Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
2021 жылғы 4 шілде 13:31

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада орталық және жергілікті де атқарушы органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына 28 маусым-2 шілде аралығындағы кадрлық өзгерістерге шолуды ұсынады.

Апта басында ҚР Үкіметінің қаулысымен Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев ҚР білім және ғылым вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Қуаныш Ерғалиев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Қазақ ұлттық медицина университетін, Тулейн университетін, «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін, Гарвард университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер болып бастады.

2009-2014 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде түрлі лауазымдарды атқарды.

2014-2019 жылдары — Назарбаев Университеті Интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесі департаментінің аға менеджері.

2019 жылғы тамыз айынан бастап қазірге дейін Сүлейман Демирел атындағы университет ректоры қызметін атқарды.

Сондай-ақ, Семей қаласының әкімі болып бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған Бақытжан Байахметов тағайындалды.

Бақытжан Кәкенқажыұлы 1970 жылдың 29 тамызында бұрынғы Семей облысы, Аягөз қаласында туған.

Еңбек жолын 1992-1999 жылдары «Алтайэнерго» мекемесінде Аягөз электр торабының инженері ретінде бастап, 1999-2000 жылдары жергілікті автоматикалық релелік қорғау қызметінің бастығы болып тағайындалады.

2000 жылы «ШҚ РЭК» жабық акционерлік қоғамның техникалық қамсыздандыру және релелік автоматикалық қорғау бөлімінің басшысы болып,

2000-2001 жылдары «ВК РЭК» жабық акционерлік қоғамның бас диспетчері болып жұмыс істеді.

2001-2004 жылдары аудандық электр торабын да бөлім басшысы, торап бастығы қызметтерін атқарды.

2004 жылы «ШК РЭК» жабық акционерлік қоғамының Аягөз аймағының директоры болып тағайындалды.

2004-2005 жылдары Бородулиха ауданының электр торабының бастығы болып қызмет ақтарды.

2005-2008 жылдары Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

2008-2009 жылдары «Дана-Аягөз» жауапкершілік шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры ретінде жұмыс істеді.

2009 жылғы ақпан айынан маусым айында дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігін де басқарма бастығы, бас сарапшы қызметтерін атқарды.

2009 жылдың маусымында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас эксперті болып тағайындалды.

2009 жылғы қазанынан бастап Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің басшысықызметіне ауысты.

2010 жылдың қарашасынан Аягөз қаласының әкімі болып жұмыс істеді.

2014 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың сәуірі аралығында Аягөз ауданын басқарды.

2019 жылдың 18 сәуірінен осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.

Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып Сұлтан Мақашов тағаындалды.

Сұлтан Ысқақұлы Мақашов 1961 жылы дүниеге келген.

Қазақ химия-технологиялық институтын және Қызылорда экономика, экология және құқық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1978 жылы Қазалы ауданы Жаңақазалы коммуналдық кәсіпорындар комбинатында слесарь ретінде бастаған.

1984-1995 жылдары – Қазалы аудандық №86 жылжымалы механикаландырылған колоннада бригадир, шебер, аға прораб, №2 азаматтық құрылыс мекемесінде бас инженер, №86 жылжымалы механикаландырылған колоннаның жоспарлау бөлімінің бастығы болған.

1995-2015 жылдары – Қазалы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, Қазалы ауданының бас сәулетшісі, Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы Қазалы филиалының директоры, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Ал

2015-2020 жылдары - Қармақшы және Жаңақорған аудандарының әкімі болса, 2020 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

ҚР Президент Әкімшілігінің және аудандық маслихат келісімімен, меритократия қағидасына сәйкес Қадыржан Сүйеуғалиев Қаратөбе ауданының әкімі болып тағайындалды.

Қадыржан Орынбасарұлы 1972 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын агрономия, Еуразия академиясын экономика мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің маманы, І-дәрежелі аға маманы, бөлімінің меңгерушісі, қаржы-шаруашылық бөлімінің бас маман-бөлім меңгерушісі, Қаратөбе, Шөптікөл ауылдық округтерінің әкімі, Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс жасады.

2016 жылдан Қаратөбе ауданы маслихатының хатшысы қызметін атқарды.

Бұл аптада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары болып Азамат Мұхамедчинов тағайындалды.

Азамат Мұхамедчинов 1978 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген.

2007 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 2013 жылы «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша Шығыс Қазақстан өңірлік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы орта мектепте мұғалім болып бастады.

2001 жылдан 2008 жылға дейін Риддер қаласындағы көпсалалы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының мұғалімі.

2008-2012 жылдар аралығында «Мәдениет сарайы» КМҚК директоры, Риддер қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болды.

2012 жылдың сәуір айынан бастап Өскемен қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарды.

2016-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, 2019-2020 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді.

2020 жылдың желтоқсан айынан бүгінге дейін ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Апта аяғына қарай дипломатия саласында ауыс-түсіс болды. Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен Қазақстанның Сербия, Швеция, Бразилия, Чили, Аргентина елдеріндегі Елшілері тағайындалды.

Мәди Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды;

Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сергей Нұртайұлы Нұртаев Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды;

Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Тұрарұлы Нүсіпов Қазақстан Республикасының Аргентина Республикасындағы, Чили Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды.

Мәди Бәкірұлы Атамқұлов 1974 жылы 27 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтын бітірген.

2003 жылы Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Мемлекеттік емес секторда әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2003 жылы Қазақстан СІМ-нің ТМД істері жөніндегі комитетінің бірінші хатшысы ретінде дипломатиялық қызметте жұмыс істей бастады.

2006 жылдан бастап Мемлекеттік протокол қызметі бөлімінің бастығы лауазымын атқарып, СІМ Орталық аппаратының осы бөлімшесінің басшысына дейін қызмет етті.

2014-2015 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Қазақстанның Сербиядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін 2015 жылдан бастап ҚР Президенті Протоколының басшысы болды. І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Дмитрий Леонидович Михно Қазақстан Республикасы Президентінің Протокол қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Оған дейін ҚР Президенті Протоколының бастығы болған Мәди Бәкірұлы Атамқұлов аталмыш лауазымынан босатылған болатын. Ол Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

Апта соңында Мемлекет басшысының өкімімен Мақсат Аманқұлұлы Қожабаев Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкімімен Нұрлан Аманкелдіұлы Шабдар Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT