анықтау басқармасында жұмыс істеді. 2000-2001 жылдары — Тараз қаласы прокурорының м.а. 2001 жылы Жамбыл облысы прокуратурасының тергеу және анықтау, жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы болды. 2001-2004 жылдары — Жамбыл облысы Рысқұлов ауданының прокуроры. 2004-2005 жылдары жеке меншік ұйымда жұмыс істеген. 2005-2007 жылдары — Қарағанды облысы Әділет департаментінің бастығы. 2007-2009 жылдары — ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы. 2009 жылы ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды.

2009-2010 жылдары — ҚР Жоғарғы Соты Аппаратының заң бөлімінің меңгерушісі. 2010-2011 жылдары — ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі. 2011-2012 жылдары — ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚКО қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы. 2012-2013 жылдары — ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы. 2013-2014 жылдары — ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы. 2014-2016 жылдары — ҚР Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының м.а., бас директоры. 2016-2017 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды. 2017 жылғы наурыздан бастап ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары болды.

Сонымен бірге, бұл аптада жаңадан құрылған Жетісу облысы әкімінің орынбасарлары тағайындалды.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары лауазымына бекітілген Жеңіс Тұяқов тағайындалды, деп хабарлайды 1967 жылы туған. Білімі жоғары. Алматы мемлекеттік медицина институтын, ҚР Қаржы академиясын, «AlmaU» университетін бітірген, іскерлік әкімшілік жүргізу докторы. Еңбек жолын коммерциялық құрылымдарда бастады. Әр жылдарда «KEGOC» және басқа да ұлттық компанияларда басқарушы директор болды. Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінде департамент директоры, Талдықорған қаласында «ТАТЭК» АҚ президенті, Жамбыл және Павлодар облыстарының энергетика және ТҮКШ басқармаларының бастығы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы лауазымдарында болды. 2017 жылдың шілдесінен бері Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Жетісу облысы әкімінің тағы бір орынбасары Әлібек Жақанбаев 1964 жылы туған. Білімі жоғары. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын «орман шаруашылығы», Қазақ ұлттық аграрлық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Алакөл ауданында «Левобережный» кеңшарының жұмысшысы болып бастаған. Ұзақ жыл Алакөл ауданы Үшарал қаласында орман шаруашылығы саласында еңбек етті. Сарқан, Алакөл, Еңбекшіқазақ аудандарының әкімі қызметтерін атқарды. 2022 жылдың ақпанынан Алматы облысы әкімінің орынбасары болды.

Сондай-ақ Жетісу облысы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары лауазымына Рустам Әли тағайындалды. Рустам Әли 1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасы мен докторантурасын «шығыстану», І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «қаржы» мамандықтары бойынша бітірген. PhD докторы. Еңбек жолын Алматы қаласында «Деловая неделя» газетінде тілші болып бастап, осы газетте бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары болды. Әр жылдарда Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының «Жетісу жастары» жастар орталығы директоры, Ескелді ауданы Қайнарлы ауылдық округінің әкімі, Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарды. 2021 жылдың мамырынан Ескелді ауданының әкімі болды.

Сонымен қатар Нұржан Егінбаев Жетісу облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Нұржан Жанайдарұлы Егінбаев 1975 жылы туған. Білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Д.А.Қонаев атындағы гуманитарлық университетті бітірді, бідліктілігі бойынша - «экономист», «заңгер». Еңбек жолын «Тірек» ЖШС-да экономист болып бастады. Біршама уақыт Ішкі істер органдарында қызмет етті.

Ұлытау облысында Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.

Қайрат Абдоллаұлы 44 жаста. Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазақ тұтынушылар одағы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2000 жылы бастаған. Әр жылдары бизнес саласында, түрлі мемлекеттік қызметте еңбек еткен. 2009-2013 жылдары Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, 2015-2018 жылдары Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі қызметін атқарған. 2019 жылдан бастап осы күнге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ активтерді басқару департаменті директоры лауазымында еңбек етті.

Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Айдын Кәрімов тағайындалды.

Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов 1988 жылғы 1 қаңтарда дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, КАЗГЮУ университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Түрлі жылдары ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «АйТи-Сервис» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен. 2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің директорының орынбасары, басқарма басшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді. 2016 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істейді: 2016-2017 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі. 2019 жылдың сәуір-қараша айлары аралығында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды. 2019 жылдың қараша айында ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Абай облысы әкімінің аппарат басшысы болып Жасұлан Сәрсебаев тағайындалды.

Жасұлан Бірлікұлы Сарсебаев 1986 жылы 22 шілдеде бұрынғы Семей облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. Мамандығы - заңгер. Еңбек жолын «Қазақстандағы жас заңгерлер қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Семей қаласы бойынша филиалының директоры болып бастаған. Әр жылдарда Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының діни бірлестіктер және саяси партиялармен жұмыс бойынша бөлімнің бас маманы, мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2015-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы болып қызмет етті. 2019 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ШҚО әкімі аппаратының басшысы болды. Осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымын атқарған.

Сонымен бірге, Абай облысында жаңадан құрылған Ақсуат ауданының әкімі болып Асхат Смаилов тағайындалды.

Асхат Сайдахметұлы Смаилов 1968 жылы 1 наурызда Семей облысы Ақсуат ауданы Қызыл Кесік ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1994 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің кірістер түсуін болжау және экономикалық талдау бөлімінің аға экономисі болып бастаған. Кейін Тарбағатай аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бюджет бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. 2002-2005 жылдар аралығында Тарбағатай аудандық экономика бөлімін, кейін аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімін басқарған. Екі жыл Тарбағатай аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті. 2009-2010 жылдары Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы болды. 2010-2018 жылдары аралығында Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2020 жылдары Көкпекті ауданының әкімі лауазымын атқарды. Осы уақытқа дейін Тарбағатай ауданының әкімі болып еңбек етті.

Абай облысы Көкпекті ауданының әкімі болып Ділдәбек Оразбаев тағайындалды.

Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев 1961 жылы 8 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын ғалым агроном және 2009 жылы Алматы экономикалық университетін қаржыгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер ауданының Абай атындағы ұжымшарында механизатор болып бастады. Әр жылдары аталған ұжымшарда бас экономист, бригадир, бас агроном, төраға, Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы бойынша салық бөлімінде аға салық инспекторы, «Ағжан-Мағжан» ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. 2013-2019 жылдары аралығында Тарбағатай ауданының әкімі, 2019-2020 жылдары Аягөз ауданының әкімі қызметін атқарды. Көкпекті ауданының әкімі болып тағайындалғанға дейін ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы болып еңбек етті.

Шығыс Қазақстан облысында жаңадан құрылған Самар ауданының әкімі болып Раджан Сейтқанов тағайындалды.

Раджан Қайырқанұлы Сейтқанов Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын инженер мамандығы бойынша бітірген. 2015 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдап, экономика және бизнес бакалавры атанды. Еңбек жолын 2009 жылы «ШҚ АЭК» АҚ жабдықтарды жөндеу жөніндегі электр слесарі болып бастаған. Риддер қаласы әкімдігінің «Инфросервис» МКК бас инженері болып жұмыс істеді. 2012 жылы Семей қаласындағы «Бастау-Семей» ЖШС бас энергетигі, Глубокое ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы болып еңбек еткен. Глубокое ауданы әкімдігінің «Теплоэнергия» МКК директорының міндетін атқарды. 2014-2015 жылдары Катонқарағай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің инспекторы, жетекші маманы, басшысы лауазымдарында болды. Сонымен қатар Катонқарағай ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары, Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылдық округі әкімінің орынбасары, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Осы уақытқа дейін Көкпекті ауданының әкімі лауазымында еңбек етті.

Жамбыл облысында Жуалы ауданының әкімі болып Жалғас Мұртаза тағайындалды.

Жалғас Әлижанұлы Мұртаза 1988 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Құрылыс және тұрғын үй-комммуналдық шаруашылық істері агенттігінде сарапшы болып бастаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-комммуналдық шаруашылық істері агенттігі Қаржылық жұмыс және бюджеттік жоспарлау департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2021 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының басшысы лауазымында еңбек етіп келді.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Т. Рысқұлов ауданының әкімі болып Ернар Есіркепов тағайындалды.

Ернар Серікәліұлы Есіркепов 1981 жылы Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында туған. 2003 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық және бақылау жұмысы бөлімінің маманы болып бастаған. Әр жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау, кәспкерлік бөлімдерінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, құжаттама және бақылау бөлімінің басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Қызмет» бастауыш партия ұйымының төрағасы, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары-мемлекеттік еңбек инспекторы қызметтерін атқарған. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы - бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымында еңбек етіп келді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT