Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйістер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы апта ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысынан бастап, өңірлік басқарма басшыларына дейін айшықты тағайындаулармен есте қалды. «ҚазАқпарат» ХАА 10-16 қыркүйек аралығында орталық және жергілікті атқарушы органдарда болған кадрлық өзгерістерге шолуды ұсынады.

Апта басында Астана қаласының әкімі болған Әсет Исекешев ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды. Сәйкесінше, ПӘ басшылығындағы Әділбек Жақсыбеков «Цесна» корпорациясы» директорлар кеңесінің төрағасы болды.

Әсет Исекешев 1971 жылдың 17 тамызында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің заң факультетін бітірген. 1998 жылы ҚР Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін аяқтады. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. 2003-2006 жылдары ҚР Индустрия және сауда вице-министрі. 2006-2007 жылдары «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары. 2007- 2008 жылдары «Credit Swiss (Қазақстан)» компаниясының қаржылық жобалар маркетингі жөніндегі директоры. 2008 жылғы ақпаннан 2009 жылғы мамыр аралығында ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі. 2009 жылғы мамырдан бастап ҚР Индустрия және сауда министрі. 2010 жылдың наурызынан бастап ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қыркүйегінен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2014 жылдың 6 тамызынан бастап Инвестициялар және даму министрі. 2016 жылғы 21 маусымында ҚР Президентінің № 288 Жарлығымен Астана қаласының әкімі болып тағайындалды.

Астана қаласының әкімі қызметіне Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Қаржы министрі болған Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов тағайындалды.

Бақыт Тұрлыханұлы 1971 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Мамандығы инженер-электрик, экономист. 1994-1997 жж. - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жетекші экономисі, мемлекеттік бағалы қағаздар басқармасы бастығының орынбасары - бөлім бастығы. 1996-1997 жж. - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Қазынашылық мемлекеттік қарыз және кассалық қаржы басқармасы бастығының орынбасары. 1997-1998 жж. - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бюджеттік департаменті директорының орынбасары, мемлекеттік сатып алу жөніндегі департамент директоры. 1998-1999 жж. - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық департаменті директорының орынбасары. 1999-2002 жж. - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бюджеттік департаменті директорының орынбасары, мемлекеттік бюджет департаменті директорының орынбасары, директоры. 2002-2003 жж. - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджеттік саясат департаментінің директоры. 2003-2006 жж. - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары. 2006-2007 жж. - Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары. 2007-2010 жж. - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі. Мемлекет басшысының 2010 жылғы наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. 2012 жылдың қаңтар-қараша аралығында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2012 жылы қарашасынан бастап қазірге дейін ҚР Қаржы министрі болып қызмет атқарды.

Сонымен бірге, апта басында Думан Қожахметов «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Думан Қожахметов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қоғаммен байланыс» және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттің университетінің «БАҚ экономика және менеджмент» мамандығы бойынша білім алған. Думан Қожахметов «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамында, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі лауазымында және жеке медиакомпанияларда басқарушы қызметтерде еңбек еткен. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

11 қыркүйекте Қостанай облысы Әділет департаментінің жаңа басшысы қызметіне Мейіржан Төлепов тағайындалды.

Мейіржан Шерманұлы 1981 туған. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» және «заңгер» мамандықтары бойынша тәмәмдаған, сондай-ақ халықаралық қатынастар магистрі. (Пенсильвания мемлекеттік университеті, АҚШ)   Әр жылдарда ҚР Әділет министрлігі Экономикалық интеграция бойынша жобаларды сараптау департаменті Экономика, қаржы және сауда саласындағы жобаларын сараптау басқармасының бас сарапшысы,  ҚР Әділет министрлігі  Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті, Төрелік талқылауларға дейінгі басқармасының бас сарапшысы қызметтерін атқарды. Жаңа тағайындауға дейін Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары болды.  

12 қыркүйек күні «Қазпошта» АҚ-да Директорлар кеңесінің шешімімен бірқатар тағайындаулар жасалды. «Қазпошта» АҚ стратегия және қаржы жөніндегі басқарушы директоры - Басқарма мүшесі лауазымына Гауһар Әділова тағайындалды.

Гауһар Бауыржанқызы Манчестер университетінің (Ұлыбритания) «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесі, КИМЭП университетінің «Іскери әкімшілік және бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша іскери әкімшілік бакалавры (үздік) дәрежесі бар.  2012 жылдан бастап Машықтанған дипломды бухгалтерлер қауымдастығының (АССА, Ұлыбритания) құрметті мүшесі. Freedom Support Act Scholarship (АҚШ) гранты мен Болашақ стипендиясының иегері. 2006-2010 жылдар аралығында «KPMG Аудит» ЖШС-да аға аудитор қызметін атқарды. 2010 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ құрылымында қызмет атқарды: Қордың ішкі аудит қызметінің бас менеджері, «Қазпошта» АҚ экономика департаментінің директоры, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС қаржы директоры. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап «Қазпошта» АҚ бас бухгалтер-қаржылық бақылаушы қызметін атқарды.

Асқарбек Алшанбаев 2018 жылдың 12 қыркүйегінен бастап, «Қазпошта» АҚ трансформация және АТ жөніндегі басқарушы директоры - Басқарма мүшесі болып тағайындалды.

Асқарбек Серікбекұлы Сингапур ұлттық университетін «Қызмет көрсету технологиялары, инжериринг және басқару мамандығы бойынша ақпараттық жүйе бавалавры» біліктілігімен аяқтады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясының иегері. 2011-2012 жылдары Лион ұлттық қолданбалы ғылымдар университетінде (Франция, Лион қ.) «Құрылымданбаған деректерді жинау және өңдеу» мамандығы бойынша, 2011 жылы Стэнфорд университетінде (АҚШ, Пало-Альто қ.) «Технологиялық кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтті. «Қазпошта» АҚ-да 2014 жылдың қыркүйегінен бері қызмет атқарады.  «Қазпошта» АҚ еншілес кәсіпорны «Электронпост.kz»-ті басқарды, пошта қызметтерін дамыту департаментінің директоры, e-commerce жөніндегі атқарушы директоры лауазымдарында болды. Электрондық сауданы дамыту бағыттары және халықаралық логистиканы дамыту жөніндегі жобаларға жетекшілік етті. 2018 жылдың маусым айынан бастап трансформация және АТ жөніндегі басқарушы директордың міндетін атқарды. Ерлан Қабдырахманов «Қазпошта» АҚ e-commerce жөніндегі атқарушы директоры болып тағайындалды. Ерлан Дуланұлы Сиракуз университетінің (АҚШ, Нью-Йорк) бизнес мектебі - Мартин Дж. Уитменнің менеджмент мектебін қаржыгер, маркетолог мамандығы бойынша бітірген. ISO 31000 негізінде тәуекелдерді басқару жөніндегі сертификатталған менеджер. Францияда (Guinot, Mary Cohr), Германияда (Bogner) сауда-саттық бойынша семинарлар мен тренингтерден өтті. Әр жылдары «Ақ Ерке» ЖШС-да аудитор, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тәуекелдерді басқарудың бас менеджері, «Prime Products» ЖШС коммерциялық директор және «Қазақтелеком» АҚ тәуекелдерді басқару қызметінің жетекшісі қызметтерін атқарды. 

Павлодар облысының сауда және кәсіпкерлік басқармасына басшы болып Дастан Рысбеков тағайындалды.

Дастан Рысбеков 1984 жылы туған. 2005 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  «Мемлекеттік және жергілікті басқару» факультетін және 2008 жылы Алматы заң академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша  бітірген.  Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде бас маман болып бастаған. 2007 жылдың сәуір айынан 2013 жылдың наурызына дейін экономикалық саясат және салалық жоспарлау бөлімінің басшысы, кейін Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы экономикалық бөлімінің басшысы, Алматы қаласы бойынша есеп және ақпараттық тексеру комиссиясы, жоспарлау бөлімінің басшысы болып еңбек еткен. 2013 жылдың наурыз айынан 2015 жылдың қазан айына дейін - Алматы қаласы бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары. 2015 жылдың қазан айынан 2016 жылдың маусымына дейін - жоспарлау бөлімі, жоспарлау және мониторинг секторының, республикалық бюджетті орындауды бақылау бойынша Есептеу комитетінің сараптама және есеп меңгерушісі. Бұл лауазымға бекітілгенге дейін есептеу департаменті және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның директоры болған. 

«Цеснабанк» АҚ Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес, 2018 жылғы 14 қыркүйекте Банк басқармасы басшысы қызметіне Ульф Вокурка сайланды.

Ульф Вокурка қаржы саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен. Кәсіби ортадағы іскерлік беделі жоғары. Дойче банктың әртүрлі құрылымдарында, қазақстандық ірі қаржы ұйымдары мен ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінің құрамында жұмыс жасаған. Осы уақытқа дейін «Қазкоммерцбанк» АҚ-ны басқарып келді. 

Соңғы жаңалықтар