Қазақстанда ақылы жолдар сапасы мен жол бойындағы инфрақұрылым дами түспек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі ақылы жолдардың сапасы одан әрі артып, жол бойында инфрақұрылымдар жетіле түседі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ақылы жолдар дирекциясы директорының орынбасары Сәкен Әділбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда ақылы жол алғаш рет 2013 жылы «Астана - Щучинск» тасжолында енгізілді. Жыл өткен сайын олардың саны арта түсті. Жол ақысын төлеудің бірнеше әдіс-тәсілі бар және алдын ала төлеуге де болады. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін онлайн төлем де қарастырылған. Жолаушылардың бәрі бірдей емес, кейін төлеймін деп өтіп кететін адамдар да бар. Оларға кейін жол ақысын төлеу туралы хабарлама жіберіледі. Және дәлел ретінде көлік жүргізушінің бекеттен төлемей өткені бейнебақылауға жазылады. Егер біз жіберген хабарламаға құлақ аспай, ақылы жол құнын төлемеген жағдайда әкімшілік айыппұл салынады», - деді Сәкен Әділбеков «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұйымдырған баспасөз туры барысында.

Оның айтуынша, айыппұлдың құны заңды тұлғалар үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 3063 теңге), ал жеке тұлға үшін 5 АЕК.

«Ақылы жол тарифіне келсек, жеңіл автокөліктер үшін 1 шақырым жол – 1 теңге. Ал ауыр жүк көліктер үшін баға бөлек. Және ауыр жүк көліктерінің өзі түріне қарай ішінара бөлінеді. Яғни баға жүк көлігінің салмағына байланысты, салмақ көп болған сайын, баға да жоғары. Дегенмен мәселе бағада емес. Бастысы жолаушылардың қауіпсіздігі. Біздің компанияның мақсаты да сол. Елімізде ақылы жолдар мен оның бойындағы инфрақұрылымды дамытуға қатысты жұмыс одан әрі жалғасын табады. Біздің алдымызда ақылы жолдар сапасы мен жол бойындағы инфрақұрылымды жетілдіріп, дамыта түсу міндеті тұр», - дейді ол.

«ҚазАвтоЖол» компаниясы өкілінің мәліметінше, бүгінде елімізде 11 ақылы жол учаскесі бар. Барлығы 2134 шақырымды құрайды.

Бұған дейін аталған компаниядан ақылы жолдың құнын алдын ала төлегендерге 50% жеңілдіктің бары айтылды.


Соңғы жаңалықтар