Қазақстанда әлі де гендерлік алшақтық бар – сарапшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда қоғамындағы өзекті тақырыптардың бірі гендерлік саясат мәселелеріне байланысты әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зерттеудің мақсаты – гендерлік саясат саласындағы проблемалық аспектілерді талдау, Қазақстанның гендерлік саясатының ерекшеліктерін ескеріп, қоғамдық-саяси қызмет саласындағы әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асырудың тиімді жолдарын анықтау.

«Бұл ретте бірқатар міндет алға қойылды. Атап айтқанда, гендерлік саясат саласындағы шет мемлекеттердің озық тәжірибесін анықтау, Қазақстанда гендерлік саясатты іске асыру тетіктерін зерттеп, мәселелерді белгілеу, сондай-ақ гендерлік саясатты жүзеге асыруда әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша мемлекетте қабылданып жатқан шаралар жан-жақты зерттелді. Сандық және сапалық әдістерді қолдана отырып, әлеуметтану зерттеуін жүргізіп, практикалық ұсыныстар әзірленді», – деді Ә. Қайдарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл сауалнама жаңа облыстар құрылмай тұрып жасалған болатын, сондықтан жаппай сауалнамаға республикалық маңызы бар 3 қала мен 14 облыстан 1200 респондент қатысқан.

«Зерттеу 18 және одан үлкен жастағы Қазақстан азаматтары арасында жүргізілді. 2022 жылы Қазақстан 10 жыл ішінде алғаш рет гендерлік алшақтық индексі (Gender Gap Index) бойынша 15 позицияға көтерілді. Алайда, әлі де болса, айтарлықтай гендерлік алшақтық бар. Әсіресе Қазақстандағы алшақтық саяси және экономикалық салада көп байқалады. Өйткені біздің қоғамда әйелдердің саясатқа қатысуы ер азаматтарға қарағанда шектеулі. Ұзақ мерзімді келешекте бұл ұлттық адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан осы мәселеге баса назар аудару қажет», – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Гендерлік алшақтық индексінде Қазақстан «білім» көрсеткіші бойынша алғаш рет жоғары көрсеткішке жетіп, 38 пайызға көтерілді.

Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы әйелдердің саяси, экономикалық мүмкіндігін арттыру мақсатында жетілдірілдіӘйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын қолдауға, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор басшылығындағы әйелдер санын 30%-ға дейін арттыруға, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, гендер тақырыбында ағартуды күшейтуге, ана мен баланы қолдауға басты назар аударылған.

«Парламенттегі әйелдер, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 30% квота берілді. Әйелдер үшін тыйым салынатын мамандықтар тізімі жойылды. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімін 1 жарым жасқа дейін ұзартылды. Әйелдер мен қыздарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеуге қарсы шаралар күшейтілді. 1,5 жасқа толмаған баласы бар аналарға қысқартылған жұмыс кестесін енгізу мәселесі қаралды», - деп толықтырды Ә. Қайдарова.


Соңғы жаңалықтар