Қазақстанда антисемитизм жоқ, сонысымен үлгі бола алады - Малькольм Хонлайн

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемде жеккөрушілік, қақтығыстар мен зорлық-зомбылық белгілерін көргенде үнсіз қалмау керек. Американың ірі еврей ұйымдары президенттері конференциясы төрағасының атқарушы орынбасары Малькольм Хонлайн осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз интернеттің қандай қауіп төндіретінін көріп отырмыз. Қазіргі уақытта жеккөрушілік, алалау мен жалған ақпараттың таралуына ықпал етіп отыр. Әрине, интернеттің жағымды жақтары да бар. Алайда, ұжым болып шешу қажет қауіптер де жетерлік. Білім беру мекемелері өз тәжірибелерімен бөлісуі керек, бір-біріміздің тәжірибемізді үйренуіміз керек. Діни көшбасшыларға не істеу қажеттігін түсіну үшін өкілеттіктер берген дұрыс. Сабақ алу үшін білім мен интернет индустриясының көлемін талдау қажет. Жалған ақпараттың алдын алуда маңызды рөл атқаратын бұқаралық ақпарат құралдары бізге көмектесуі керек. Дұрыс ақпаратты таратуға көмектесетін рөлдік модельдерді табуымыз маңызды. Рөлдік модельдер, ең алдымен дін көшбасшылары болуы мүмкін», - деді Малкольм Хонлайн Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің кезекті секциясында.

Спикер дін көшбасшыларын жастар жиі тыңдайтын рэперлермен салыстырды. Оның айтуынша, шындықты көпшілікке жеткізу үшін діни лидерлердің өз микрофондары болғаны жөн.

«Менің ойымша, біз бір-бірімізден көп нәрсе үйрене аламыз. Біз сындарлы диалог құрып, деструктивті күштерді оқшаулау үшін, деструктивті контент пен жеккөрушілік тілін шектеу үшін білім беру жүйелері мен оқулықтарға мониторинг жүргізуіміз керек. Қазір БАӘ, Марокко өздерінің оқулықтарын өзгерткенін, соның нәтижесінде жеккөрушілікті азайтқанын көріп отырмыз. Жеккөрушіліктен арылуымыз керек. Мұны тәжірибе алмасу арқылы жасауға болады және Қазақстан үлгі бола алады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан 100 мыңнан астам еврейді жылы қабылдады және көптеген қазақтар еврейлердің өмірін сақтап қалу үшін өз басын қатерге тікті. Қазақстанда антисемитизм жоқ. Бұл өңірдегі көрші елдерге де қатысты. Біз Қазақстанның үлгісін зерттеуіміз керек, жеккөрушілік, қақтығыстар мен зорлық-зомбылық белгілерін көргенде үнсіз қалмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Діни көшбасшылар да ешқандай сиқырлы формула жоқ екенін түсінуі керек. Жауапкершілік барлығына жүктеледі», - деді Малкольм Хонлайн Съезге қатысушыларға.

Айта кетейік, бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі жалғасып жатыр. Түстен кейін съездің салтанатты жабылу рәсімі өтеді.


Соңғы жаңалықтар