Қазақстанда алғаш рет 1-11 сыныптарға арналған қазақ тілінің деңгейлік оқулықтары шығарылды - БҒМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда алғаш рет жаңа әдістеме бойынша 1-11 сыныптарға арналған баламасыз қазақ тілінің деңгейлік оқулықтарын шығарды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте оқулықтардың сапасы және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз етуге арналған Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.

«Көптілділік білім беру моделі қалыптасты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне оқыту үлгісі білімнің аралық деңгейлерін қамтитын болады. Осыған орай, алғаш рет Қазақстанда 1-11 сыныптарға арналған қазақ тілінің деңгейлік оқулықтары дайындалып отыр. Жаңа оқулықты біз бүгін депутаттарға да таратып бердік, бұл жаңа әдістеме бойынша әзірленген баламасы жоқ оқулықтар», - дейді министр. Оның айтуынша, әр сыныпқа арналған әдістемелік жиынтық оқулықтан, мұғалімнің әдістемелік құралынан, жұмыс дәптерлерінен, дидактикалық материалдар жинағы мен сөздіктен тұрады. Сонымен қатар оқулық салмағын азайту мақсатында 1-2 сынып оқушылары үшiн әр тоқсанға бөлек жұмыс дәптерiнiң төрт түрi енгізілген. Ал 3-4 сыныптарда жұмыс дәптерiнiң екі түрi болады. «Бүгінгі күні осы оқулықтардың және олардың жиынтықтарының макеттері республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықта сараптамадан өтуде. Біз осы оқулықтарды алдағы қыркүйекте сынақтан өткiзудi жоспарлаймыз. Содан кейін бiр жыл iшiнде барлық кемшіліктер жойылғаннан кейiн, біз бүкiл мектептердің 1-11 сыныптарында оқулықтарды деңгейлiк оқулықтарға алмастыруды жоспарлаймыз. Айта кетерлігі, бүгінгі күні қазақ тiлi бойынша деңгейлiк оқу бағдарламасы бекітіліп, бiрақ оқулықтар басып шығарылмаған болатын. Осы мәселе қазір толығымен шешіліп отыр», - деді А.Сәрінжіпов. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш деңгейлік жүйе оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеруіне септігін тигізетін болады.

Соңғы жаңалықтар