Қазақстанда алғаш рет асық спортынан халықаралық дәрежедегі атақ берілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда алғаш рет асық атудан спорт шебері атағы беріле бастады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Асық ату ойындары федерациясының президенті Ескендір Рахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылғы мамырдағы Мәдениет және спорт министрінің тиісті бұйрығына сәйкес елімізде алғаш рет асық ату ойындары бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Қазақстан Республикасының спорт шебері атақтары беріле бастады. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі разряд атақтар берілетін болады. Бұл өз кезегінде ұлттық ойынымыз асықтың дамуына жаңа серпін берді деп айтуға болады. Себебі қазірдің өзінде оқушылар арасында ойынға қызығушылық артып, ұлттық ойынның танымалдығы өсуде», - дейді Асық ату ойындары федерациясының президенті.


Бұл бұйрық шыққаннан кейін тек Нұр-Сұлтан қаласының 10 асықшысы Қазақстан Республикасының спорт шебері және 12 жас спортшы спорт шеберіне үміткер болған.

«Асық ойындарынан спорттық атақтар беріледі дегеннен кейін көпшілік адамдар елең етіп жатыр. Қазіргі кезде елорда құрамасында 10 спорт шебері және 12 спорт шеберіне үміткер бар. Бұл Қазақстандағы барлық өңірлерді қосқанда ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Мұны естіп жатқан оқушылар біз де спорт шеберіне үміткер болсақ, асықты қашан ойнаймыз деп қызығушылық танытып жатыр. Әрине, жарыстар болады. Соңғы жылдары пандемияға байланысты көптеген шаралар және жоспарларымыз тоқтап қалды. Осы жерде айта кетейін білім басқармалары ұйымдастырған Мектеп лигасы, Гимназияда сияқты жарыстарда 1-2-інші орын алғандарға да тиісті атақтар беретін боламыз. Бұл өз кезегінде балалардың асыққа деген қызығушығын арттырып, оны жаңа бір деңгейге көтеруге ықпал ететін болады», - деді Ескендір Рахметов.



Бір өкініштісі бүгінде асық спортынан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атығына ешкім үміткер бола алмай отыр.

«Мұның себебі бұл атақты алу үшін асықтан Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері болу керек. Асықты бірнеше жыл қатарынан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қатарына кіргізе алмай келдік. Алайда асық жанашырларының жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде асық ату және бес тас ойындары 2021 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатарына кірді. Әлемдегі карантин жағдайына байланысты ойын келесі жылға ауыстырылып жатыр. Енді көшпенділер ойынында қазақстандық команда топ жаратын болса оларға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілетін болады», - деді федерация президенті.

Е. Рахметовтың айтуынша, ендігі мақсат асықтан Азия чемпионатын ұйымдастыру.

«Бұл халықаралық шараны ұйымдастыру үшін тағы 4 мемлекет яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан сынды елдер Асық ату федерацияларын ашуы керек. Қазіргі кезде Моңғолияда, Якутияда, Қырғызстанда және Қазақстанда асық ойындары федерациялары бар», - деп толықтырды ол.


Соңғы жаңалықтар