Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік ұйымдардың 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерінің жалақысы өседі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен алдағы үш жылға шамамен 95 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жалақыны көтеру өз қызметін стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ) (күндіз болу бөлімшелері, оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) жүзеге асыратын негізгі персонал (әлеуметтік қызметкерлер) мен басшы құрамға, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге қатысты болады.

Нәтижесінде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ағымдағы мәннен 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.

Сонымен қатар, МӘМ әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын лауазымдық жалақыға қосымша ақыны 30-дан 40% - ға дейін арттыру арқылы көтеру жоспарлануда.

Қызмет көрсетілетін контингенттің ерекшелігін ескере отырып (жалғызілікті қарттар, мүгедек адамдар, оның ішінде ересектер мен психоневрологиялық аурулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар) әлеуметтік қызметкерлерден жоғары психоэмоционалдық дайындық, күтім және үздіксіз бақылау, оңалту рәсімдерін жүргізу талап етіледі.

«Бұл жыл барлығына қиын болды. Біздің әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде іс жүзінде тұрды, ерекше контингентпен жұмыс жасады. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және олардың маңыздылығын түсінеміз. Бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлердің тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.


Соңғы жаңалықтар