Қазақстанда алқабилер сотының өкілеттігі кеңейтілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Мемлекет басшысының осы жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 21-тармағына сәйкес дайындалды.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңмен алқабилер соты қарайтын істер тағы 16 құрамға көбейтілді. Осылайша, келесі жылдан бастап алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың 31 құрамы қаралатын болады. Ал бүгін қаралып жатқан заң жобасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алқабилер қарайтын істерді кеңейту және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 13 ауыр қылмыс құрамын беру ұсынылады», - деді ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов.

Бұл Қылмыстық кодекстің:

- 116-баптың 2, 3-бөліктері (адамның дене мүшелерін заңсыз алу); 146-баптың 2, 3-бөліктері (азаптау); 249-баптың 2-бөлігі (рейдерлік); 317-баптың 4-бөлігі (медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу); 335-баптың 4-бөлігі (ауыр салдарға әкелген балық пен басқа да су жануарларын заңсыз аулау); 337-баптың 4, 6-бөліктері (ауыр салдарға әкелген заңсыз аң аулау); 345-баптың 4-бөлігі (көлік құралын басқарғанда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы); 345-1-баптың 4-бөлігі (көлік құралын мас күйде басқарып екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы); 346-баптың 5, 6-бөліктері (көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы).

«Жалпы алғанда, алқабилер соты қарайтын 44 құрам жататын болады. Алқабилер сотының соттылығын кеңейту сот жүйесін демократизациялауға ықпал етеді және қоғамжағынан сотқа деген сенімді едәуір арттыратын болады. Қылмыстық сот ісін жүргізудің басты қағидаттарын, яғни тараптардың жарыспалығын, кінәсіздік презумпциясын және сот төрелігінің басқа да негізгі қағидаттарын айтарлықтай іске асыруға мүмкіндік береді», - деді Ә. Жүкенов.

Соңғы жаңалықтар