+7 (701) 759 90 19
USD 387.16 EUR 428.47
RUB 6.08 CNY 55.13
Jańalyqtar

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылғы 10 қараша 16:25
Бөлісіңіз:
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Қазақстанның ішкі істер органдарында маңызды тағайындаулар болды. Мұнан бөлек өңірлерде де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алған болатын. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларды оқырман назарына ұсынады.

Апта басында ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы қызметіне полиция полковнигі Санжар Әділов тағайындалды.

Санжар Әскенұлы Әділов 1977 жылы туған. Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Басшылық қызметтерде жұмыс тәжірибесі мол. Түрлі жылдары ол ішкі істер органдарының тергеу бөлімдерінде (ішкі істер және қаржы полициясы), ІІМ тергеу басқармасында жұмыс істеді. 2013 жылдан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының полиция бөлімдері бастықтарының орынбасары қызметін атқарды.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы болып полиция полковнигі Оңал Бекиев тағайындалды.

Оңал Ботайұлы Бекиев 1975 жылы дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1998 жылдан бері қызмет істейді. Ішкі істер органдарында түрлі қызметтер атқарып, басшылық құрамдарда жұмыс істеген. ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары болған. Алматы облысы Полиция департаменті және Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне әділет полковнигі Есқали Саламатов тағайындалды.

Есқали Амангелдіұлы Саламатов 1971 жылы Қостанай облысы Лисаков қаласында туған. 1995 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары мектебін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты (2001), құқық доценті (2006). Еңбек жолын 1994 жылдан бастап Қостанай қалалық ІІБ тергеушісі қызметінен бастады. Әр жылдары ҚР Құқық қорғау жүйесінде басшылық лауазымдарын атқарды. Сонымен қатар, құқықтық мәселелер бойынша оқытушылық (ҚР ІІМ Қостанай заң институты) және сараптамалық қызметпен айналысты. 2019 жылдың наурыз айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Сонымен бірге, Президент Әкімшілігінің және облыс әкімінің келісімімен Нұрлан Мәсімов Павлодар облысының Полиция департаменті бастығы лауазымына тағайындалды.

Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімов 1973 жылы туған, ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет етеді. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. 9 жыл бойы Алматы облысының және Алматы қаласының полиция департаменттері бастығының бірінші орынбасары болып қызмет етті. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ІІМ орталық аппаратының Департаментін басқарды.

Ақмола облысының Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Арманбек Баймұрзин тағайындалды.

Арманбек Хәкімбекұлы Баймұрзин 1974 жылы туған. Ішкі істер органдарында 1992 жылдан бастап қызмет атқаруда. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. Әр жылдары ІІМ-нің Криминалдық полиция комитетінде және Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып қызмет істеді. 2014 жылдан бастап ІІМ Криминалдық полиция департаментін басқарды.

ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Айдын Кәрімов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов 1988 жылғы 1 қаңтарда дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, КАЗГЮУ университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Түрлі жылдары ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «АйТи-Сервис» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен. 2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің директорының орынбасары, басқарма басшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді. 2016 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істейді: 2016-2017 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі. 2019 жылдың сәуір айынан ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Нұрбек Дайырбеков Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Нұрбек Слямханұлы Дайырбеков 1973 жылы 11 мамырда Алматы қаласында дүниеге келді. Ленин комсомолы атындағы Новосібір мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әр жылдары коммерциялық секторда, соның ішінде «Ақ-Бидай» ЖШС-де жұмыс істеген. 1997-2002 жылдары Алматы қаласындағы Мемлекеттік азық-түлік келісім шарт корпорациясында жұмыс істеген. Сатып алу және өткізу басқармасының басшысы, басқарма басшысының орынбасары, бас маманы, Сыртқы экономикалық қызмет департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2002-2006 жылдары — «Агронефтеснаб» ЖШС директоры. 2006-2009 жылдары «Қазақстан астық компаниясы» ЖШС бас директоры қызметін атқарған. 2010-2012 жылдары — «Green Energy Almaty» ЖШС директоры. 2012-2016 жылдары — «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры – коммерциялық директоры. 2016-2019 жылдары — «Samal Trans» ЖШС директорының кеңесшісі. 2019 жылғы сәуірден бастап «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры лауазымын атқарды.

Алматыда қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығына Ақжігіт Бекбердиев тағайындалды.

Ақжігіт Бекбердиев 1965 жылы туған. Салық органдарындағы еңбек жолын 1989 жылы бастаған. Әр жылдары аудандық салық органдарын басқарып келген. 2014 жылдан бастап Алмалы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында басшы қызметін атқарған.

Және ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен Тимуржан Шәкімов Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Тимуржан Әдиетұлы Шәкімов 1962 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. А.Микоян атындағы Куйбышев инженерлік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Камен (қазір Тасқала) ауданындағы Ленин атындағы кеңшарда құрылыс учаскесінің шебері, прорабы қызметтерінен бастады. Әр жылдары «Казторгстрой» тресі Орал құрылыс учаскесінің бас инженері, БҚО инфрақұрылым және құрылыс басқармасының басшысы – бас сәулетші, ҚР Индустрия министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті басқармасының басшысы, Батыс Қазақстан және Атырау облысы әкімдерінің орынбасары болды. Жаңа орынбасар энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларына жетекшілік ететін болады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Тағайындау,
Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT