Қазақстанда ана өліміне не себеп

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Қазақстанда ана өліміне себеп болатын жайттарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ана өлімінің себептері арасында жүктілікпен байланысты асқынудың ушығуы, қан айналымы жүйесіндегі аурулар бар. Бұл ретте, сараптама әйелдер жағдайының нашарлау деректерінің 61 пайызы ауруханаға жатқызылғанға дейін болғандығын көрсетіп отыр. Нашарлау деректерінің 68 пайызы түнгі, 70 пайызы мерекелік және демалыс күндері орын алған. Бұған қоса, ана өлімі жағдайларының үштен бірінің алдын алу мүмкін болмаған. Толықтай алғанда, ана өліміне жүргізілген сараптама қаза тапқандардың әрбір төртіншісі жүкті кезінде есепке кеш тіркелгенін, әрбір сегізіншісі есепке тұрмағанын, әрбір 14-ші әйел медициналық көрсеткіштерге сәйкес жүктілікті үзуден бас тартқанын көрсетті», - деді Л.Ақтаева ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, мұнан бөлек, аналардың медициналық көмекке кеш жүгінуі, өздерінің денсаулық жағдайларын дұрыс бағаламауы қайғылы жайттарға әкеп жатады. Мәселен, жүктілік кезінде қаза тапқан аналардың 20 пайызы ауруханаға барудан бас тартқан. Сонымен қатар бір өңірден екінші өңірге қоныс аударған аналар арасында да өлім-жітім бар.

«Бұл ретте, халық жүктілік пен тууды қадағалау тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретіндігін білуі маңызды. Яғни, ол қай өңірге барса да әйелдерге кеңес бере алатын аумақтық емхана оны есепке алып, сапалы қадағалауды қамтамасыз етеді. Демек, әйел кеңесі мен емханаға медициналық көмекке жүгіну керек», - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында ана өлімі деңгейінің жоғары екендігін атап өтті.

Айта кетейік, бүгінгі алқа мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов науқасты ауруханаға жатқызудағы былықтарды ашық айтып берді. Жиында қазақстандық дәрігерлердің орташа жалақысы да айтылды.

Сондай-ақ ведомство басшысының пікірінше, өңірлерде дәрігерлер тапшылығын жою жергілікті атқарушы органдардың жұмысы.

Мәлім болғандай, елімізде емханаға тіркелмеген 1,4 миллионға жуық адам бар.

Жиын соңында мәжіліске жиналған денсаулық саласының басшылары, мамандар орындарынан тұрып, би биледі.

Соңғы жаңалықтар