Қазақстанда алаяқтық әрекеттер саны артып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика бойынша алаяқтық әрекеттердің саны артып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Нұрмағамбетовтың айтуынша, елімізде алаяқтық ұрлықтан кейін екінші орында тұр. Ағымдағы жылы соңғы 8 айда 19 278 алаяқтық әрекеттер тіркелген. Өткен жылы одан аз болған.

«Осы уақытқа дейін 5 592 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Статистика бойынша 8 айдың ішінде заңды тұлғаларға қатысты 167 алаяқтық әрекеттер тіркелді. Былтыр ол көрсеткіш 61 болған. Соның ішінде 31 іс сотқа жолданса, 29 іс тоқтатылды. Жалпы, одан 4,4 млрд теңгенің шығын келді. 3,3 млрд теңге қайтарылды», - деді Қ.Нұрмағамбетов «Атамекен» ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, зардап шеккендердің көбі тиісті құжаттарды дұрыс тексермейді, я болмаса, өз аңқаулығынан алданып қалады.

Айта кетейік, кеңестің бүгінгі отырысында кәсіпкерлер арасындағы келісімшарттарды орындау мәселесі қаралды.

Бүгінде «Атамекен» палатасына түсетін арыздардың ішінде бизнесмендер арасындағы дауларға қатысты шағымдар аз емес. Олар бір-біріне ақша төлемейді. Тіпті, серіктестік келісімін рәсімдесе де, алаяқтық жолмен әріптестің мүлкін ұрлау фактілері де бар. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің келісімшарт міндеттерін орындай алмауына мемлекеттік органдар да кінәлі. Олар ақшаны уақытында бермейді. Содан бизнесмендер өз әріптестеріне ақшаны төлей алмай жүреді.

«Мәселен, бизнесмен тендерді ұтып алады. Ал мемлекеттік орган оған ақшаны төлемей қойды. Содан бүкіл тізбек кете береді. Кәсіпкер өз әріптесіне ақша бере алмайды. Солай ары қарай кетеді», - дейді Б.Палымбетов.

Осы орайда Р.Жүрсінов маңызды бір мәселені еске салды.

«Бізде мемлекеттік органдардың бірінші басшысы ауысса, бірден барлық келісімшарттар жойылады. Әкім, министр болсын, келісімшарттарды бірден бұза салады. Өте қызықты үрдіс...», - дейді Р.Жүрсінов.

Соңғы жаңалықтар