Қазақстанда алғаш рет мүгедек арбасындағы теннистен ел чемпионаты өтеді
2022 жылғы 17 тамыз 16:58

Қазақстанда алғаш рет мүгедек арбасындағы теннистен ел чемпионаты өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 16-18 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Эйс» спорт кешенінде мүгедек арбасындағы теннистен ел чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміз өңірлерінен 12, 14, 16 жасқа дейінгілер, 16-дан жоғары жасөспірімдер және ерлер мен әйелдер қатысады. Олар жекелей және жұптық сында бәсекеге түседі.

Қатысушылар санаттарына қарай «Standart» және «Quads» топтарына бөлінеді.

Қазақстан чемпионаты екі кезеңге созылады. Бірінші кезеңде ойыншылар айналма жүйе бойынша сынға түседі. Сосын жартылай финал және финалдық бәсекелер болады. Екі сеттен тұратын матчта есеп 4:4 болған жағдайда тай-брейкке ұласады.

«Биылдан бастап Қазақстан теннис федерациясы арбадағы және адаптивтік теннисті кеңінен дамытуды қолға алды. Мұның болашағы зор. Ел чемпионатын өткізудегі негізгі мақсат - балалар мен ересектерді адаптивтік және паралимпиалық тенниспен айналысуға көбірек тарту, сондай-ақ ұлттық құрама жасақтау үшін мықтыларды анықтау», деді федерацияның спортты дамыту жөніндегі атқарушы директоры Дэйв Майли.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Цинциннати турнирінде ұтылып қалғанын, Дэвис кубогінде Қазақстанмен ойнайтын командалардың құрамы анықталғанын жазған болатынбыз.

Photo: ktf.kz





Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT