Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 386.34 EUR 427.25
RUB 5.88 CNY 54.57
Jańalyqtar

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылғы 21 шілде 13:44
Бөлісіңіз:
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада әр салада маңызды кадрлық ауыс-түйістер болды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 15-20 шілде аралығындағы Қазақстанда болған кадрлық тағайындаулар шолуын ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
Отырар ауданына жаңа әкім тағайындалды Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасына жаңа басшы келді Танымал  спортшы  Уалихан Тен Алматы әкімінің кеңесшісі болды

Апта басында белгілі журналист Жарқын Түсіпбекұлы «Elorda Aqparat» ұжымына директор болып тағайындалды.

Жарқын Түсіпбекұлы Жұмаділов әр жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында сарапшы болып, «Nur Otan» партиясы жанындағы зерттеу институтының ақпараттық мониторинг бөліміне басшылық жасады. Саяси ғылымдар магистрі, «Алаш айнасы», «Жас қазақ» республикалық газеттерінде, Қазақ радиосында саяси шолушы болған. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының шеф-редакторы және республикалық интернет сайттарда бас редакторлық қызмет атқарған.

Ал Тамара Дүйсенова бұрын өзі басқарған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қызметке орналасты. Министр Бердібек Сапарбаев оны «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ ұжымына жаңа басшы ретінде таныстырды.

Тамара Дүйсенова Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары жауапты басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі, жауапты хатшысы, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, «Nur Otan» партиясының хатшысы қызметтерін атқарды.

Орталықтың бұрынғы басшысы Ербол Оспанов «ЕРДО» АҚ-ның бірінші вице-президенті қызметіне ауысты.

Алмас Батанов Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелеріне жауапты орынбасары болып тағайындалды.

Алмас Батанов 1977 жылы туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2004 жылы Алматы технология және бизнес университетін, ал 2010 жылы Ноттингем университетін бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы «Метрология» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы филиалының жетекші маманы болып бастаған. 2000-2009 жылдар аралығында Алматы және Астана қалаларында «Қазақстан метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы, орталық басшысының орынбасары, орталық басшысы лауазымдарын атқарды. 2013 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі өңірлік мониторинг және бағалау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2016 жылдан бастап 2019 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі болды.

Қазақ футболындағы үздік шабуылшылардың бірі болған Нүркен Мәзбаев «Астана» футбол клубының спорттық директоры қызметіне тағайындалды.

Нүркен Қалдыбекұлы бірнеше клуб сапында, оның ішінде «Жеңісте» (Астана) ойнап, 138 гол салған. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасында да сәтті өнер көрсетті. Ол спорттық жолын аяқтағаннан кейін «Тараз» командасының құрылымында бапкерлер штабында жұмыс істеді, спорттық директор лауазымында еңбек етті. «Тараздан» басқа Мазбаев Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің ассисенті болды. Сондай-ақ көкшетаудың «Оқжетбесінде» де өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Апта ортасында Мемлекет басшысының Өкімімен Аружан Саин Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды.

Аружан Саин 1976 жылы 10 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің география факультетін бітірген. Еңбек жолы: Хабар телеарнасындағы күнделікті «Разминка» бағдарламасының тележүргізүшісі (1993 жылдан бастап); «Дәмді және тез», ары қарай «Жұлдызды меню» кулинарлық бағдарламаларының тележүргізушісі (1994-1999); «Еркемай» бүлдіршін ойын бағдарламасының тележүргізушісі (1994-2000); «Ел Арна» телеарнасындағы «Ана мектебі» танымдық бағдарламасының тележүргізушісі (2006 жылдан бастап); «Сабырлық, тек сабырлық» ток-шоуының тележүргізушісі (2010 жылдан бастап); «Бүлдіршіндерге Өмір сыйла» бағдарламасының жүргізушісі (2011 жылдан бастап). 2009 жылы «Мүгедектерге қамқорлық жасағаны үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» («Золотое сердце») сыйлығына ұсынылған. «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына Әбдірашит Жүкенов төраға болып тағайындалды.

Әбдірашит Төлегенұлы 1959 жылы Талдықорған облысында (қазіргі Алматы облысы) дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген соң ҚазССР Жоғарғы сотының шағымдарға жауап беру бөлімінің консультанты болып істеді.

1987-1988 жылдары – ҚазССР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының аға консультанты.

1988-1996 жылдары – Шығыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі, төраға орынбасары және ҚР Жоғарғы сотының мүшесі.

1996-2001 жж. – ҚР Жоғарғы сотының судьясы.

2001-2005 жж. – ҚР Бас прокурорының орынбасары.

2005-2010 жж. – ҚР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы.

2010-2014 жж. – ҚР Жоғарғы сотының судьясы.

2014 жылдың шілдесі мен қазаны аралығында Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2014 жылдың қазанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін – ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

Бейбіт Исабаев ҚР Президентінің Парламенттегі Өкілдігінің басшысы болып тағайындалды.

Осылайша ол Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Мемлекет басшысының өкімімен Арман Дайырұлы Жұмабеков Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.

Арман Жұмабеков 1973 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1990 жылы бастаған. Түрлі жылдары Мемлекеттік кірістер министрлігінің құрылымында, Премьер-Министр Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде, сондай-ақ, коммерциялық секторда жұмыс істеген. 2018 жылғы мамырдан бастап 2019 жылғы наурызға дейін Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы лауазымын атқарған. Биылғы жылдың сәуірінде Арман Жұмабеков Ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалған болатын.

Мемлекет басшысының тағы бір Өкімімен Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне Арыстанғани Заппаров тағайындалды.

Арыстанғани Расылханұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының Заң институтын бітірген. Ішкі істер органдарында 1993 жылдың қараша айынан бері қызмет атқарады. Орта және жоғарғы басшылық құрамдағы қызметтерді атқарды. Жергілікті бөліністердегі басшылық қызметте мол тәжірибесі бар. Әр жылдары Алматы облысы Полиция департаменті Еңбекші қазақ ауданының Полиция басқармасын, Алматы қаласы Алатау ауданы Полиция басқармасын, Ақмола облысы Полиция департаменті Степнагорск қаласы Полиция басқармасын басқарды, Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болды. 2018 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметін атқарады. 2019 жылы сәуір айында Қызылорда облысы полиция департаментіне басшы болып тағайындалды.

ҚР Президентінің Жарлығымен Барлыбай Кәрімұлы Садықов Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Барлыбай Кәрімұлы 1964 жылы 25 қыркүйекте туған.

1988 жылы СССР Қорғаныс министрлігінің Әскери институтын урду және ағылшын тілі бойынша аудармашы-референт мамандығы бойынша бітірген.

Дипломатиялық мансабын 1993 жылы Қазақстан СІМ Еуропа және Америка елдері басқармасының атташесі қызметінен бастады.

Әр жылдары Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында және еліміздің Италия, Швейцария, АҚШ-тағы шет елдердегі мекемелерінде түрлі орындаушы және басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2013 жылдан 2015 жылға дейін ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі болды. 2015 жылғы желтоқсанда Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілінің орынбасары болып тағайындалды.

2018 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі қызметін атқарды.

Барлыбай Кәрімұлы үйленген, үш баласы бар. Ағылшын және урду тілдерін еркін меңгерген.

II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT