Қазақстанда апатты күйдегі қанша үй бар - министр жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев апатты жағдайдағы тұрғын үйлерге қатысты соңғы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республика бойынша тозығы жеткен және апатты жағдайдағы 3 700 үй бар. Биыл апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі қайта қаралады. Сонымен қатар қалалардың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында сүрілетін үйлердің тізімі жасалады. Жалпы 2029 жылға дейін 1 500 үйді бұзу және 40 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуді қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, тұрғын үй құрылысына құйылатын инвестиция көлемі артып келеді.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни 130 мыңнан астам тұрғын үй салынды.

Тұрғын үй құрылысына инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 16,8 % артып, 2 трлн 900 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 17 300 пәтер салынып, 10 500 жеңілдетілген несие берілді», - дейді ол.

Одан әрі ведомство басшысы тұрғын үйлердің су және жылу жүйелерін қайта жөндеу жұмысына тоқталды.

«Еліміз бойынша су, жылу желілерінің жалпы ұзындығы 129 мың шақырымды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көзі есебінен 3 мың шақырымға жуық су және жылу желісі қайта жөндеуден өтті. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53 пайыздан 51 пайызға дейін төмендеді. Аталған көрсеткішті 50% дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз», -деді М. Қарабаев.


Соңғы жаңалықтар