Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету жолдары кеңейтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік қызмет көрсетуге мемлекеттен бөлек, жеке сектор мен үкіметтік емес ұйымдар бірдей жұмылдырылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мақсатында бірқатар өзгертулер қарастырылып отыр. Бұл үшін «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңға уәкілетті органның құзыретін нақтылау көзделіп отыр. Оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мониторинг жүргізу тәртібін және қаржыландыру тәртібін әзірлеу мен бекіту құзыреттері бойынша түзетулер бар.  Бұл түзетулер әлеуметтік қызмет көрсетуге тек қана мемлекеттің емес, сонымен қатар азаматтардың, отбасы мүшелерінің, жеке сектордың және үкіметтік емес ұйымдардың бірдей қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары жаңғыртылып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің ұйымдары мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың бірыңғай регистрін қалыптастыру көзделіп отыр. Нәтижесінде жеке секторды кеңейту арқылы  әлеуметтік қызмет көрсету сапасы артады», - деді министр.   

Бұдан басқа, нормативтік-құқықтық базаны жаңарту үшін әлеуметтік саладағы заңнаманы инвентаризациялау нәтижесінде бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Осылайша, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға міндетті әлеуметтік төлем төлеушілер  санаттарын нақтылайтын түзетулер енгізілді. Яғни «ҚР-дағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңдағы міндетті зейнетақы жарналарын төлеушілер және ҚР Салық кодексіндегі жеке табыс салығын төлеуге арналған агенттер сияқты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде аударым жасайтын адам санаттары реттеліп отыр. Оларға әлеуметтік аударымдарды төлеуші - жұмыс беруші, жеке кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, заңгер, кәсіби делдал, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары жатады.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар