Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіс

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде осы аптада бірқатар кадрлық тағайындаулар болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

30 қаңтарда Мақсұт Қожанов Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Осы тағайындауға дейін ол Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Мақсұт Жолдыбайұлы 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2006 жылдан бастап мемлекеттік қызметте.

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жетекші маманнан мекеме басшысының орынбасарына дейінгі мансап жолынан өтті.

2018 жылдан 2020 жылға дейін Саран қаласы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және байланыс мәселелері жөніндегі орынбасары болды.

2021 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің абаттандыру мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Екі жоғары білімі бар.

2006 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы» мамандығы бойынша, инженер;

2009 жылы – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, құқықтану бакалаврын бітірген.

Сол күні Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы болып Айман Ибраева тағайындалды.

Айман Елеманқызы Қостанай педагогикалық институтын «орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1987 жылы Қостанай ауданының Владимировка мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, 15 жыл бойы облыс және қала мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеген.

2002-2005 жылдары Қостанай облыстық білім департаментінің бас маманы болып еңбек етті.

2005-2011 жылдары Қостанай облыстық білім департаментінде құрылыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және әкімшілік жұмыс бөлімін басқарды.

2011-2014 жылдары облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

2014-2019 жылдар аралығында білім басқармасының ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы болды.

2019 жылы Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімін басқарды.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Қостанай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары лауазымында болған.

Қостанай облысындағы тағы бір тағайындау Ринат Мұхаметқалиев облыс әкімінің орынбасары болды.

Ринат Зәкиұлы бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарған.

Енді ол Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымында әлеуметтік саладағы барлық мәселелерге жетекшілік етеді.

Дүйсенбіде Нұрлан Нұркенов Астана әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Жаңа лауазымда ол жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, қалалық ортаның сапасын бақылау, кешенді абаттандыру, санитарлық тазалау мәселелеріне жетекшілік етеді.

Нұрлан Жаңбыршыұлы 1976 жылы 3 қарашада Целиноград қаласында дүниеге келген.

С.Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1995 жылы «Шамшырақ» ХЖҚ-да менеджер ретінде бастаған болатын. 2003 жылдан 2006 жылға дейін Астана әкімі аппаратының ұйымдастырушылық-инспекторлық жұмыс бөлімнің бас маманы, өндірістік сала бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2006-2010 жылдар аралығында ҚР Президенті Іс басқармасының күрделі құрылыс және техникалық қадағалау, ресми іс-шаралар мен сыртқы байланыстар жөніндегі бөлімдерінің меңгерушісі және орынбасары қызметін атқарды.

2010 жылы Астанадағы «Мөлдір су» ЖШС басшысы қызметіне тағайындалды.

2013 жылдан 2014 жылға дейін Бурабай ауданының әкімі болды.

2014 жылдан Ақмола облысы әкімінің өндірістік сала жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

2017 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды.

Нұрлан Нұркенов 2019 жылдың ақпан айынан бастап Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

Өткен аптаның алғашқы күні Ұлытау облысы әкімдігінің екі басқармасына басшылар тағайындалды.

Атап айтқанда, Дидар Мұтәліпов Ұлытау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Дидар Мағауұлы 1976 жылы туған.

2007 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы: «Дене шынықтыру және спорт».

Еңбек жолын дене шынықтыру мұғалімі, дзюдодан жаттықтырушы болып бастаған.

2012 жылдан 2015 жылға дейін «Жезқазған қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ бас маманы болып жұмыс істеді.

2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жезқазған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

Сондай-ақ Дархан Мұқан Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Дархан Қабылдашұлы 1988 жылы туған. 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, 2021 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін бітірген. Мамандықтары: «Филология», «Құқықтану».

2009 жылдан 2021 жылға дейін «Сарыарқа газеті редакциясының» бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, директоры болып жұмыс істеді.

2021-2022 жылдары – Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі.

Жаңа тағайындауға дейін «Қазақмыс Холдинг» ЖШС қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін атқарды.

30 қаңтарда ҚР Үкіметінің қаулысымен Қанат Ысқақов Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Қанат Жұмабайұлы Ысқақов 1982 жылы Шымкент қаласында туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қ. Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорының жетекші маманы ретінде бастаған.

Әр жылдары әртүрлі мемлекеттік құрылымдарда, соның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінде, ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік хатшысының хатшылығында, ҚР Президенті Әкімшілігі Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында жұмыс істеген.

2012-2021 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметін атқарған.

2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы.

Дәл сол күні Үкімет қаулысымен Ілияс Оспанов ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ілияс Оспанов 1986 жылы Астана қаласында дүниеге келген.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Лондон империялық колледжін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2008 жылы «Астана су арнасы» МҚК инженері болып бастады.

2011-2012 жылдары – «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы МҚК өндірістік-техникалық бөлімінің 1-санаттағы инженері.

2012-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Жаңа технологиялар және энергия үнемдеу департаментінде сарапшы болып жұмыс істеді.

2014 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Жаңа технологиялар департаменті Инновациялық саясат басқармасының басшысы болды.

2014-2016 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде басшылық қызметтер атқарды.

2016-2017 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары.

2018-2020 жылдары – ҚР және Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасын басқару тобы директорының орынбасары.

2020-2021 жылдары – «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ президенті.

2021 жылы «QazInnovations» ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2021 жылғы қыркүйектен қазіргі уақытқа дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы болды.

Апта басындағы Үкіметтің тағы бір тағайындауыНұрлан Құрмалаев Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар вице-министрі болды.

Нұрлан Құрмалаев 1988 жылы Алматы қаласында туған.

Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Оксфорд Брукс университетін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2010 жылы жеке меншік компанияда менеджер болып бастаған.

Әр жылдары коммерциялық компанияларда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2015-2017 жылдары – «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кеңесшісі.

2018-2019 жылдары – «Самұрық Қазына» КУ ЖМ цифрландыру жөніндегі менеджері.

2019-2021 жылдары – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды.

2021-2022 жылдары – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарды.

31 қаңтарда Нұркен Шәрбиев Экология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды.

Нұркен Шәрбиев 1976 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы шаруа қожалығының бас экономисті болып бастаған.

2000-2002 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаменті, стратегия және мемлекеттік реттеу департаменті, индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау басқармасының жетекші, бас маманы болып жұмыс істеді.

2002-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2011-2012 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры.

2012-2013 жылдары — Еуразиялық экономикалық комиссия Агроөнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары (Мәскеу қ.).

2013-2014 жылдары — «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры.

2014-2017 жылдары жеке меншік ұйымда жұмыс істеді.

2017-2018 жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2018-2020 жылдары — «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы.

2020-2022 жылдары — «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – департамент директоры.

2022 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін «АМАНАТ» партиясы «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы қызметін атқарды.

Сол күні Галидулла Азидуллин Экология және табиғи ресурстар вице-министрі болды.

Галидулла Азидуллин 1981 жылы Атырау облысында туған.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы басқармасы Су қорын қорғау және мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманының м. а. болып бастады.

2003-2008 жылдары — Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы басқармасы Су қорын қорғау және мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы.

2008 жылы «СК Алатау» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары болды.

2009-2020 жылдары Су ресурстары комитетінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды.

2020-2022 жылдары – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы, Атырау қаласы.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы болды.

Сейсенбіде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы болып Мереке Нұрмұханова тағайындалды.

Мереке Нұрмұханова 2015 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «журналистика» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын республикалық журналдың тілшісі болып бастады.

Әр жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалының ақпарат бөлімінде редактор-жүргізуші, «Жетінші» республикалық телеарнасында арнайы тілші болып жұмыс істеді.

2023 жылдың қаңтар айына дейін Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы – баспасөз хатшысы болды.

31 қаңтар күні Павлодар облысында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Белгілі болғандай Мұрат Хамитов Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Мұрат Хамитов 1963 жылы туған.

Р. Руденко атындағы Свердлов заң институтын, Қазақстан инновациялық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің Ішкі істер қызметінен бастаған.

1990-2018 жылдары Павлодар облысының прокуратурасында жұмыс істеді.

2018 жылдан бастап өңірдің мемлекеттік органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды.

Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының Мемлекеттік қызмет көрсету және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.

Сондай-ақ, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасын Медет Тауасқан басқаратын болды.

Медет Тауасқан 1986 жылы туған.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.

2008 жылдан 2018 жылға дейін Успен ауданының демалыс орталығының түрлі лауазымдарында жұмыс істеді.

2018 жылдан 2019 жылға дейін Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарды.

Осы лауазымға тағайындалғанға дейін 2021 жылдан бастап Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Одан бөлек, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы болып Қанат Мұсапарбеков тағайындалды.

Қанат Жантұяқұлы 1963 жылы туған.

Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтын, Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін «Экономика және өндірісті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

Осы тағайындауға дейін Қарағанды облысы бойынша экология департаментін басқарды.

1 ақпанда бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ол газ жобаларын дамытуға жетекшілік етеді.

Еске салсақ, С. Брекешев 2021 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың қаңтарына дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарды.

Әр жылдары Техникалық саясат департаментінің директоры, «ҚазТрансГаз» АҚ-да ресурстық базаны және техникалық саясатты дамыту жөніндегі бас директордың орынбасары;

ҚР Мұнай және газ министрлігінде газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры;

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да және «Қарақұдықмұнай» ЖАҚ-да инженерлік-техникалық позицияларды иеленді.

Серікқали Брекешев 1972 жылы 14 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген.

1995 жылы Атырау политехникалық институтын «мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Сол күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында басқарма төрағасының тағы екі орынбасары тағайындалды.

Атап айтсақ, Дәулетжан Хасанов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды.

Ол операциялық активтердегі мұнай мен газды барлау және өндіру бағытына, олардың тиімділігін арттыруға және одан әрі дамытуға, сондай-ақ ҚМГ ресурстық базасын кеңейтуге және кен орындарын ұтымды игеруге жетекшілік етеді.

Д. Хасанов әр жылдары «Қаражанбасмұнай» АҚ президенті, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директоры, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры қызметтерін атқарды.

Одан бөлек, Қуаныш Құдайбергенов ұлттық компания төрағасының орынбасары болды.

Ол ірі мұнай-газ жобаларының бағытын қадағалайтын болады.

Қуаныш Құдайбергенов әр жылдары «Интегра» бұрғылау инженері, «ҚазМұнайТеңіз» ҰК АҚ техникалық маманы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі мұнай-газ жобаларын дамыту департаментінің менеджері болып жұмыс істеді, «ҚМГ-Кансу Оперейтинг» ЖШС, «Ромпетрол C. A» компаниясында басшылық қызметтер атқарды.

2017-2021 жылдары ҚР Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры.

2021 жылғы маусымнан 2023 жылғы қаңтарға дейін – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В» бас директорының орынбасары болды.

Сәрсенбіде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы жаңа тұрақты өкіл болып Андрей Михнев тағайындалды.

Мәлім болғандай, енді Андрей Михнев Дүниежүзілік банк тобы мен Қазақстан арасындағы 2020-2025 жылдарға арналған әріптестіктің негіздемелік бағдарламасын іске асыруға жетекшілік етеді.Бағдарлама адами капиталды нығайтып, тұрақтылығын қамтамасыз етуге және төмен көміртекті дамуға бағытталған.

Андрей Михневтің экономикалық саясатты жүзеге асыру және жобаларды басқару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар.

Ол бұл тағайындауға дейін Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінде бәсекеге қабілет пен жеке секторды дамытуға бағытталған бағдарламаларды басқарған.

Сонымен қоса, Андрей Михнев Латын Америкасы, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка, Еуропа мен Орталық Азияның көптеген елдерінде жұмыс істеген.

Андрей Михнев - Украина азаматы. Ол «Халықаралық экономика» бойынша Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінде докторлық дәрежесін алған.

1 ақпанда болған тағы бір тағайындау Бас прокурордың бұйрығымен Ақтау қаласының прокурорының аға әділет кеңесшісі Ержан Тұрмағамбетов болды.

Ержан Сисенбайұлы 1974 жылы дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Атырау облысының прокуратурасында бастаған. Прокуратура органдарында тәжірибесі мол.

Атырау қаласы прокуратурасының бөлім басшысы, Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім басшысы, кейін Бас прокурордың көмекшісі қызметтерін атқарған.

2017 жылдың қазан айынан бастап Маңғыстау облыстық прокурорының орынбасары қызметін атқарды.

Апта ортасында Мөлдір Әбдуәлиева ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі-баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалды.

Ол осыған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметін басқарды.

2015 жылдың мамыр айынан 2018 жылғы мамырға дейін «Еуразия» бірінші республикалық телеарнасының продюсері болып жұмыс істеді.

2018 жылдың мамырынан 2021 жылдың мамырына дейін «Atameken Business» республикалық телеарнасының тілшісі және жүргізушісі болып қызмет атқарды.

1994 жылы Астана қаласында (Ақмола) дүниеге келген. Қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерін меңгерген.

Сонымен қатар сәрсенбі күні Атырау облысының бұрынғы әкімі Махамбет Досмұхамбетов «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес компаниясы «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директорының орынбасары болып тағайындалды.

Махамбет Жолдасқалиұлы 1960 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысында туған.

1983 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геология және мұнай-газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша бітірген.

2016 жылы Қазақ мемлекеттік заң университеті, іскерлік әкімшілік магистрі болған.

Еңбек қызметін 1983 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған.

Түрлі жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да бас геолог, геология және геофизика бойынша бас директордың орынбасары, геология және өңдеу бойынша бас директордың орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары – басқарма мүшесі болған.

Соңғы жылдары «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы), «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ геология бойынша басқарушы директоры – бас геолог, ірі жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары және ірі операциялық емес активтер және теңіз жобалары бойынша бас вице-президенті лауазымдарын атқарған.

2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылдың желтоқсан айынан бастап 2022 жылдың сәуір айына дейін Атырау облысының әкімі қызметін атқарды.

2 ақпан күні «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты KMG Kashagan B.V. бас директоры қызметіне Бақытжан Хасанов тағайындалды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев KMG Kashagan B.V. ұжымына жаңа басшыны таныстырды.

Бақытжан Хасанов осы уақытқа дейін «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры қызметін атқарып келді.

«ҚМГ Инжиниринг» ғылыми-техникалық сараптаманы дамытумен және ресурстық базаны дамытуға жаңа технологияларды енгізумен, кен орындарын пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету және оларды цифрландырумен айналысады.

Әр жылдары «ҚазМұнайГазда» теңіз жобалары жөніндегі атқарушы директор, басқарушы директор, «ҚазМұнайТеңіз» ТМК ЖШС бас директоры, «Лукойл Оверсиз Сервис Лтд» компаниясы филиалы директорының орынбасары, «PSA» ЖШС жобаларды басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды.

Сол күнгі тағы бір тағайындау болды - Болат Байшуақов «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС (ҚазГӨЗ) директоры қызметіне тағайындалды.

Б. Байшуақов осыған дейін ҚазГӨЗ бас инженері — директордың орынбасары лауазымдарын атқарып, зауыттың өндірістік қызметін ұйымдастыруға жауапты болды.

«ҚазМұнайГаз «Барлау Өндіру» АҚ құрылымында жұмыс тәжірибесі бар, онда ҚазГӨЗ-дің өндірістік қызметіне жетекшілік етті. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде 20 жылдан астам жұмыс істеп, еңбек жолында технологиялық қондырғылар операторынан кәсіпорынның бас технологына дейінгі барлық сатыдан өтті.

3 ақпанда Маңғыстау облысы әкімінің екі орынбасары тағайындалды.

Соның бірі Руслан Бектемір Қ.Жұбанова атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

«Қаржы», «Мұнай-газ ісі» мамандықтары бойынша бакалавриат бітірген, мемлекеттік және муниципалдық басқару магистрі. «Мемлекеттік аудитор» және «жоғары санатты мемлекеттік аудитор» сертификаттарының иесі.

Руслан Бектемірдің мемлекеттік қызметте және жеке секторда 24 жылдық еңбек өтілі бар.

Еңбек жолын Ақтөбе қаласы бойынша салық комитетінің салық инспекторы қызметінен бастады. Әр жылдары салық органдарында жұмыс істеді, жеке секторда қаржы директоры, «Батыс Қазақстан облысының халыққа қызмет көрсету орталығы» ММ директорының орынбасары болды.

БҚО тексеру комиссиясының мүшесі, БҚО экономика және Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды.

Астана қаласында Ішкі істер, экономикалық тергеу органдарында қызмет атқарды, Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, ҚР Энергетика министрлігінің ішкі аудит департаментінің директоры болды.

2021 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «Маңғыстау атом-энергетикалық комбинаты» ЖШС Бас директорының орынбасары.

Одан бөлек, Қанат Құлжановта облыс басшысының орынбасары атанды.

Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ технологиялық көлік басқармасының слесарі қызметінен бастаған.

2002-2007 жылдары - Маңғыстау облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы ақпарат орталығының бас маманы, Жаңаөзен қаласы прокурорының көмекшісі, Маңғыстау облысы прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры.

2010 жылдан 2012 жылға дейін - Бас прокуратура мемлекеттік органдарының қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры, Бас прокурордың көмекшісі, Бас прокурордың аға көмекшісі.

2012 жылдан 2016 жылға дейін - Байқоңыр қаласының прокуроры.

2016 жылдан 2018 жылға дейін - Қызылорда облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы.

2018 жылдан 2019 жылға дейін - бас көлік прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы, Бас көлік прокурорының халықаралық қатынастар саласындағы аға көмекшісі, Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бастығы.

2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін - «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ Бас директорының орынбасары, заң департаментінің директоры қызметін атқарып келді.

Актив жиналысының қорытындысы бойынша өңір басшысы жаңа орынбасарларға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Бүгін белгілі болғандай, БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жаңа басшы келді.

Жаңа басшы Әділхан Сабыров БҚО әкімдігінде өткен облыс активінде таныстырылды.

Әділхан Сабыров Нұрлан Қыдырбаевты алмастырды. Ол 2022 жылдың наурызынан бері аталмыш департаменттің басшысы қызметін атқарған еді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен алынған мәліметке қарағанда, Ә.Сабыров 1983 жылы 4 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген.

Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Алматы заң академиясын 2005 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Сондай-ақ 2021 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған, мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша академиялық дәреже берілді.

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

2005-2018 жылдар аралығында прокуратура органдарында түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2018-2019 жылдары – Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті тергеу басқармасының басшысы.

2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

2022 жылғы тамыздан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің басшысы болды.


Соңғы жаңалықтар