Қазақстанда ақылы жолдар саны артады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Келесі жылдан бастап еліміздегі ақылы жолдар саны көбейіп, бүгінде бірқатар өңірде республикалық маңызы бар автобандарға жолақы жинайтын жүйе орнатылып жатыр. Ақылы жолдардың қатарына «Шымкент –Ташкент» жолы да енгізіліп, сынақ режимінде осы жүйеге қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, инвестициялық байқаудың қорытындысы бойынша 3 бірдей компаниямен келісімге қол қойылған. Олар ұзындығы 11 мың шақырым болатын жолдарда ақы жинау жүйесін қосумен және қызмет көрсетумен айналысады.

Биыл мұндай құрылғылар еліміздегі жолдардың 5,8 мың шақырым учаскісіне орнатылған. Атап айтсақ, «Ақтөбе – РФ ш-сы (Орынборға)», «Орал – РФ ш-сы (Саратовқа)», «Орал – РФ ш-сы (Самараға)». «Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан ш-сы», «Тараз – Қайнар», «Қостанай – РФ (Троицкке)», «Павлодар – РФ ш-сы (Омбыға), «Қапшағай – Талдықорған», «Нұр-Сұлтан – Қостанай», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Павлодар – Семей», «Орал – Ақтөбе», «Ақтөбе – Қарабұтақ».


Жолдың қалған 5,2 мың шақырымында қайта құру жұмыстарының аяқталуына қарай, 2024 жылға қарай іске қосу жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін 99 бақылау аркасы орнатылып, олар толықтай инвестордың қаражатына салынбақ. Әрбір бақылау аркасында тіркеу және шолу жасайтын камералар, өнеркәсіптік компьютер мен аппараттық шкаф, лазерлік қашықтық өлшеуіш пен үздіксіз қуат беру көзі ретіндегі литий-йонды аккумуляторлар болады.

Сала мамандары кей жерлерде күн батареяларымен баламалы қуат көздері қойылып, ұялы байланыс та қамтамасыз етілетінін атап өтуде. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін ескерген мамандар елімізде IRAP халықаралық бағалау жүйесі енгізілетінін айтады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жағдайды реттеу үшін Дүниежүзілік банктің қолдауымен Швецияның SweRoad компаниясымен және Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтымен келісімшартқа қол қойды. Жоба аясында 6200 шақырым қалалық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бағалаудан өткізілмек. Бағалау түсірілімдерін «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК білікті мамандары орындамақ. Олар әр 100 метр сайын жолды 50-ден астам параметр арқылы өлшеп, тіркейді. 5 балдық шкала бойынша автомобиль ішіндегі жол жүрісіне қатысушыларға, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге, мотоцикл жүргізушілеріне және велосипедшілерге бөлек тағайындалады. Бағалау аяқталғаннан кейін әрбір жолдың рейтингі анықталады. Осылайша жол апаттарын, өлім-жітімді азайту үшін, кемшіліктерді жою үшін іс-шаралар қолға алынбақ. Оған арнайы инвестициялық жоспар жасалмақ. Айта кетейік, елімізде өткен жылы 2373 адам жол апатынан көз жұмған. Бұл дегеніміз, әрбір 100 мың адамның 13-і жазым болып жатыр деген сөз.


Соңғы жаңалықтар