Қазақстанда ақылы жолдарды енгізу мерзімі белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Зияткерлік көліктік жүйесі құрылуда. Бұл жайында Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көлік тасқындарын басқарудың тиімділігін, тасымалдаудың қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ қозғалыстың жылдамдығын арттыру үшін қазіргі уақытта Министрлікпен авиатасымалдау, жол құрылысы және көлік саласында бірнеше жүйелерді құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осы үшін кезең-кезеңмен ендірілетін 11 компоненттен тұратын Зияткерлік көліктік жүйесі (ЗКЖ) құрылуда», - деп тоқталды министр.  

Осы орайда бірінші компонент негізгі көлік дәліздерінде орнатылатын арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарына арналған.

«Бұдан басқа, автожолдарды пайдалану үшін қаражаттарды жинақтауды автоматтандыру бойынша техникалық шешімдер Кешені құрылуда. Өздеріңізге белгілі, аталған жүйе 2013 жылдан бері Астана-Щучье учаскесінде ойдағыдай қызмет етуде және жыл сайын 1,2 млрд теңге қаржы жинақталады, ол аталған жолды күтіп-ұстауға кететін барлық шығындарды өтейді. Биыл жыл сайынғы қаражат жинақталуы 3,9 млрд теңгені құрайтын жалпы ұзақтығы 469 шақырымдық  «Алматы-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» учаскелерінде төлемақы алу жүйесін енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, жалпы ұзақтығы 5,5 мың шақырымдық 13 учаскеде төлемақы алу жүйесін жобалау бойынша жұмыстар аяқталуда. Жалпы, 2020 жылға дейін төлемақы алу жүйесін 16 учаскеде енгізу жоспарлануда», - деді министр.

Белгілі болғандай, жолдардағы жағдайдан жүргізушілерді ақпараттандыруға мүмкіндік беретін жол қозғалысын басқару жүйесі, автожолдар жанында метеобекет желісі арқылы климаттық жағдайларды болжау мен талдау жүйесі, бейне-мониторинг және ЖЖЕ бұзушылығын анықтау жүйесі (бейне және фотоанықтау үшін камералар желісі) мен басқа да қажетті қадамдарды қамтитын өзге компоненттерді жүзеге асыру 2018-2022 жылдар аралығында кезең-кезеңмен енгізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар